Парасат биігінде

Баласағұндық Жүсіптің «Құтадғу білік» еңбегінде мәртебелі мамандық иелері төңірегінде: «Ұстаз-ғалымдар қауымы – халыққа ғылымымен жарық берушілер. Оларды қатты жақсы көр, сөзін құрметте. Көп болсын, аз болсын, білімін үйрен» дейді. Мыңжылдықты артқа тастап айтылған сөз болса да, құндылығы сол қалпында. Бүгін осындай мәңгілік мәнін жоймайтын сөздің алтын арқауына айналған ұстаз-ғалым жайлы сөз қозғамақпыз.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультеті телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекова өмір жолын медиаөндірісте қызмет ететін білікті мамандар даярлауға арнап келеді. Ұстаз-ғалымның ғұмырдариясы өзі еңбек еткен саланы дамытуымен, оған жаңа леп әкелуімен мәнді.
Алдымен Гүлмира Шайтмағанбетқызының жастығының куәсі, альма-матері – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне тоқталғанымыз жөн болар. Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Намазалы Омашев, Қырықбай Алдабергенов, Кәкен Қамзин, Камал Смайылов, Бауыржан Жақып, Бауыржан Омаров сынды марғасқалардың мектебінен өткен білімге құштар жанның осал болуға да хақысы жоқ еді. Қазақ журналистикасының тарихын, қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдарын бір ізге түсіріп, БАҚ-тың әр тармағын зерттеу нысанына айналдырған, жанр мен пішінді жіктеген ғалымдар ғылымның шырмауық жолында адаспай, өзінен кейінге буынға жол көрсете білді. Ұсталар шеберханасының талабы да қатал болатын. Сол сыннан сүрінбей өткен алғыр шәкірт бакалаврда ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омаровтың жетекшілігімен диплом жұмысын, көптің тісі батпайтын, ел талапшылдығын аңыз қып айтатын Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, филология ғылымдарының докторы, әйгілі ғалым Темірбек Қожакеевтің жетекшілігімен магистрлік жұмысын қорғады.
Қазақ ұлттық университетінен журналистиканың бакалаврын, магистратурасын үздік тәмамдаған Зухра Нұрмағанбетова, Гүлмира Әшірбекова, Асыл Оразова, Аягөз Әбдіразахова Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының жанынан ашылған журналистика мамандығының қазығын қақты.
2007 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақыптың жетекшілігімен «А.Тоқмағамбетовтің публицистикасы» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, ғылымдағы жолын мөрледі.
Жоғары оқу орны қабырғасында «Қазақ журналистикасының тарихы», «Сыр журналистикасының тарихы мен тәжірибесі», «Публицистикалық шығармашылық негіздері», «Журналистік шеберлік», «Мультимедиалық журналистика» секілді пәндерден дәріс оқыды. Ұлт қайраткерлерінің жанкешті әрекеттері мен шығармашылық мұрасы, публицистикалық шеберхана, жазу машығы, заманауи журналистік трендтер төңірегіндегі құнды ізденістері мен пікірлері шәкірттерінің санасына сәуле түсірді. Шәкірт тәрбиелеумен қатар, Сыр руханиятының дамуына да сүбелі үлес қосты. «Сырдария кітапханасы» сериясымен жарық көрген 200 томдық жинақтың редакторы болды. 2012-2014 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша «Сыр өңірі журналистикасы: тарихы, қалыптасуы, даму кезеңдері» ғылыми жобасы аясында аймақтық журналистикаға қатысты тың деректерге қол жеткізіп, оны ғылыми айналымға енгізді.
Қорқыт ата атындағы университетте дәріс оқи жүріп, баспасөзбен байланыстан да қол үзген жоқ. Республикалық педагогикалық, ғылыми-әдістемелік «Тағылым», «Тұрмағамбет», «Базар жырау» журналдарында жауапты хатшысы, бас редактордың орынбасары ретінде қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ республикалық Alashinform.kz ақпарат агенттігінде қызмет етіп, заманауи редакцияның жұмысын жандандырды, конвергентті редакцияға тән дағдыларды меңгертті. Мәдени мұрамызды жаңғыртуға бағытталған Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының «Ақпарат толқыны» бөлімін екі жыл басқарды.
2019 жылы алғашқы астанамыздан бүгінгі астанамызға көш түзеді. Елорда төріндегі ұлттық университеттің баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі қызметіне келді. Жаңа ғылыми ортаға жаңа серпін әкелді. Атап айтсақ, «Медиаөнер» білім беру бағдарламасын әзірлеу арқылы өнермен сабақтас журналистикаға қызыққан студенттерді бір ортаға жинады. Биыл осы мамандықтың алғашқы қарлығаштары қанат қағады. Сонымен қатар аталмыш білім беру бағдарламасына және халықаралық журналистикаға сұраныс артуына байланысты олардың магистратурасын ашты.
Қауымдастырылған профессор бүгінде 50-ге жуық ғылыми еңбектің авторы. Шәкірттерінің жүрегінен жол таба білген ұстаздың айналасын қаумалай, құнды кеңестеріне құлақ түретін студенттері де баршылық. Басты бағдаршамымыздың қамқорлығы, ғылым жолындағы жанашырлығы, бағыт-бағдар беруінен нағыз ұстаз бейнесінің қандай болатынын ұғындық.
Гауһарай ЕСІМОВА



