«Өзгеріс көшбасшылары» байқауының жеңімпаздары анықталды

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы мемлекеттік статистика саласындағы «Өзгеріс көшбасшылары» байқауының қорытындысын шығарды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Байқаудың мақсаты – статистик мамандығының беделін арттыру және саланың кадрлық әлеуетін дамыту.
Бұл байқау талантты мамандарды анықтауға, статистика қызметін жетілдіруге және мемлекеттік статистика жүйесінде кадр резервін қалыптастыруға арналған алаңға айналды. Биылғы жылы байқауға орталық аппараттың, аумақтық және ведомстволық бөлімшелердің қызметкерлерінен 14 өтінім түсті. Өз жобаларын 12 қатысушы таныстырып, іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша финалға 5 үміткер өтті.
Олардың ұсынған жобалары статистикалық процестерді цифрландыру мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бюро байқауының жеңімпаздары төмендегідей анықталды:
I орын – Нұрсұлтан Қасымбеков, баға статистикасы департаментінің бас сарапшысы. Ол статистика мен машиналық оқытуды қолдана отырып, деректер сапасын автоматты түрде тексеруге арналған гибридті жүйе әзірледі.
II орын – Дария Әзімбаева, Павлодар облысы Ақсу қаласы бойынша статистика басқармасының жетекші маманы. Ол жасанды интеллектіні пайдалану арқылы нақты деректер негізінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді болжау моделін ұсынды.
III орын – Әлия Қалқина, Павлодар облысы бойынша статистика департаментінің кадрлық басқару қызметінің бас маманы. Ол HR-талдау мен интерактивті дашборд негізінде персоналды басқару тиімділігін арттыру тәсілін әзірледі.
Еске сала кетсек, байқау осымен үшінші рет өткізіліп отыр, ол кадрларды дамытуға, идеялармен алмасуға, сондай-ақ статистика саласына жаңа технологияларды енгізуге ықпал етеді. Бұған дейінгі «Өзгеріс көшбасшылары» байқауларының өңірлік жеңімпаздары бүгінде Бюроның орталық аппаратында басшылық лауазымдарда қызмет атқарып жүр.
				


