Оғыз далалық мәдениет іздері қандай?

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Оғыз далалық мәдениетінің іздері» атты халықаралық көрмесі ашылып, осы атаумен ғылыми семинар өтті.
Ғылыми семинарға тарихшылар, археологтар, этнологтар, мәдениеттанушылар, шығыстанушылар, музей және мұрағат мамандары, сондай-ақ академиялық және ғылыми-білім беру қауымдастығының өкілдері қатысты.
Қазақ, орыс және түрік тілдерінде өткен Семинар барысында Қазақстан аумағындағы оғыз мәдениетінің іздерін ғылыми тұрғыда зерделеу, түркі халықтарының тарихи сабақтастығын айқындау, оғыз мұрасын сақтау мен насихаттаудың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Сыр бойындағы оғыз қалалары, Жанкент қаласының соңғы қазбалары, Қызылорда облысындағы музейлердің экспозициялық шешімдері және оғыз дәуірінің мәдени мұрасына қатысты өзекті тақырыптар қозғалды. Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана қаласындағы филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD Айсұлу Искандерова «Сыр бойындағы оғыз қалалары (жаңа зерттеулер бойынша)» баяндаса, Түркі академиясының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Асхат Сайлау «Жанкент: 2023-2025 жж. қазба және ашылу шежіресі» атты ғылыми зерттеулерімен бөлісті. Қызылорда облыстық тарихи-
өлкетану музейінің ғалым хатшысы, тарих ғылымдарының магистрі, ҚР Мәдениет саласының үздігі баяндамасында «Қызылорда облысының аудандық музейлеріндегі археологиялық бағыттағы экспозициялық шешімдер» тақырыбын көтерді.
Семинардан кейін көрермендер назарына көрме ұсынылды. Экспозицияда Қазақстан музейлерінің қорларынан әкелінген 300-ге жуық түпнұсқа жәдігер мен макет қойылды. Олардың қатарында археологиялық артефактілер, этнографиялық деректер, нумизматикалық олжалар, зергерлік әшекейлер, тұрмыстық заттар және діни-ғұрыптық нышандар бар. Көрмеде VIII-XI ғасырлардағы оғыз тайпаларының мәдениеті, тұрмыс салты, саяси және рухани мұрасы жан-жақты таныстырылды.
Сондай-ақ, Астана қаласы «Бірлескен музейлер дирекциясына қарасты Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды музей кешені «Түрксой музейлер одағының» мүшесі атанды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ