Оқу-оңалту орталығы ашылды

Астанада «Бақытты шаңырақ» қоғамдық қоры ерекше балалар және олардың отбасына арналған оқу-оңалту орталығын ашты.
Жаңа орталықтың ашылу салтанатына Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов, әкім кеңесшісі Қуаныш Молдабек, әйелдер істері және отбасы жөніндегі комиссия мүшелері Баян Тойкебаева, Наталья Семененко және т. б. қатысты.
Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов алғашқы құттықтау сөзді сөйлеп, орталықтың ашылу рәсімін жасап, лентасын қиды. Қонақтар ғимаратты аралап, қос бөлімнің жұмысымен танысты. Орталықта балаларға және ересектерге арналған екі бөлім бар. Бірінде көбіне оңалтуға көңіл бөлінсе, екіншісінде оқуға назар аударылады. Аталған орталыққа қор қанатының астындағы ерекше балалар ғана емес, олардың бауырлары мен ата-аналары да келіп, тегін ем алып, курсқа қатысып, пайдалы іспен шұғылдана алады. Мұнда ойын және сауықтыру жаттығулары, массаж жасалады. Сондай-ақ музыка, сурет көрмелері және тігін бөлмесі мен арнайы асхана да бар.
Орталыққа шағын экскурсия жасалған соң, келушілер орталық балалары мен ата-аналары дайындаған шағын концертті тамашалады.
«Бақытты шаңырақ» қоғамдық қорының төрайымы Ботагөз Сұлтанованың айтуынша, бұл – қорға қарасты екінші орталық. Алғашқысы Р.Қошқарбаев даңғылы бойында орналасса, бұл жолы Ы.Дүкенұлы көшесінде ашылды. Осы қорға қарасты 1092 отбасы, 2876 бала және 1180 ерекше бала бар. Аталған орталық демалыссыз жұмыс істейді.