Парасат биігінде

Таяуда Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында «Еңбек адамы» атты сырласу кеші өтті. Бұл жолы жиналған жұрт еларалық, қоғамдық-саяси, тарихи-мәдени, рухани-танымдық «Әлем қазақтары» басылымымен танысты. Журналдың кезекті шығарылымында жұртшылыққа жақсы таныс көрнекті қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлының өнегелі өмір жолы баяндалады. Оған себеп – мемлекет қайраткері, тарих ғылымының докторы, академик, профессор Өмірзақ Озғанбайұлының шығармашылық кеші.
Сырласу кешін жүргізіп отырған модератор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Ысқақ ақындық әсермен, тілдің ғажап тіркестерімен қисынын тауып, қиыстырып, Өмірзақ Озғанбайұлының өмір жолы мен атқарған күрделі қызметтерін жиналған ардагер қауымға тебірене жеткізді. Еліне кеңінен танылған азаматтың парасаттылығы мен адалдығы туралы аз айтылмады.
Халық танитын қайраткердің бірқалыпты биязы мінезі қашанда жұрт көңілінен шыққанын ешкім жасыра алмады. «Әлемдегі ең керемет адам – көркем мінезді адам» деп бекер айтылмаса керек. Басқаша айтсақ, көркем мінез деген – адамның адамгершілігі. Адалдығынан айнымаған адам қандай жұмыста жүрсе де, қандай ортада болса да өз қадір-қасиетінен айырылмайды, қадірін кетірмейді, сабырын жоғалтпайды. Осындай мінезінің арқасында Өмірзақ Озғанбайұлы – парасат мінбесінен түспей келе жатқан тұлға.
Мазмұнды кеште алғашқы сөз Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловке берілді. Қала ардагерлерінің басшысы «Әлем қазақтары» баспасының шет жерлерде тұрып жатқан миллиондаған қазаққа, олардың өсіп келе жатқан жас ұрпақтарына еліміздің жетістігін, мәдениетін жеткізіп отырғанына және осы журналдың бір саны қадірлі азамат Өмірзақ Озғанбайұлына арналғанына ризашылығын білдірді. Бұдан кейін жүрек жылуын жеткізген – шығармалары бірнеше тілге аударылған жазушы, жақында ғана жарық көрген «Қан кешкен ханзадалар» атты кітаптың авторы Жәди Шакенұлы. Ол кезінде шеттен келген қазақтарды бауырына басқан адамның бірі Өмірзақ Озғанбайұлы екенін айтып өтті.
Жиналған көпшілік кештің кейіпкеріне, емен-жарқын жүздесуді ұйымдастырған жандарға, арнайы келіп домбыра шертіп, ән салған танымал өнер тарландарына дән риза көңіл күймен, ерекше сезіммен тарасты.
Баянды ӘЛПИ,
Алматы ауданы
Ардагерлер кеңесі
медиатобының мүшесі



