Оқушыны радикалды идеологиядан қалай сақтаймыз?

Астанада «Қауіпсіз мектеп: оқушылардың радикалды идеологияға тартылу қаупін төмендету жолдары» тақырыбында семинар өтті. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында қалалық Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «QAMQOR-ASTANA» қоғамдық қоры ұйымдастырған семинар елордадағы мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен психологтарына арналды.
Іс-шараның негізі мақсаты — оқушылар арасында радикалды идеологияның таралуына жол бермеу, жастардың рухани иммунитетін нығайту және білім беру мекемелерінде қауіпсіз, тұрақты орта қалыптастыру, жас ұрпақты жат идеологиядан қорғауға, олардың білім мен тәрбиені үйлестіре отырып, саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал ету.
Семинарға Алматы қаласынан арнайы шақыртылған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының аға оқытушысы, практик-психолог Ақмарал Абдукеева, Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті басқармасының басшысы Сәуле Апенова, Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Қайроллла Көшқали, дінтанушы-сарапшы, Дінтанушы ассоциациясының мүшесі Александр Антипин, дінтанушы – сарапшы Дастан Сақан Дастан спикер ретінде қатысып, дәріс оқыды, осы салада жинаған тәжірибесімен бөлісті. Жиын барысында ғаламтор мен әлеуметтік желілердегі ақпараттық қауіпсіздік, бала өміріндегі отбасы мен мектептің тәрбиелік рөлі, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жолдары, ұлттық құндылықтар мен зайырлы қоғам қағидаттарын дәріптеу мәселелері сөз болды.
-Бүгінде жастар арасында діни-экстремистік идеология кеңінен таралуда. Мысалы, біз он жыл бұрын Қазақстандағы радикализмді ересек жастағы, яғни 30-40 жастан жоғары азаматтар арасынан көретін болсақ, қазір мектеп жасындағы жасөспірімдер арасында белең алып отыр. Менің дәрісімнің тақырыбы – «Деструктивті діни ағымдардың жастар арасындағы көрінісі», бірінші белгісі әрине сыртқы киімі, түр-әлпетіндегі ерекшеліктер, қысқа балақ, ұқыпсыз өсірілген сақал деген сияқты. Мектепте бұл белгілер байқалмауы мүмкін. Себебі олар мұны жасырып ұстайды. Бірінші кезекте баламен сөйлесіп, сұхбаттаса білу қажет. Сонымен қатар музыкадан, өнерден, салт-дәстүрден, қоғамдық іс-шаралардан бас тарту белгілері арқылы да анықтауға болады. Көбіне діни теріс көзқарастағы топ өкілдерін жай адамдар нақты анықтай алмайды. Оны дінтану саласында білімі бар мамандар ғана тани алады, — дейді Дастан Сақан.
Ал дінтанушы-сарапшы Александр Антипин әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы радикалды ағымдар жетегінде кеткен, кетпегенін анықтау әдістері туралы баяндама жасады. Ал практик-психолог Ақмарал Абдукеева кәмелет жасқа жетпеген жасөспірімдердің психологиялық тұрғыдағы сипаттамасын, олармен қалай жұмыс істеу керектігін айтып берді.
-Әзірге бұл семинарлар теориялық бағытта өтуде, ендігі жиынды практикалық бағытта ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, яғни балалармен және олардың ата-аналарымен тікелей жұмыс істеуді қолға аламыз. Радикалды діни ағымдағы балалар бүгін болмағанымен, ертең шығып қалуы мүмкін. Сол кезде олармен қалай жұмыс істеу керек, қалай сөйлесу керек, сол тұрғыда практикалық семинардың берері мол, — дейді қалалық Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқали.
Жиынға елордадағы 118 мектеп директорларының орынбасарлары мен психологтары келіп қатысты. Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.
Райхан Рахметова
Фото: Сұлтан Сейіт