Өзбекәлінің мәдени майданы

Елордадағы «Жастар» сарайында Алматының «Талант театры» көрерменге тағылымы терең, ойы салмақты туынды ұсынды. Театр қазақ руханиятының жанашыры, мемлекет қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Өзбекәлі» қойылымын қойды.
Қойылымның көркемдік жетекшісі – Қайрат Кенжебекұлы, ал пьеса авторы – Жандос Құсайынов. Спектакль алғашқы сәттен-ақ көрерменді өз иіріміне тартып әкетеді. Сахнада газет таратқан жас Өзбекәлі бейнесі – оның халықпен етене, елдің тыныс-тіршілігімен біте қайнасқан тұлға екенін аңғартады.
Көп ұзамай сахнаға қойшы қыз Жанайым келеді. Арманы айқын емес, ата кәсіптен ұзап көрмеген қарапайым ауыл қызы Өзбекәлімен тілдеседі. Осы тұста екі түрлі көзқарас, екі түрлі таным тоғысады. Бірі – дәстүрге берік, ата жолынан айнымайтын түсінік болса, екіншісі – білім мен ілім арқылы ұлтты ілгері бастыруды көздеген жаңа бағыт. Өзбекәлі оның көкірек көзін оятуға тырысып, білімге үндейді. «Әлем ақпаратпен дамып жатыр. Ал біз сол ақпараттан жеңіліп жатырмыз» деген сөзі арқылы заман талабын дәл аңғартады. Бұл – бүгінгі күнмен де үндесетін өткір ой.

Қойылымда ұлт тағдырына қатысты күрделі мәселелер де батыл қозғалған. «Әр қазақтың баласы «мен істеймін» деп ұмтылуы керек. Сонда ғана біз ұлт ретінде күшейеміз» деген кейіпкер сөзі көрерменге тікелей бағытталған үндеу іспетті естілді.
«Өзбекәлі атамыздың туғанына 95 жыл толуына орай Қазақстанның 18 қаласына гастрольдік сапар жоспарлап отырмыз. Бұл қойылым – қайраткерге деген құрметіміз бен ықыласымыздың нақты көрінісі. Көрерменге тек спектакль ұсынып қана қоймай, оның тұлғасын, еңбегін тереңірек танытуды мақсат етеміз. Шынымды айтсам, мен көп кітап оқитын адам емеспін. Бірақ бір күні «Өзбекәлі және мәдени майдан» деген кітапты қолыма алып, оқып шықтым. Сол кітаптан кейін атамыздың қазаққа сіңірген еңбегін басқа қырынан танып, ұзақ уақыт әсерінен шыға алмадым. Әр беті ой салды. Содан кейін «осы тұлға туралы бір дүние жасау керек» деген ой келді. Бұл жұмысты былтыр бастап кеттік, содан бері ізденіс тоқтаған жоқ.
Қойылымды дайындау барысында тарихи деректерге сүйеніп, кейіпкердің болмысын шынайы жеткізуге тырыстық. Өйткені біз үшін ең маңыздысы – көрерменге әсер ету ғана емес, ақиқатты бұрмаламай жеткізу. Жалпы, Өзбекәлі атамыз секілді толық танылмай жүрген тұлғалар аз емес. Қазір олардың бірін жастар білсе, бірін білмейді. Уақыт өте келе ондай есімдер тасада қалып қоюы мүмкін. Сол себепті осындай спектакльдер арқылы ұлтқа қызмет еткен азаматтарды қайта танытып, жас ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат еттік» деді жоба жетекшісі Қайрат Кенжебекұлы.
Қойылым желісінде сыртқы күштің қазақ арасына іріткі салу арқылы үстемдікке жеткені де астарлы түрде бейнеленген. Өзбекәлінің жастық шағындағы досы Аян образы арқылы сенім мен сатқындық, достық пен күмән арасындағы тартыс шынайы ашылады. Тіпті, кей тұста ең жақын жандардың өзіне қарсы шығуы – адам табиғатындағы қызғаныштың, әсіресе бауырлар арасындағы бақастықтың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді.

Қойылымда Арқалықтағы кезең де назардан тыс қалмаған. Бұл тұста Өзбекәлі ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, серігі Сарқан Құсайынұлымен бірге бірқатар игі істерге ұйытқы болады. Сондай-ақ Мұхтар Шаханов пен Шәмші Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы» әнінің туу тарихы да сахнада көрініс табады. Алайда бұл кезеңде де кейіпкер жолына кедергі келтірген күштер аз болмағаны аңғарылады.
«Өзбекәлінің рөлін сомдау мен үшін жаңа деңгей болды. Бұл тұлғаның еңбегін, мінезін, қайраткерлігін сахнада дәл жеткізу оңайға соқпады. Рөлге дайындалу барысында оның өзін ұстау мәнеріне – басын сәл төмен ұстап сөйлеуіне, көзқарасы мен қабағына ерекше мән бердім. Сонымен қатар, Өзбекәлі атамыздың әр әңгімесінде қайталанып отыратын сөздері де бар екен. Мәселен, бір шаруа шешілмей созылып кетсе, «мұның бәрі бос әңгіме, жігіттер, тастайық!» деп қысқа қайыратын болған. Бұл да оның болмысын ашатын деталь деп ойлаймын.
Рөлді игеру үшін көп ізденіп, жіті бақылап, іс-қимылын зерттедім. Әсіресе, жүріс-тұрысына мән бердім. Себебі кейіпкердің ішкі әлемі көбіне сол қимылынан көрінеді. Жалпы, Өзбекәлі атамыз ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойған тұлға, тіпті отбасынан да биік қойған. Сондықтан оның рөлін сомдау үшін сол кезеңдегі көңіл күйін, ішкі жағдайын сезіне білу маңызды» деді Өзбекәлі рөлін сомдаған театр актері Диас Жақпарұлы.
«Әр Мұсаға бір перғауын» деген ой арқылы қойылым адам баласының жолында әрдайым кедергі, қарсы күш болатынын меңзейді. Бұл – тек тарихи кезеңнің ғана емес, бүгінгі қоғамның да шындығы. Шығарманың шарықтау шегінде Өзбекәлі жалғыздықпен бетпе-бет қалады. Оған қарсы тұрғандар арасында өз жақындарының болуы драмалық шиеленісті күшейте түседі. Алайда әділдік түбі жеңіп, кейіпкердің ақтығы дәлелденеді.
Қойылымдағы тағы бір айрықша көрініс қазақтың киелі жәдігері – Тайқазанның қайта қазақ жеріне қайтарылуы. Сахнада ол Эрмитаждан тарихи тағдырдың текетіресімен келіп, өз иесіне оралып, ұлт рухының асқақтығын айшықтайды.
Қойылым соңында айтылған «Оян, қазақ, әлі қанша уақыт ұйықтар екенсің?» деген сөз көрерменге тасталған ашық сауалдай әсер қалдырды. Бұл – өткенге көз жүгіртіп қана қоймай, бүгінгі күннің де жауапкершілігін сезіндіретін түйін. Жалпы, «Талант театры» ұсынған бұл қойылым – тарихи тұлғаның тағдырын сахна тілімен сөйлетіп қана қоймай, ұлттық сананы серпілтуге бағытталған көркем дүние. Көрермен көкейінде ой қалдырып, жүрегіне сезім салатын мұндай туындылардың рухани кеңістікте алар орны ерекше.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ


