Өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік

Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Мемлекет басшысы бейбіт күннің батырларына шынайы ризашылығын білдіріп, азаматтық қорғау саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше екенін атап өтті. «Конституциямыздың алғашқы бабында «Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы» екені анық көрсетілген.
Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі және азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етуде. Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – әрине, өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы, нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады. Сіздердің адал қызметтеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өте жақсы үлгі-өнеге» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент соңғы жылдары еліміз бастан өткерген табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін айтты. «Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, апаттан аман алып қалдыңыздар. Қостанайда, Семейде және басқа да аймақтарда болған орман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жаумен күрестіңіздер. Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады. Жалпы, құтқарушыларымыз соңғы 5 жылда 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды» деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет азаматтық қорғау саласын күшейте түсуге баса мән беретінін айтты. «Осыдан бес жыл бұрын Төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылды, ал осы салаға республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы екі жарым есе көбейді. Бір сөзбен, нақты және тиімді іс-шаралар қабылдана бастады. Атап айтқанда, 1700-ден астам арнайы техника алынды. 42 өрт сөндіру депосы және құтқару станциясы салынды. Аудандық төтенше жағдай бөлімшелері заман талабына сай жаңғыртыла бастады. Құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы да басты назарда. Соңғы екі жыл ішінде сала мамандарының еңбекақысы 77 пайызға өсті, енді оларға арнайы үстемеақы төленетін болды. Сондай-ақ тұрғын үй төлемдері мен әлеуметтік жеңілдіктер беріле бастады. Жалпы, бұл жұмыс міндетті түрде өз жалғасын табады. Осындай іс-шаралардың арқасында азаматтық қорғау саласының кадрлық әлеуеті артып келеді» деді Президент.
Президенттің пікірінше, Үкімет пен салалық министрлік төтенше жағдайларды уақтылы ескертудің және салдарын жоюдың тиімді жолдарын қарастыруға баса мән берген жөн. «Орталықтағы және жергілікті құтқару қызметтерінің іс-қимылы – біртұтас, нақты жүйеленген механизм. Басқару үдерісін автоматтандыруға, цифрландыруға, өзге де заманауи технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге күш салу маңызды. Сонымен бірге министрлік қазірдің өзінде «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында өнеркәсіп нысандарындағы қауіпсіздікті күшейтіп, өртке қарсы талаптар мен құрылыс нормаларын қатаңдату шараларын қабылдап жатыр. Азаматтарға, ең алдымен, балалар мен жастарға өрт, су тасқыны, жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелерін мұқият, түсінікті тілмен жеткізу қажет. Олар апат кезінде қалай әрекет ететінін білуге тиіс. Сонымен қатар күнделікті өмірде, тыныш уақытта қауіпсіздік іс-шараларын ұдайы есте сақтағаны жөн» деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, спорт және дене шынықтыруға қолдау көрсетуді құрметті қоғамдық миссия және үлкен азаматтық жауапкершілік ретінде қарастырған жөн. «Кәсіпкерлердің бастамаларын ынталандыру – мемлекеттік саясатымыздың негізгі басымдығы. Мен бұған ерекше мән беремін. Өткен аптада экономикалық ахуалға қатысты арнайы жиын өткіздім. Онда еліміздегі бизнесті дамыту мәселелері қарастырылды. Кеше Премьер-министрге берген тапсырмамда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау қажеттігіне тағы да баса назар аудардым. Қазір бірқатар спорт федерациясына бизнесмендердің, меценаттардың жаңа буыны келе бастады. Оларға спортты дамыту саласындағы жағдайды жақсарту міндеті жүктелді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл ретте Президент ТЖМ қызметкерлері, құтқарушылар әрқашан және әркезде ел қамын ойлап, азаматтардың қауіпсіздігін күзететінін атап өтті. Сондай-ақ азаматтық қорғау жүйесін жаңғыртудың кешенді жұмыстары жалғасып, құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Қазіргі жұмыс қарқынын төмендетуге болмайды. Өйткені азаматтардың өмірі мен тұрмысы осыған тікелей байланысты. «Өзгенің өмірін сақтау үшін өз басын қатерге тігу – нағыз ерлік. Қиындыққа тап болған жандар ең алдымен құтқарушылардан көмек күтеді. Бүгінде азаматтық қорғау саласының қызметкерлері өз міндетін мінсіз атқарып келеді. Олар сын сағатта жанқиярлық көрсетуге дайын тұрады. Тіпті, осы жолда құрбан болған ерлеріміз аз емес. Өткен отыз жылда 72 құтқарушы ерлікпен қаза тапты. Біз батырларымыздың есімін ешқашан ұмытпаймыз. Олар отаншыл және антқа адал болудың тамаша үлгісін көрсетті. Сондықтан өмірін құтқару ісіне арнаған ерлердің есімдерін тарихымызда мәңгі сақтау үшін тиісті іс-әрекеттерді дер кезінде қолдануымыз керек. Нағыз ерлік жасаған батыл азаматтарымыздың рухына тағзым ете отырып, олардың есімдерін ел ішінде ұлықтай беруіміз қажет» деді Мемлекет басшысы. Салтанатты жиын соңында Президент қызметтік борышын атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азаматқа мемлекеттік наградалар тапсырды.