Параспортшылар ағаш отырғызды

Елордалық параспортшылар ауқымды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінің маңында ағаш отырғызды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Елорда» спорт клубының өкілдері Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде бас қосып, алдағы жоспарларды талқылап, шырша егу шарасына қатысты.
«Біз «Елорда» клубының параспортшыларын толғандыратын өзекті мәселелерді талқылаған үлкен кездесу өткіздік. Алда әлі де үлкен мақсаттар тұр – даму шексіз. Ағаш отырғызу акциясы осы басқосудың қорытынды бөлігі болды. Бұл – игі істердің нышаны ғана емес, үміт пен болашақ жетістіктердің символы. Оның үстіне, 30 мамыр мен 12 маусым аралығында Астанада тірек-қимыл аппараты, көру қабілеті және интеллектуалды даму ерекшелігі бар спортшылар арасында Қазақстан Республикасының VII Параспартакиадасы өтеді», – деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит.
Экологиялық акцияға қатысушылардың арасында 2020 жылы Токиода өткен Паралимпиада ойындарының бесінші орын иегері, 2023 жылғы Азия ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2024 жылғы Париждегі Паралимпиада ойындарының қатысушысы, паражүзуші Сиязбек Далиев те болды.
Оның айтуынша, параспортшылардың қаланы көгалдандыруға қатысуы – бұл мүмкіндігі шектеулі жандардың Президент бастамаларын қолдайтынын және экологиялық мәдениетті дамытуға ұмтылысын көрсетеді.
«Паражүзу спортымен 16 жылдан астам уақыт бойы айналысып келемін. Белгілі жетістіктерге жеткеннен кейін, өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі болу – менің парызым деп есептеймін. Мүгедектік – бұл үкім емес, ал табиғатты қорғау – әр адамның, оның физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, борышы», – деп атап өтті ол.