Оқиғалық туризм қарқынды дамып келеді

21 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында әлемге әйгілі Backstreet Boys тобының концерті өтті. Концертке Германия, Франция, Түркия, Литва, Грекия, Ресей, Өзбекстан және тағы басқа 45 елден 12 мыңнан астам шетелдік туристер келді. Әлемдік музыка тарихындағы ең табысты поп-топтардың бірі болып саналатын Backstreet Boys 130 миллионнан астам альбом сатты. Астанадағы концерт олардың әлемдік турнесінің бір бөлігі ғана.
Бұл 1 тамызда елордада белгілі америкалық поп жұлдыз Дженифер Лопестің де концерті өтті. Сол кезде әлемнің 30 елінен 10 мыңнан астам туристер Қазақ елінің бас қаласына ағылды. Таң қаларлығы, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Грузия, Арменияны айтпағанда қонақтар БАӘ, Литва, Еуропа елдерінен және АҚШ-тан келді. Сарапшылардың есептеуінше, бұл концерттен Астана бюджетіне шамамен 6,5 млрд теңге табыс түскен. Мысалы, бір ғана шетелдік қонақ елордада 3 күн болса, оның тұратын жері, ішетін тамағы, таксиге шығыны, дүкеннен сатып алатын заттарына орташа есеппен 230 АҚШ доллары жұмсалады.
Өткен жылы бас қалаға 1,5 млн шетелдік турист келіпті. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырсақ, 14 пайызға артық. Елордаға негізгі туристік ағынды Ресей Федерациясы, Қытай, Германия, Түркия, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келетін туристер құрайды. Даму бағыты негізінен іскерлік, оқиғалық, медициналық, гастрономиялық және мәдени-спорттық туризмнен тұрады.
Жазғы маусымның тақырыбы қандай?
2025 жылдың ақпан айынан бастап елордада «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығы жұмыс істеуге кірісті. Оның негізгі міндеті – елордамыздың өңірдегі ең ірі іскерлік және оқиғалық туризм хабы ретінде бақ-беделін нығайту, туристерге қолайлы қалалық орта қалыптастыру және Астананың халықаралық деңгейдегі тартымдылығын арттыру. Бұл жерде оқиғалық туризмнің негізгі нысанасының бірі – Comic Con Astana. Биыл оған 120 мыңнан астам қонақ келеді, соның ішінде 15 мыңы – шетелдік қонақтар. Биыл жазда бас қалада Крэйг Дэвид пен Дженнифер Лопес сияқты әлемдік эстрада жұлдыздарының концерті өтті. Бұл оқиғалар астананың жазғы мәдени-бұқаралық маусымының негізгі тақырыбы болғаны анық. Сондай-ақ жұрт асыға күткен оқиғаның бірі – Backstreet Boys тобының концерті, оған билет 14 шілдеде сатылымға шығарылды. Концерт Алматы және Астана қаласында өтті. Мұндай іс-шаралар қаланың жағымды имиджін қалыптастырып қана қоймай, мультипликативтік нәтижесін береді. Яғни, әрбір салынған инвестициялық бірлік бес есеге дейін пайда әкеледі.
Туризм экономикаға серпін беруі керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмнің экономикаға жаңаша серпін беру қажеттігін үнемі айтып жүр. Президенттің пайымдауынша, бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. «Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер» деді ел Президенті жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл іс-шаралар қабылдауға тиістігін айтқаны мәлім.
Биыл 1,7 млн турист келеді
Қазақстанның елордасы туристік әлеуетін арттыра отырып, өңірдегі ірі мәдени орталықтардың біріне айналады. «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының басшысы Артём Квашуктың пікірі осындай. «Әлемдік артистердің, ұйымдастырушылар мен туристердің Астанаға деген қызығушылығын байқап отырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Астана 1,5 млн-нан астам туристі қабылдады, оның 340 мыңы шетелдік қонақтар болды. Биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары болады деп күтіп отырмыз, яғни шамамен 1,7 млн адам. Биыл бірінші тоқсанда қаланы 300 мыңнан астам адам аралады, оның ішінде 68 мыңы – шетелдік туристер» деді Артём Квашук орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, елорда тек саяси және іскерлік іс-шаралар ғана емес, ауқымды мәдени оқиғалар алаңына айналды. «Мысалы, Backstreet Boys тобының концерті сияқты ауқымды іс-шара төлем қабілеті жоғары туристерді тартады. Сонымен қатар қала экономикасын ынталандырып, халықаралық аренадағы беделін арттырады» деді ол.
Сондай-ақ туристік орталық басшысының айтуынша, елорда инфрақұрылымы туристерді қабылдауға дайын. «Қала инфрақұрылымы жақсы дамыған және қонақтарды қабылдауға толық дайын. Астанада 299 қонақүй жұмыс істеп тұр, оның 9-ы бес жұлдызды, сондай-ақ 3-4 жұлдызды 100-ге жуық қонақүй бар» деп түсіндірді құзырлы мекеме басшысы.
Бұдан бөлек, елордада өтетін іскерлік іс-шаралардың саны артып отыр. Жыл сайын Астана қаласының оқиғалар қаласы ретіндегі мәртебесі нығайып келеді. Мысалы, былтыр 128 іс-шаралар өтсе, биыл 201 іс-шара жоспарланған. «Астана Концерт» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов Backstreet Boys тобының әлемдік турымен салыстырғанда Астанадағы концерт билеттері өте қолжетімді болғанын айтады. «Билеттердің бағасы 40 мың теңгеден басталды. Мұндай топтың концертінен ерекше эмоциялар алуға болады деп ойлаймын. Біз билеттерді алыпсатарлармен, әділетсіз баға қоюмен күресеміз. Бір қолға 4 билеттен ғана сатылды. Яғни толық ашықтықты қамтамасыз еттік» дейді ол.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Әлішер Тұрсын бұл концерт MICE-туризмнің аясына кіретінін мәлім етті. «Ал MICE-туризмге салынған әрбір 1 теңге экономикаға 3 теңге болып қайтады. Бұл ғылыммен дәлелденген. Аталған концерт аясында Қазақстанға 40-тан астам елден турист келеді деп болжадық. Бүгінде елордада 300-ге жуық қонақүй бар. Оның 9-ы – бес, 100-ден астамы – төрт немесе үш жұлдызды. Бұл іс-шара өз кезегінде оқиғалық туризмді дамытуға серпін береді» деп түсіндірді ол.
Іскерлік туризм мүмкіндігі мол
Қазіргі таңда Астана ICCA-мен белсенді түрде ынтымақтастық қарым-қатынастарын жандандыра отырып, ауқымды MICE-іс-шараларды тартып, іскерлік туризмнің халықаралық картасындағы позицияларын нығайта түсуде. Соның бір дәлелі, өткен жылы қалада 40 іскерлік оқиға тіркелді, ал биыл бұл көрсеткіш 80-ге дейін көбеймекші. Өйткені себебі, бұл санатқа кем дегенде жалпы саны 150 мыңнан астам адам қатысатын беделді халықаралық конгрестерді жатқызамыз.
Сонымен қатар, елордамыз медициналық туризмнің де орталығына айналды. Қазіргі уақытта халықаралық JCI-ге тіркелген 9 қазақстандық емхананың жетеуі Астанада орналасқан. 2024 жылы бас қалаға 4500 медициналық турист келіпті, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Ал 2025 жылы 8000 науқас елордалық емханаларда ем-дом алады деп жоспарланып отыр. Шетелдік науқастардың әрқайсысы орташа есеппен 2-ден 5 мың АҚШ долларына дейін қаражатын төлесе, бюджетке айтарлықтай табыс түсетіні анық. Бұл бағыттағы негізгі мақсат – Astana Health – Point of Central Asia брендін қалыптастыру. Жетекші емханалардың қатарында Green Clinic, UMC, Umit және тағы басқалары бар. Сондай-ақ жалпы құны 500 млрд теңгені құрайтын 19 инвестициялық жобадан тұратын пул да қарқынды дамып келеді.
Қазір елордада 2200-ден астам қоғамдық тамақтандыру мекемесі бар. Оған қоса, биыл танымал әлемдік брендтердің мейрамханалар желісін ашу жоспарға енгізілген. Астана бұл орайда 50 Best Explore рейтингіне бәсекелестік бойынша қатысуға дайындық жасауда. Visit Astana Recommended-ке және Astana Gastro Gallery гастракаталогына ас мәзірін жібереді. Астана қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі басқармадан алынған мәліметтер бойынша, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Тау-Кен Алтын», «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг», «Қазақстандық авиация индустриясы» және тағы басқа өнеркәсіптік кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастырылады. Еліміздің өңірлерінен келген оқушыларға білім беру турларын өткізу де жоспарда бар, олар кампустар мен жатақханаларда тұрады.
Астананың бұл бағыттағы тағы бір қадамы – Қолжетімді туризм қауымдастығына (ENAT) мүшелікке өту. Ол үшін туристік инфрақұрылымдарға аудит жүргізіледі, инклюзивтік бағыттар құрылады, нысандар тіркеуден өтеді. Бұл жұмыстармен қатар цифрландыру да дами береді: Visit Astana-да экскурсияларды онлайн-тәсілмен брондау енгізіледі, Safe Travel-мен интеграция іске асырылады, аудиогидтер мен жасанды интеллект-гидтердің қызметі енгізіледі, туристік бағыттар 2GIS, TripAdvisor және басқа да цифрлық платформаларға қосылады. Қазір Астана халықаралық әуежайында Taxi Point деп аталатын қызмет түрі бар. Бұл – ТМД аумағындағы тұңғыш тәулік бойы жұмыс істейтін такси тапсырыстарының терминалы. Ол әлемнің 7 тілінде қызмет көрсетеді. Бұл қызмет түрін теміржол вокзалдарына, LRT станцияларын және бас қаладағы ірі-ірі сауда-саттық және ойын-сауық орталықтарына енгізу жұмыстары да жоспарда бар. Сондай-ақ туристік ақпараттық дүңгіршектер, қалалық таксидің бірыңғай стилі, қытайлық туристерге арналған бағдар сілтеуші сияқты жобалар да белсенді түрде қолданысқа енгізілуде.
Төлен ТІЛЕУБАЙ