Өзбекстанда Қазақстан медицинасы күндері өтті

Өзбекстанда Қазақстан медицинасы күндері өтті. Іс-шаралар «Қазақстан – Өзбекстан: денсаулық сақтау, технология және кадрлар саласындағы ынтымақтастық» атты Халықаралық форуммен қорытындыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қазақстан медицинасы күндері аясында еліміздің жетекші клиникаларынан келген 100-ден астам маман Өзбекстанның бес қаласында — Ташкент, Ферғана, Самарқанд, Бұхара және Нөкісте көшпелі консультациялар, шеберлік сабақтары және операциялар өткізді.
Іс-шара өткен бес күн ішінде шамамен 3000 тұрғын салалық мамандардың қабылдауында болды, ал кардиология, онкология, травматология және фтизиатрия бағыттары бойынша Өзбекстанның Ұлттық медициналық орталығында және мамандандырылған клиникаларында 60-тан астам күрделі бірлескен хирургиялық операция жасалды.
Қазақстан тарапынан Өзбекстанға диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілген 4 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) жіберілді. Олардың көмегімен Сырдария және Жызақ облыстарының ауылдық аймақтарындағы тұрғындарға алғашқы медициналық тексерулер жүргізілді.
Медицина күндері екі елдің денсаулық сақтау министрлері Ақмарал Әлназарова мен Асилбек Худаяров, Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов, Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Бахтиёр Ибрагимов (онлайн), сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Өзбекстандағы өкілдігінің басшысы Ашина Халакдина қатысқан ірі халықаралық дәрігерлер форумымен аяқталды.
«Біздің елдерімізді тұрақты, қолжетімді және технологиялық денсаулық сақтау жүйелерін дамытудағы ортақ мақсат біріктіреді. Қазақстан мен Өзбекстан кадр даярлау, цифрлық трансформация және инновацияларды енгізу бағытында ұқсас міндеттерді шешуде. Біз Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми, технологиялық және кадрлық әлеуетін біріктіру аймақтағы инновациялық денсаулық сақтау экожүйесін қалыптастыруға қуатты серпін береді деп сенеміз», – деді өз сөзінде А. Әлназарова.
«Мұндай ауқымды әрі маңызды іс-шара біздің бауырлас халықтарымызды шын мәнінде жақындастырады. Осындай адамдық қатынастар мен нақты ынтымақтастық арқылы елдеріміз арасындағы достық нығая түседі», – деп атап өтті Елші Б.Атамқұлов.
Өзбекстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Асилбек Худаяров өз сөзінде: «Өзбекстанда осындай кең ауқымды іс-шараның өткізілуі ынтымақтастықты одан әрі нығайту, жаңа перспективалы бағыттарды айқындау, озық бастамаларды ілгерілету, ғылыми жетістіктер мен практикалық тәжірибе алмасу және фармацевтикалық өнімдер саудасын дамыту жолындағы маңызды қадам болды», – деді.
Форум аясында Қазақстан мен Ташкент мемлекеттік медицина университеттерінің студенттері арасында ғылыми олимпиадалар мен спартакиадалар өтті.
Форум қатысушылары кадр даярлау саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Бүгінде Қазақстанның медицина жоғары оқу орындарында Өзбекстанның шамамен 700 азаматы, ал Ташкент медицина университетінде Қазақстанның 100-ден астам студенті білім алуда. Екі ел жаңа буын дәрігерлерін даярлау үшін ортақ білім беру кеңістігін қалыптастыруда.
Іс-шаралар қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми орталықтары, жетекші клиникалары мен медицина университеттері арасында шамамен 30 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.