Ел тынысы

Отбасы банк Қазақстанда ислам ипотекасын іске қосу мүмкіндігін қарастыруда

Отбасы банк Қазақстанда ислам ипотекасын іске қосу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Осыған қатысты lsm.kz порталының ақпарат таратты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ислам ипотекасын енгізу үшін тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы заңға өзгеріс енгізу қажет екен. Қазір бұл өзгерістер мемлекеттік органдарда қаралып жатыр.

Бұл ипотеканың басты ерекшелігі — дәстүрлі пайыз болмайды. Банк табысын жалдау немесе үстеме ақы арқылы алады. Қарапайым тілмен айтқанда:

Банк берген ақшасына процент қоспайды. Оның орнына үйді өзі сатып алып, клиентке уақытша жалға береді. Клиент ай сайын сол үйде тұрғаны үшін «жалға алған» ақысын төлейді. Осы төлемнің ішінде банктің табысы да болады.

Үстеме ақы — банк үйді сатып алған бағасына белгілі бір мөлшерде өз пайдасын қосып, клиентке бөліп төлеуге беретін тәсіл. Яғни, банк пайыз есептемейді, бірақ үйді бастапқы бағасынан сәл қымбатырақ сатады. Клиент сол соманы тек бөліп төлейді.

Төлем кешіккен жағдайда айыппұл банкке емес, қайырымдылыққа бағытталуы мүмкін.

Үйді сатып алу, жалға беру және кейін сатып алу сияқты операциялар әрқайсысы бөлек келісімшартпен рәсімделеді.

Қазақстанда 2 миллионнан астам адам баспана жағдайын жақсартқысы келеді, бірақ кей азаматтар шариғат талаптарына байланысты қазіргі ипотеканы пайдаланбайды.

Осы бағытты дамыту үшін Отбасы банк пәкістандық Meezan Bank Limited банкімен тәжірибе алмасып, әріптестік орнатқысы келеді.

Яғни, ислам ипотекасының бірнеше үлгісін әзірлеп көрмек. Сондағы негізгі механизмдер:

мурабаха — банк үйді сатып алып, үстеме қосып, бөліп сатады;
иджара — үйді жалға беріп, кейін сатып алу мүмкіндігі ұсынылады;
мушарака мутанакиса — банк пен клиент үйді бірге сатып алып, кейін клиент банктің үлесін біртіндеп өтейді.

Сол үшін Отбасы банк ішінде ислам қаржысын енгізуге арналған арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар қазір осындай өнімдердің арнайы концепциясын әзірлеп жатыр. 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button