Оқушылар қысқы демалыста 10 күн демалады

Екінші тоқсанның аяқталуына санаулы күндер қалды. Қысқы каникул кезеңі 2025 жылдың 29-желтоқсаны мен 2026 жылдың 7-қаңтарын қоса алғанда он күнге созылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Мектеп оқушыларының қысқы демалыстағы бос уақытын тиімді өткізу және жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту маңызды. Осы мақсатта «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында бірқатар іс-шаралар көзделген.
Балаларға бос уақытында:
• кітап оқу;
• музейлерге, көрме залдарына, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге танымдық экскурсияларға бару;
• спорттық ойындарға қатысу, коньки, шаңғы тебу;
• қайырымдылық акциялары және басқа да іс-шараларға қатысу кеңес етіледі.
Мектептерде, қосымша білім беру ұйымдарында бірқатар білім беру, спорттық, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізу ұсынылады.
Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алуға, мектептің ішкі тәртібін сақтауға, балалардың қоғамдық қауіпсіздігіне, үйдегі өрт қауіпсіздігі және киберқауіпсіздікке ерекше назар аудару қажет.
Айта кетейік, бұл іс-шаралар білім беру ұйымдарына әдістемелік ұсыным ретінде жолданады.



