Басты ақпаратМәдениет

«Опералияны» «Турандот» түйіндеді

«Астана Опера» театрында екі айға жуық уақытқа созылған «Опералия-2025» халықаралық музыкалық фестивалі Дж.Пуччинидің «Турандот» операсымен түйінделді.

Қойылымның дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, театрдың бас дирижері әрі бұл спектакльдің қоюшы-дирижері Алан Бөрібаев. Оның жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хоры керемет қуат пен эмоциялық тереңдікті шебер жеткізіп, көпшілікке ұмытылмас әсер сыйлады.

Тұрандот ханшайымның бас­ты партиясын театрдың прима әншілері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұпар Ғабдуллина мен Бибігүл Жан­ұзақ орындады. Калаф рөлін Ресей опера сахнасының әртісі Михаил Пирогов пен көптеген халықаралық театрларда өнер көрсетіп жүрген, тембрі ерекше әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев сомдады.

Қазақстандық және шетелдік әртістердің өнерін көруге және жаңа есімдер ашуға мүмкіндік берген фестивальді жалпы алғанда 12 мыңнан астам адам тамашалады. Көрермен алғаш рет Ролан Петидің эксклюзив балет трилогиясын («Арлезианка», «Бозбала және Өлім», «Кармен») тамашалап, Алтынай Асылмұратова қойған «Ұйқыдағы ару» балетінің таңғажайып премьерасына куә болды. Сондай-ақ Евгений Чайников қойылымындағы «Капулетти мен Монтекки» операсының премьерасы да өтті. Көпшілікке Қытай, Франция және Ресейден келген танымал жұлдыздар Чжумин Чэнь, Мэн Ин Фан, Мария Ильюшкина және Эван Капитен қатысқан гала-балет ерекше әсер қалдырды.

Іс-шара аясында Nomad Inspiration жобасы да халықтың қызығушылығын тудырды. HasSak ансамблінің және жобаның қоюшы хореографы
Сұлтанбек Ғұмар бастаған театрдың балет труппасы орындаған аспаптық қазақ этно-фольклоры мен балет өнерінің синтезі қалың көрерменнің көңілінен шықты.

К.Байсейітова атындағы Камералық зал да қалыс қалған жоқ. Жұртшылық назарына виолончель кештері, фортепиано солосы ұсынылып, Дж.Россинидің «Жібек саты» опера-буффасы қойылды.

Іс-шара аясында қойылған классикалық туындылар, эксперимент жобалар мен ұлттық классикалық шығармалар фестиваль бағдарламасының көркін ашып, мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайтып, театр өнерінің мұрасын байыта түсті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button