Ойлы жастар ойыны өтті
Астана қаласындағы Global Green Hub компаниясының ecohub алаңында «ТазаҚазақстан» акциясы аясында жастарға арналған экологиялық викторина ұйымдастырылды. Аталған бастама Zero Waste қозғалысы мен Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау департаментінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Викторинаға колледж және университет студенттері, сондай-ақ Astana Zhastar еріктілері қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында экологиялық сауаттылықты арттыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру болатын.

— Интерактивті форматта өткен ойын барысында қатысушылар өз білімдерін тексеріп қана қоймай, саналы тұтыну қағидаттарын меңгеріп, нақты өмірлік жағдайларды талдау арқылы экологиялық ойлау қабілетін дамыта алады. Бағдарлама аясында қатысушылар жаһандық температураның 1,5°C деңгейінде сақталуы мәселесіне назар аударды. Сондай-ақ күнделікті әрекеттер мен саналы шешімдердің қоршаған ортаға әсері талқыланып, климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі жеке жауапкершіліктің маңызы түсіндірілді, — деді Global Green Hub компаниясының басшысы Әсел Сейфуллина.
Викторинаның тағы бір ерекшелігі – экология, технология және кәсіпкерлікті біріктіретін экотехнологиялық ойлау әдіснамасының ұсынылуы. Бұл тәсіл жастардың тек білімін арттырып қана қоймай, олардың өз экологиялық бастамаларын ұсынуына мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарды қоршаған орта мәселелеріне тартудың тиімді құралы болып табылады.



