Елорда тынысы

Оқушылар үшін Эко-Хабта интерактивті кездесу өтті

Елордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мектеп оқушыларына «Қалдықтарды дұрыс утилизациялау және сапалы тұтыну» тақырыбында интерактивті кездесу ұйымдастырылды. Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №8 көпшілік кітапхана мен елордалық Эко-Хаб бірлесе өткізген іс-шараға №80 мектептің 8-сынып оқушылары қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиын барысында «Қоқыс? Екі рет ойла!» эко-диалогы өткізіліп, кездесу форматы интерактивті, яғни көрнекі мысалдар, пікір алмасу түрінде өтті. Балаларға қалдықтардың қалай пайда болатыны, оларды дұрыс жою маңызы, күнделікті әдеттердің қала экологиясына тигізер әсері түсіндіріліп, оқушылар да көкейдегі сұрақтарын қойды. Педалын айналдырып, тепкен кезде алдыңғы бөлігіндегі құтыда бөтелке қақпақтарын майдалап уақтайтын арнайы велосипедті пайдаланып көрді. Сонымен қатар мамандар қағаз, аллюминий, бөтелке, әйнек және тағы басқа да қайта өңдеуге болатын заттар мен оларды Астанада қай жерде ақылы түрде өткізуге болатыны туралы ақпараттар берді.

-Біздің орталығымыз Алматыда 2018 жылы ашылған, Астанада былтыр қыркүйекте осы хабты аштық, содан бері елорда әкімдігі тарапынан жақсы қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, осы хабтің ғимаратына әкімдіктің арқасында қол жеткіздік. Мұның ішінде көріп тұрғаныңыздай бәрі де эко және қайта өңделген өнімдерден жасалған, орындықтар, үстелдер, қабырғадағы картиналар және басқа да дүниелер пластик бөтелке және өзге де заттарды қайта өңдеу арқылы дайындалған. Мұнда оқушылар, студенттер, балабақша бүлдіршіндері, олардың ұстаздары үшін, мекеме қызметкерлері үшін де жасыл экология тақырыбында дәрістерін, шеберлік сабақтарын, викториналар ұйымдастырымыз. Басты мақсатымыз – халықтың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа зиянды қалдықтардың салдарын азайту, — дейді ECONetwork Астана қаласы бойынша өкілдігінің басшысы Гүлнар Хан.

Эко-Хабта өткен кездесуден кейін балаларға №8 көпшілік кітапханада «Эко әлем кітаптар бетінде» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

-Кітапхана 2024 жылы елорда тұрғындары үшін ашылған. Қорында 5000-нан астам кітап бар. Күніне 60-қа жуық оқырман тұрақты келеді. Бүгін оқушылар үшін Қазақстанның табиғатына, экологиясына байланысты көрме ұйымдастырдық, — дейді №8 көпшілік кітапханасының меңгерушісі Жанна Айдарбекова.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button