Оқу мәдениетіне мән беру баспасөзді қолдау деген сөз

Мемлекет басшысы сұхбатында “Turkistan” газетінің атауына ерекше тоқталып, ықпалды басылым екеніне көпшіліктің назарын аударуы тегін емес. Басылымның негізін қалаған Қалтай Мұхамеджан ағамыздың осыған байланысты айтқан бір әңгімесі ойымызға оралды. Сол кезеңдегі қоңсы елдің президенті Ислам Каримов қарамағындағыларға: “Ай қарап жүріпсіңдер, қазақ ағайындар бір газетіне “Түркістан” атауын беріп, алдымызды орап кетті” деген көрінеді… Анығын Алла біледі, бірақ жазушының, тұңғыш бас редактордың құлағына сондай әңгіменің жеткені өтірік емес.
Ал, көрші мемлекеттің қазіргі басшысы болса, рухани астана — Түркістан қаласына зәулім мешіт салып беріп, тілеулестігін білдіріп жатыр. Айтайын дегеніміз — Түркі мемлекеттері ұйымының (бұрынғы атауы – Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі) құлағына алтын сырға — алдағы кезде халықаралық газетті түркі тілдес елдерде жаздырып, тарату жағына көңіл бөлінсе, құба-құп болар еді. Ал, бауырлас елдер арасында ынтымақ пен бірлікті, экономикалық, мәдени байланыстарды арттыру жолында еңбек етіп жатқан газет ұжымына шығармашылық табыс тілейміз.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың:
“Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Жасы қырыққа жетсе де, білімі мен ой-өрісі он бес жастағы жасөспірімдер деңгейінде қалып қойған азаматтарды қазірдің өзінде кездестіруге болады.
Өз басым мерзімді баспасөзді жас кезімнен үзбей оқитыным рас. Әлі күнге дейін осы әдетімнен жаңылған емеспін. Қазіргі таңда баспасөз заман талабына бейімделіп, ақпарат айдынынан өз орнын тауып отыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамалар жасауға баса мән береді, ағартушылықпен айналысады. Кәсіби әрі өз ісіне адал журналистер сапалы материалдар әзірлеп, дәстүрлі құндылықтарды сақтауға елеулі үлес қосып келеді” деген бағасын және оқу мәдениетіне мән беруін еліміздегі барлық газет-журналдарды қолдап, оларға сенім артуы деп қабылдаған жөн.
Енді еліміздегі ұлттық компаниялар, холдингтер, меншік түріне қарамастан барлық ұйымдар мен ұжымдар, мекемелер мен жеке кәсіпкерлер осы айтылғаннан қандай қорытынды шығарады, нендей іс атқаруға тиіс?
Осыдан тура 100 жыл бұрын біртуар қайраткер, Ағарту министрі Смағұл Сәдуақасұлы “Еңбекші қазақ” (1926 жылы 7 ақпанда) газетінде жариялаған “Мәдениет тәрбиесі” мақаласында:
“Ұлт театры — мәдениеттің үлкен бір кесегі. Бұл іске көзі ашық деген қазақ азаматтары жұмыла жәрдем берсе керек еді. Бірақ, іс жүзінде олай болмай отыр.
Ашылғалы бері театрға басын бір сұқпаған кісілер бар.
Қара қазақ үйіне сыйлайтын қонақ келгенде тоқты
сояды. Газет алдыруға жарты тоқтының құнын да
қимайды. Бұны қара қазақ, әрине, надандығының арқасында істейді. Надан емес, оқыған қазақ та кейбір ауылдағы ағасының сарынына түсіп кететіні бар. Бес-он тиынды кейде орынсыз жұмсап жібереді де, театрға дегенде ақша да, уақыт та табылмай қалады. Бұ да біздің
надандығымызға жатады” деп жазған еді.
Заман ауысты, уақыт өзгерді, мүлдем басқа қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Өкінішке қарай, осы мәселе күн тәртібіне бүгін де өткір қойылып отыр. Сондықтан, қайта өрлеу дәуірі бастауында төл басылымдарды ісімізбен қолдап, парасаттылық танытатын кез келді деп ойлаймыз. Өйткені, бәрі сана-сезімге, жауапкершілікке байланысты.
Дархан МЫҢБАЙ,
журналист, ҚР қоғам және мемлекет қайраткері



