Орталық Азия медиа кеңістігінің мәселелері көтерілді

Кеше Астанада ІІ Орталық Азия медиа форумы басталды. Екі күнге созылатын халықаралық іс-шараға қатысу үшін елордаға Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей, Ұлыбритания, Қытай және тағы басқа елдердің үздік медиа сарапшылары келді. Форумға 700-ден астам адам мен 30-дан астам спикер қатысуда. Олардың арасында әлемдік медианың белді өкілдері, Пулитцер сыйлығының иегерлері, халықаралық және жергілікті БАҚ өкілдері, инфлюенсерлер бар.
«Орталық Азия медиакеңістігі: өсу мен ынтымақтастықтың жаңа тұстары» тақырыбына арналған биылғы форумның панельдік сессияларында Орталық Азия мемлекеттерінің БАҚ арасындағы жаңа өсу нүктелері мен ынтымақтастығы, жаһандық медианың дамуы, болашақтың ақпараттық ландшафтының қалыптасуы, жасанды интеллект пен үлкен деректер дәуіріндегі БАҚ-тың цифрлық трансформациясы, сондай-ақ елдің имиджін ілгерілетудегі әлеуметтік желілердің рөлі талқылануда. Жиынды сөз сөйлеп ашқан ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева форумның басты міндеттерінің бірі ортақ медиа кеңістіктегі ағымдағы жағдайды талдау, Орталық Азиядағы ақпараттық ынтымақтастықты одан әрі нығайту бойынша бірлескен іс-қимылдарды талқылау және әзірлеу екенін атап өтті.
– Бұл форум өзекті мәселелерді ашық талқылап қана қоймай, аймақтағы бірлескен ақпараттық жұмыстың ортақ тәсілдерін әзірлей алатын бірегей алаңға айналды. Орталық Азия қазіргі уақытта Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір әрі транзиттік хаб ретінде ғана емес, зор инвестициялық, сауда-экономикалық, туристік және мәдени-гуманитарлық әлеуеті бар ауқымды орталық ретінде қарастырылады, – деді министр сөзінде.
Бірлескен жобалар жасалады
Орталық Азия елдерінің медиа саласындағы ынтымақтастығы да жоспарлы түрде жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мәселен, Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Өзбекстанның Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігі арасында 2025 жылға дейінгі өзара іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Жоспар медиаконтент алмасуды, журналистерге арналған тренингтер мен семинарлар өткізуді, баспасөз хатшыларының білігін арттыруды, жас мамандарды қолдауды және жалған ақпаратпен бірлесіп күресуді қамтиды. Сондай-ақ тараптар тәжірибе алмасу және кәсіби байланыстарды дамыту мақсатымен екі елдің журналистері үшін баспасөз турларын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.
Бірлескен медиажобалар жасауда Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығарған «Қорқыт ата» тарихи телесериалын, Қырғызстанмен бірлескен «Қос қанат» телекөпірін, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған «Заковат» зияткерлік ойынын атап өтуге болады. Осындай тәжірибені өңірдің ортақ тарихи тұлғаларына, мәдени мұрасына, туристік мүмкіндіктері мен қазіргі заманғы жетістіктеріне арналған жаңа бірлескен медиажобаларды жасау арқылы кеңейте түсуге мән берілуде.
Ортақ телеарна құрыла ма?
Қазақстан Орталық Азияның ортақ телеарнасын құру және аймақтың әлеуеті, осы аумақта тұратын халықтардың достығы мен бірлігі туралы хабардар ететін тележобаларды, сондай-ақ біздің халықтарымыздың тарихы мен ерекшелігі туралы танымдық теле-радио бағдарламалар топтамасын дайындау идеясын қолдайды. Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері өңірдегі ақпараттық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен телеарна мен өңірлік медиаплатформаны іске қосу мүмкіндігін қарастыру үстінде.
Жалған ақпаратпен бірге күреседі
Форумда ақпарат қауіпсіздігіне қатысты бірқатар мәселе көтерілді. Қазақстан тарапы жалған ақпаратқа қарсы бірлескен жұмыс жүргізуді ұсынды. Масс-медианы дамытуда соңғы трендтерді ескере отырып, Орталық Азияның барлық елі үшін ортақ проблемалардың бірі – әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде анық емес ақпаратты, әртүрлі жалған ақпарат пен арандатушылық сипаттағы хабарламаларды тарату. Фейктерге қарсы күресте «Stopfake.kz» қазақстандық жобасы сәтті жұмыс істеп келеді.
– Онлайн-платформалардың әкімшіліктерімен пәрменді өзара іс-қимыл орнату бойынша тұрақты негізде шаралар қабылдап келеміз. Осыған дейін істелген жұмыстардың арқасында қазір Қазақстанда Facebook, Instagram, ВКонтакте, Одноклассники, TikTok, Mail.ru және басқа сервистердің өкілдері айқындалды. Сондай-ақ Қазақстан заңсыз контент (кибербуллинг, алаяқтық, экстремизм, порнография) пен жалған ақпаратты таратуға қарсы күресте айтарлықтай прогреске қол жеткізді. Бұл бағыттағы маңызды жетістіктерге кәмелетке толмағандарды цифрлық кеңістікте қорғауда қол жеткізілді, – деді Аида Балаева Орталық Азия медиа форумында.
Маңызды ұсыныстар айтылды
Форумда Қазақстан тарапынан бірқатар ұсыныс берілді. Атап айтқанда, өзара тәжірибе алмасу және сала мамандарының білігін арттыру үшін өңірлік форумдар, семинарлар, тренингтер, шеберлік кластарын, баспасөз турларын өткізу ұсынылды. Қазақстан осындай іс-шараларды ұйымдастыруға арналған алаңдарды ұсынуға дайын.
– Осы орайда келесі бастамаларды талқылауды ұсынамын: елдердің ғылыми және білім беру әлеуетін біріктіре отырып, Орталық Азия журналистика академиясын құру; жастардың дарынды өкілдері үшін шығармашылық орталығы болуды көздейтін Орталық Азия креативті хабын құру; үздік жұмыстарды атап өтуге және лайықты журналистер мен контентмейкерлердің еңбегін тануға мүмкіндік беретін журналистика саласындағы Орталық Азия сыйлығын тағайындау;
«Біздің адамдар» тележобасын іске қосу, ол арқылы біз бір-бірімізге қоғамымыздың ең лайықты өкілдері, тұратын еліне және қарым-қатынас тіліне қарамастан, жастарды шабыттандыратын және оларға өнеге болатын тұлғалар туралы әңгімелейміз; Наурызға арналған телекөпір ұйымдастыру біздің елдерімізге осы ортақ мереке күндері біріге түсуге мүмкіндік береді;
бауырлас елдеріміздің телеарналары үшін телеөнімдерді қолжетімді ету, сериалдар және өзге де өнімдер үшін ең төменгі төлемді белгілеу немесе оны мүлдем алып тастау; бірлескен туризм мен инвестицияны танымал етуге бағытталған бірлескен контенттің көлемін ұлғайту; осы жылдың күзінде «Мипком» (MIPCOM) телеөнімдерінің ең танымал көрмесінде «Central Asia» брендімен бірыңғай алаң ұсыну; телеарналар Орталық Азия елдеріндегі әріптестерінің өтінімі бойынша түсірілімдерді өтеусіз негізде жүзеге асыратын алаң құру, бұл шетелдік тілшілер пункттерін ұстауға арналған шығыстарды азайтуға мүмкіндік береді, – деді министр.