Ел тынысы

«Орталық Азия – Қытай» іскерлік кеңесінің отырысы өтті

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары аясында Астанада «Орталық Азия – Қытай» іскерлік кеңесінің екінші отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және Қытайдың Халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетінің төрағасы Жэнь Хунбинь қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іскерлік кеңес елдер арасындағы тереңдетілген диалогтың жалғасы болып, өнеркәсіптік кооперацияны, технология алмасуды және инвестиция тартуды кеңейтуге өзара қызығушылық бар екенін растады. Логистика, агроөнеркәсіп, өңдеу өнеркәсібі және жасыл энергетика салаларындағы ірі жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі аясында қол қойылған Инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімнің маңыздылығын атап өтті. Бұл келісім инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау үшін сенімді құқықтық база жасап, өзара капитал салымдарын арттыруға қолайлы жағдай туғызады.

«Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайту бүкіл өңірдің тұрақты экономикалық дамуы үшін аса маңызды. Кеше Қазақстан мен Қытай арасында ҚР СІМ мен ҚХР Мемлекеттік даму және реформалар комитеті ұйымдастырған Екінші индустриялық-инвестициялық форум барысында 24 млрд АҚШ долларынан асатын сомаға 58 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Бүгінгі таңда Орталық Азия елдерінің жалпы ішкі өнімі 500 млрд доллардан, ал халық саны 80 миллионнан асады. Бұл – тек үлкен нарық қана емес, сонымен бірге кооперацияны тереңдету, жаңа өндірістер құру, технология трансфері және үшінші нарықтарға шығу үшін берік негіз», – деді Ә.Қуантыров.

Ол сондай-ақ Қытай Қазақстанның негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан 470 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартса, оның 26,4 млрд доллары Қытайдан келген. Бұл сандар екі ел арасындағы тұрақты және стратегиялық маңызды экономикалық байланыстың дәлелі.

Іс-шара аясында екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Азамат Қожанов және Орталық Азия мен Қытайдың жиһаз және құрылыс материалдары өндірушілер қауымдастығы вице-президенті Гуань Пэйин өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстанда тұрмыстық бұйымдар мен құрылыс материалдарын өндіруге маманданған индустриялық парк құру жобасын көздейді. Жобаның болжамды инвестициялық көлемі 100 млн доллар құрайды және 10 мыңға дейін жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button