«Орталық Азия – Қытай» азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының екінші конференциясы өтті

«Конференция Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы әріптестік қатынастарды нығайтуға, әуе қатынасын кеңейту, өңірдің авиация саласына инвестициялар мен технологияларды тарту жөніндегі жаңа бастамаларды келісуге, сондай-ақ Қазақстанның өңірлік авиациялық хаб ретіндегі рөлін арттыруға ықпал ететін болады. Бұл кездесуді Астанада өткізу азаматтық авиация саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам болып табылады және жаһандық авиациялық картадағы Орталық
Азияның орнын күшейтеді», – деп атап өтті С.Томпиева. Оның айтуынша, 14 тамызда Қытай мен Өзбекстанның авиациялық билігімен екіжақты келіссөздер өтеді.
Қытайдың авиациялық билігінің басшысы Бай Венли Қытайдың бүгінде Орталық Азияның барлық бес астанасына тікелей рейстер жасап жатқанын және аптасына тұрақты жолаушылар рейстерінің саны 151-ге дейін өскенін, бұл 2024 және 2019 жылғы көрсеткіштен екі есе дерлік жоғары екенін хабарлады.
«Өткен жылы біз авиациялық байланыс саласында керемет нәтижелерге қол жеткіздік. Қазақстанмен, Қырғызстанмен және Өзбекстанмен әуе қатынасы туралы келісім кеңейтілді, бұл әуе компаниялардың ұшуы үшін неғұрлым қолайлы жағдай туғызды. China Southern Airlines әуе компаниясы «Эйр Астана» және «Өзбекстан хаво йуллари» әуе компанияларымен код-шерингтік келісімдерге қол қойды, бұл өңірлік маршруттық желілерді кеңейтетін өзара тиімді коммерциялық ынтымақтастыққа ықпал етеді», – деді Б.Венли.
«Конференцияда біз қазақстандық әріптестерімізбен елдеріміздің астаналары мен ірі қалалары арасындағы жиіліктерді ұлғайту туралы уағдаласуды, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы ұшу географиясын одан әрі кеңейту үшін қосымша пункттер қосуды жоспарлап отырмыз», – деді конференция барысында Өзбекстан Көлік министрлігінің Әуе көлігі басқармасының басшысы Джамолиддин Назаров.
Конференцияның негізгі қатысушылары мен спикерлерінің қатарында Қырғызстанның авиациялық билік басшылары – Қанат Толғонов, Тәжікстан – Зарифжон Зарипов бар.
Конференцияның күн тәртібіне ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік- транзиттік интеграцияны дамыту, авиация мамандарының біліктілігін арттыру, Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы халықаралық маршруттық желіні кеңейту, жаңа технологияларды енгізу, экологиялық орнықты авиацияны дамыту саласындағы өзара іс-қимылдың түйінді мәселелері, сондай-ақ құрылған Азаматтық авиацияның Еуразиялық конференциясына (EACAC) қатысушы елдердің өзара іс-қимылы мәселелері кірді. EACAC Қазақстан Республикасының бастамасы бойынша 2024 жылы ИКАО, Еуропалық комиссия, ИАТА және басқа да халықаралық ұйымдар сияқты әлемдік сала институттарымен жұмыс шеңберінде Орталық Азия мемлекеттерінің шоғырландырылған ұстанымын білдіру үшін құрылған болатын.
Анықтама: Азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының С5+1 (Орталық Азия-Қытай) форматындағы бірінші конференциясы Қытайдың Сиань қаласында 2024 жылғы 17-21 маусым аралығында өтті, оның шеңберінде Қытай мен Орталық Азия (C5+1) арасындағы Азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық тетігі құрылды, сондай-ақ прогреске шолу жасау және болашақ ынтымақтастықты жоспарлау үшін жұмыс тобының жыл сайынғы конференциясын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.