«Осал өмір емес қой отыз бес жас»

Егемендіктің елең-алаңы талай-талай елдік істерге қозғау салып бергені белгілі. 1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация республика Кеңес Одағы құрамында тұрған кезде қабылданса да, ондағы Қазақстан заңдарының одақтық заңдардан басымдығы, елдің аумақтық тұтастығы, шекарасына қол сұғылмайтындығы, сыртқы экономикалық және сыртқы саяси байланыстарға құқылығы, төл Қарулы күштерін құру мүмкіндігіне ие болуы, республика азаматтығының берілуі сияқты түбірлі де түбегейлі қағидалар оны қабылдау толық тәуелсіздікке бастайтынын, жаңа, егемен мемлекет құрудың тетігін қолға ұстататынын көрсетіп тұрған еді. Сол құжаттың жобасын республика Жоғарғы Кеңесі талқылай бастағаннан-ақ (қыркүйек-қазан айлары) Қазақстанның өмірінде елеулі өзгерістердің орын алуы жиілей берген еді.
Тәуелсіздік табалдырығындағы жақсы жаңалықтың бірі – Целиноград қаласында «Ақмола ақиқаты» деген атпен қалалық газеттің ашылуы. Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде «Сол тұста қаланың ресми атауы – Целиноград, ал газеттің «Ақмола» атауымен шығуы тарихи әділеттілікке шақырған рухани ишара іспетті. Уақыт та көп ұзамай осы ақиқатты танытты, Арқаның төсіндегі шаһардың байырғы Ақмола атауы ресми қалпына келді» деп орынды жазылыпты. Енді, міне, Арқа төсіне егемендіктің қарлығашындай болып жеткен басылымның шыға бастағанына да 35 жыл толып қалыпты.
Газет тойының Республика күні қарсаңында, Егемендіктің 35 жылдығымен қатар аталуы өте жарасымды. Еліміздің бас газетінің үлкен мектебінен өткен, тәжірибелі қаламгер Еркін Қыдыр басқарып отырған ұжымның алар биіктері алда деп білеміз. Бұрынырақ жоспарланып қойған сапарымызға байланысты газет тойына ортақтасуға мүмкіндік жоқтықтан, басылымдағы бауырларымызға бір ілтипатымыз, мерекемен құттықтауымыз болсын деп осы естелікті жазуға бекінген жайымыз бар.
Журналистік жолымыз осы газеттің тарихымен де байланысты екенін той тұсында разылықпен еске аламыз. Бұл байланыстың қос қырының біреуі – газеттің кадрлық құрамына ықпал жасау, екіншісі – қаламгер ретінде газет жұмысына тікелей атсалысу. Былай болған еді.
Мен Ақмолаға 1997 жылдың жаз айында келдім. Онда «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вице-президенті қызметіндемін. Жаңа астанаға ауысудың дүрмегі басталып жатқан кез. Ұзаққа созылатыны алдын ала ескертілген іссапарымның негізгі мақсаты – «Қазақстан» телеарнасының Ақмола филиалының жұмысын жаңаша жолға қою, соның ішінде «Ақшам» ақпараттық бағдарламасын болашақ астанадан шығаруға дайындық жасау. Жұмысқа бел шеше кірісіп кеткен алғашқы айлардың өзінде осындағы зиялы қауымның біраз өкілімен танысып үлгердік. Соның бірі – филиал қызметкері, танымал қаламгер Алдан Смайыл. Көп ұзамай үйіне де шақырды. Жұбайы – Жұмагүл Саухат та журналист екен, сол жылы аты «Астана ақшамы» деп өзгертілген қалалық газеттің бас редакторы. Күндердің бір күнінде сол Жұмагүл маған қолқа салды. «Ұжым жас. Белді журналист аз. Қолдан келгенше шығарып жатырмыз газетті. Сонда да бір серпіліс керек бізге. Сіз Алматыдан келдіңіз ғой. Журналистерді жақсы танисыз. Кімнің кім екенін білесіз. Маған бірінші орынбасарлыққа бір адам ұсыныңызшы. Қала әкімімен қарым-қатынасым жақсы. Көп ұзатпай пәтер алуын да қамдар едік» дейді. Көп ойланған жоқпын. Әрі досым, әрі көршім, зергер журналист Жанболат Аупбаев ол кезде «Ақиқат» журналында бас редактордың бірінші орынбасары қызметінде істейтін. «Бірінші орынбасар» деген лауазымын малданбаса, ұлы көшке ілесіп, Ақмолаға келуге қарсы болмауға тиіс. Өзі де солай шықты. Жұртта қалғандай көңіл күймен жүр екен. Келісті. Кейін бір мақаласында Жанболат бұл оқиғаны былайша жазған: «Кешке Сәкеңнің үйіне келіп амандасқанымда «Қайда тұрасыз? Жатақханада жайыңыз келіспес, біздің үйде тұрыңыз» деді. Ол кезде Мәрия әлі мұнда келмеген. Мектеп жасындағы балаларымен Алматыда тұрып жатқан. Осыны есіме алған мен: «Семьям сенімді болсын. Сізбен бірге тұрайын» деп жауап бердім».
Жастайынан «Лениншіл жастың» көрігіне түсіп, шарболаттай шыңдалып шыққан Жанболат газеттің жұмысын алғашқы апталардан-ақ жандырып жіберді. Кездескен сайын Жұмагүл де разылығын айтып қоятын. Сөйтіп жүргенде… Бір күні Жәкең телефон соғады: «Мені министрлік «Егемен Қазақстанның» бас редакторының орынбасары қызметіне шақырып жатыр. Алматыға билет алғалы тұрмын. Өзіңіз білесіз ғой, әкім үй береді деген уәде де созылып кетті». «Тамаша. Тартынбаңыз. Келесі жылы ма екен, «Егемен» де Астанаға келеді. Пәтерді сол жақтан аласыз енді» дедім. Өзі де кейін солай болды. Айтқандай, сол тұстағы бір әзілімді келтіре кетейін. Жақсы хабар жата ма, әлгі әңгімеден кейін іле-шала-ақ журналистердің бірі телефондайды: «Естіп жатырмыз, досыңызды жоғарылатып жіберіпсіз» дейді. «Министрмен жақсысыз ғой, сіздің көмегіңіз ғой» деген емеуріні. Ал мен ол хабарды жаңа естіп тұрмын. Түк қатысым жоқ. Жаңағы жігітке: «Үйіңде сегіз айдан бері жатқан адамнан құтылу үшін не істемейсің?» деуге тура келді…
Енді Жұмагүл қайтадан өтініш айтты. «Жәкеңді жақсы тауып беріп едіңіз. Қайтейін, бізге сыймады. Тағы бір адам ұсыныңызшы. Сізге сенемін» дейді. Бұл жолы таңдауым Дидахметке түсті. Ол да студенттік шақтан келе жатқан дос. Дидахмет Әшімханов – мықты жазушы ғана емес, мықты журналист те. «Түркістан» газетінде Қалтай Мұхамеджановтың оң қолы болып отыр. Ұйымдастырушылық қабілеті де жақсы. Әйтсе де ол менің айтқаныма қолқ ете түспеді. «Осындай ұсыныстан адам бас тарта ма екен? Астанадан пәтер аласың, Алматыдағы үйің жігіт болып қалған балаңа қалады» деп, Жанболатқа бергелі жатқан үйін әкім оның орнына келетін адамға жақын күндерде бергелі жатқандай етіп айтып, әйтеуір, Дидашты көндірдім. Келісті. Дидахметтің газетке келуі де басылым жұмысына тың серпін қосты. Бірақ… қалаға сыйыспай-ақ қойды. Жерсінбейді-ау, жерсінбейді. Кездессең болды, айтатыны – тау. Қатонқарағайдың тауы, Алматының тауы. «Қайдан шақырдың?» деп тіке айта қоймағанымен, көңілінің қоңылтақсуын бір аңғартпай қалмайды. Ақыры Арқадан барқадар таппады. Әкімнің беруі шынында да жақын-ақ қалған пәтеріне де қарамады. Бала күннен жан досы Әлібек (Асқаров) айтса да көнбеді. Осында Әділбек деген журналист балдызы бар еді, ол айтса да көнбеді. Кетіп тынды. Кеткенімен қоймай, Алматыға барған соң бір жолдасы: «Сені түсінем, тауда тудың, тауда өстің, өмір бойы табиғат аясында жүрдің. Ол жақта табиғат та онша емес қой» десе, Дидаш: «Онша емесің не, онда табиғат жоқ қой» дейтін көрінеді… Рухы еркін жігіт еді.
Біреуі бір себеппен, екіншісі басқа себеппен редакцияда ұзақ істемегенімен, сол аз уақыттың аясында-ақ кәнігі кәсібилер ретінде Жанболат пен Дидахметтің газет тарихында ізгі із қалдырғаны талассыз.
Енді қаламгер ретінде газет жұмысына атсалысудың жайына келейін.
Жазатын адам жазбай тұра алмайды. Республикалық телерадио корпорациясының бірінші вице-президенті деген әжептәуір лауазымда жүргеніңмен, негізгі жұмысың телетүсірілімді, радиохабарды ұйымдастырудың бітпейтін де қоймайтын (экран мен эфир сенбі, жексенбіде де тоқтамайды ғой) шаруасы өз табиғатыңнан – қаламнан алыстатып бара жатқанын сезінген соң жоғары айлығың да, сәнді көлігің де, кең кабинетің де көңіл көншітпейді екен. Сондай бір кезеңде Жұмагүлдің маған айтқан ұсынысы ойымнан дөп түскені. «Бізге жазып тұрыңызшы. Газеттің сапасын жақсартуға көмектесіңізші» дейді. Мен өзім жақсы көретін сұхбат жанрында жұмыс істеуді қалайтынымды айттым.
Алғашқы сұхбат Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қойшығара Салғараұлымен жасалды. Жазушының алпыс жасқа толуы қарсаңында (1999 жыл, 21 қыркүйек) жарияланған ол әңгіме Қойшекеңнің өмір жолын, тарихи тақырыпқа қалай келгенін, Қытайдағы елшілікте жұмыс істеген жылдарында тындырған алапат ауқымды ісін таратып айтуға мүмкіндік берді. Тағы бір жағынан ол сұхбат ағамызбен арамыздағы қарым-қатынастың басын аша кетуге де жағдай жасады. Мәселе мынада. Мен университет бітірген жылы «Социалистік Қазақстанға» орналасқанда ол кісі әдебиет және өнер бөлімінен хат бөліміне ауыстырылған еді. Қаламгерге, әрине, күнделікті күйбеңі де, жүріс-тұрысы да көп хат бөлімінен әдебиет бөлімі ыңғайлы ғой. Алматыдағы талай ақын-жазушының ұйықтағанда түсіне кіретіндей орын емес пе? Содан біртүрлі іштей ыңғайсызданып та жүретінмін. Бірақ Қойшекең сол ауыс-түйістен түптің түбінде өзіне нақты пайда тапқанын ақтарыла айтты. Оқып берейін. Міне, былай деген: «Иә, әдебиет пен өнер бөлiмiне кино, театр, музыка мәселелерiн жазатын адам керек болды да, сен қызметке алындың ғой. Мен хат бөлiмiне ауыстым. Iссапары көп бөлiм едi, үнемi елдi аралап жүресiң. Бiр арыздан соң бiр арыз. Неше түрлi хаттар келедi. Жұрттың жазбайтыны жоқ. Ұлт саясатын жазады, тарихты жазады. Ойлары ол кез үшiн оғаш хаттар да көп. Бәрiмiздiң қызыл коммунист кезiмiз. Партияға сенемiз. Кей облысқа шығарда жаңағыдай жайлар жазылған хаттардың бiр-екеуiн ала кетiп жүрдiм. Сол аудандарға барып, «Мынандай кiсi бар ма? Не кәсiп iстейдi?» десем, аупаркомдағылар: «Ой, ол кiсiнiң денi сау емес, бiзге де неше түрлiнi жазады, бiз жауап қайтарғанды қойғанбыз, бөлек папкiге тiгiп қоя беремiз» дейдi. Абайлап кейбiреуiмен кездесiп, сөйлесiп көрсем – сап-сау. Айтатындары – мектептiң жайы, дiннiң жайы, тiлдiң қорланғаны, ұлттық намыстың аяққа тапталғаны, шын тарихтың халықтан жасырылатыны сияқты нәрселер болып келедi. Мен кетемiн санам сарсаң болып. Осындай әр кездесуден кейiн көңiлiңе күдiк кiре бередi екен. Сөйтiп жүргенде бiр күнi жердi дұрыстап пайдалану деген мәселеге проблемалық мақала жазуға тапсырма алдым. Сол жылдары Марат Сембин деген тарихшы жiгiтпен көршi тұрдық. Кiтапханасы бай, ойлы жiгiт. Әңгiмелесiп отырғанда жерге байланысты бiр тарихи мысал айтып беруiн сұрадым. Марат маған Бичуринде «Жер – мемлекеттiң негiзi» деген ойды жақсы жеткiзетiн бiр әсерлi жағдай баяндалған деп қазiр жұрттың бәрi бiлетiн Мүде туралы әңгiменi айтып бердi». Арғы жағы белгілі.
Былай айтады: «Осы мысал маған қатты әсер еттi. Дереу Бичуриндi сұрап алып, өзiм оқып шықтым. Соны бiтiрген сәтте-ақ санамда бiр төңкерiс болды демегенмен, көп нәрсеге басқаша қарауды шығардым дей аламын. Тiлiмiздiң, дiнiмiздiң мүскiн халге түскенiне, дiлiмiздiң өзгергенiне анық көзiм жеттi. Ең бастысы, мен қазақ жерiне қазақ ие емес екенiн ұқтым! Осыдан кейiн-ақ тiл, тарих, халық тағдыры деген мәселелер өзiнен өзi қордаланып шыға бердi, шыға бердi. Ендi күн сайын жұмыс күнi бiтiсiмен баспахананың асханасынан тамақтана салып, кiтапханаға тартатын болдым. Екi жыл бойы қашан кiтапхана жабылғанша сонда тапжылмай отырып жүрдiм». Дәл солай болғанына мына біз куәміз. Алдымен «Мүдені» жазды. Әрі қарайғы жағдайды өзі былай айтады: «Сонан басталып кеттi ғой. «Алтын тамырды» жұртшылық жақсы қабылдағаннан кейiн тiптi қанаттанып алдым. Екi жыл шамасында «Көмбенi», араға тағы екi жыл салып «Қазақтың қилы тарихын» жаздым. Осы кiтаптарымның бәрi кешегi Кеңес Одағы дүрiлдеп, Компартия күшiнде тұрған кезде жазылғанын, тәуелсiздiк жылдарында ешқандай тарихи көзқарастарымды қайта қарауға тура келмегенiн мақтан етемiн».
Астаналық пушкинтанушы Валентина Кирилловамен (1999 жыл, 18 қыркүйек), тарих ғылымдарының докторы Амангелді Құсайыновпен (1999 жыл, 30 қазан) сұхбаттар да газет активіне қосылды деп санаймын.
Күндердің бір күнінде қалаға Мұрат Әджи келеді екен деген хабар шыға қалды. «Полынь Половецкого поля», «Европа. Тюрки. Великая Степь», «Кипчаки» атты кітаптары бірінен кейін бірі басылып, тосын тұжырымдары, қилы-қилы концепциялары қоғамдық сананы сарсаңға салып, аты дүңкілдеп тұрған автор. Әр кітабы – бестселлер. Таза ғылыми тұрғыдан қарағанда сын көтермейтін тұстары да жеткілікті. Оқырмандармен кездесуден кейін қонақүйде арнайы сөйлесуге ықыластана келісті. Әңгімешіл кісі екен. Арғы-бергіден талай жайды қозғады. Ол кез үшін кәдімгідей жаңалық болған біраз ойларын ортаға салды. Мысалы, Ұлы Қытай қорғанын сол кездегі әміршілер қарауындағы жұрт түркі даласына қашып кете бермеу үшін салдырған деген тұжырымын негіздеп сөйледі. Қытай жылнамаларының бірінде «Ол жақта өмір көңілдірек еді» деп жазылған көрінеді. Соғыс өнерінің мамандары ғұндардан қорғану проблемасын мұнан әлдеқайда аз шығынмен шешуге болар еді, оның үстіне Қытай тарихында ұлы қорған бірде-бір рет қорғаныс мақсатында пайдаланылып көрген емес дейді. Қисыны да келетін сияқты. Тағы бір тұста мынаны айтады: «Орыс мемлекетiнiң өзге ұлттарға көзқарасы өткен ғасырларда дәйiм дерлiк астамшылдық тұрғыда болғанын айтудың өзi артық. Түркi тiлдес халықтарды былай қойғанда, дiнi бар, тiлi ұқсас дейтiн украин ұлтының өзiне жанашырлық жасамаған соң не сұрайсыз? Тағы бiр дәйексөз айтайын. «Қыпшақ даласының жусанында» Екатерина II-нiң қолы қойылған бiр нұсқаудың мынандай сөзiн келтiргенмiн. Онда украиндықтардың ұлттық сана-сезiмiн жаныштау жөнiнде нақты тапсырма берiлген. Мiне, оқиық: «надлежит легчайшими способами привести к тому, чтобы они обрусели и перестали бы глядеть, как волки в лесу». Александр II одан да асып түскен, ол 1876 жылғы 30 мамырда украин тiлiнде жұрт алдында сөйлеуге, ол тiлде кiтап бастыруға, мектепте сабақ беруге тыйым салдырған. Заң жүзiнде!..». Бұл сөзіне түсініктеме жасамай-ақ қояйын. Популизмге бейімдігі бар. Біраз тұста таласып та қалдық. Мысалы, «самоварды» түркі сөзі дейді. «Самоварение», яғни өзi қайнатады деген орыс сөздерi ап-айқын тұрған жоқ па? Қазақ содан шығарып «самаурын» деп сөйлейдi» деймін. Өткен ғасырдың басындағы Карамзиннiң өзi бұл сөздi осылай «сумавар» деп жазған. Мұның түбiрiнде түркiше кәдiмгi «су» деген сөз тұр… «Сумавардың» о бастағы формасы «суағар» болды ма екен, кiм бiледi…» дейді. Өзінің онша сенімді еместігі де көрініп тұрады. Әйтсе де ондай айтқандарын да жарияладым. Әджимен сол сұхбат (2000 жыл, 12 сәуір) біраз адамның көзіне түскені, талайдың менен газет сұрағаны есімде.
Дегенмен басылым беделін көтерген ең елеулі материал деп сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен жасалған сұхбатты (1999 жыл, 18 тамыз) айтқан орынды. Сол материалдан кейін газет басшысы қала әкіміне арнайы кіріп, редакцияның бірқатар мәселелері оңды шешілгенін, онымен де тоқтамай, салалық министрліктің алдына мәселе қойып жүріп, басылымды республикалық көлемде жазылым жүргізілетін тізімге қосуға қол жеткізгенін, сөйтіп «Астана ақшамын» Қазақстанның кез келген облысында жаздырып алуға, жаңа елорданың тыныс-тіршілігін күнбе-күн сезініп отыруға мүмкіндік туғанын жақсы білемін. Бұл да бүгінде 35 жастың биігіне шығып отырған басылымның бұғанасы беки түсуіне кәдімгідей септесін болғандығы сөзсіз.
Мұқағалидың «Отыз бесінші көктемім» деген өлеңі бар. «35 күз, 35 қыс, 35 жаз, Осал өмір емес қой отыз бес жас…» деп келеді. Біле білген адамға бас қаламыз басылымының, Астана айнасының шыға бастағанына 35 жыл толуы да – елдігіміздің бір белесі. Мерейтой құтты болсын, қаламдастар!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ