Өтпелі кезеңнің нысаналы өткелі

1993 жыл ел экономикасын тұрақтандыру мақсатындағы түбегейлі бетбұрыс жылы еді. Дегенмен кешегі кеңестер кеңістігіндегі дағдарыс, жекешелендіру, былтырдан басталған бағаны ырықтандыру шегіне жетіп, баға мемлекеттік реттеуге бағынбайтын болды.
Есіл тасып барады жардан асып
1993 жыл, 12 сәуір
Сол жылдың көктемінде 1970 жылдан бері қайталанбаған, болғанның өзінде де дәл осылай тасымаған Есіл өзенінің жағдайы баяндалады. Күн қатты ысып, қар тез еріп, кенеттен су көтеріледі. Беті қатты су тасқыны Қорғалжын трассасын бұзып, Комсомольск, Шұбар т. б. аймақтардағы елді мекендерді басып кетті.
Табиғат құбылысына бүкіл қала болып қарсы жұмылады. 15 сәуірдің 9-12-ге дейін Вячеслав су қоймасына 8 миллион текше метр, келесі күні 7 миллион текше метр су құйылады. Мал-жанға қиын болған. Қала басшылығы шұғыл түрде кірісіп, он күннің ішінде жиналған суды кері қайтару үшін Қорғалжын трассасы тұсынан өтетін канал қазады. Сол арқылы суды Есілге қайта ағызады. «Не де болса да, бұл бізге бірақ сынақ болды» деп автор тұжырымдайды. Кім біледі, «Есіл тасып барады жардан асып» деген ән бекер айтылмаған болар.
Ақша тиындады, жағдай қиындады
1993 жыл, 7 тамыз
Табиғат апатымен қатар келген қымбатшылықпен қоса, адам қадірінің кетуін сөз қылған Қ.Зәкәриянов мақаласын былай бастайды: «Атамыз қазақта «айтпаған сөздің атасы өледі» деген сөзі бар. Бүгінгіде өндірісті ілгері бастырып, маңдай терін төгіп, бел жазбай еңбек етіп жүргендерді құрметтеу, оларға істеген ісіне қарай табыс беру, материалдық игілік жасау, моральдық көтермелеу шаралары құрдымға кетіп тынды. Сондықтан да адам қоғам үшін еңбек етушілерден гөрі маңдай терлетпей пайда қуған «іскерлер» көп. Аяқ артар көліктігі, сауып ішір сүті жоқ сабан ақшаның бәсі нарық өмірге дендеп енген сайын қадірі түсіп барады. Экономикалық дағдарыс күннен күнге асқынып, созылмалы дертке айналды. Оның бар ауыртпашылығы айналып келгенде қарапайым халықтың мойнына артылды». Қ.Зәкәриянов күні бертінге дейін газетімізге жазып тұрды, қала өміріне белсенді араласатын.
Ақмола – Берлин
1993 жыл, 24 шілде
1993 жылы Ақмола мен Берлин арасында поезд қатынасы ашылған екен. Газет бетіндегі қысқаша ақпаратта «елімізде тұратын миллионға жуық немістердің тарихи отанымен мәдени, экономикалық қарым-қатынас жасауы жақсаратыны анық» деп болжал жасапты. Дегенмен бұл поезд немістердің Еуропаға қарай бет бұрған көшін бастаған сияқты. Өйткені бұрынғы тоталитарлық кеңістікте алмағайып заман орнап, тоқыраудан кейінгі қайта құрулардың аяғы экономикалық, әлеуметтік дағдарыстарға жеткізіп, бір сөзбен айтқанда «тұрымтай тұсымен» болған шақ еді.
Неміс ағайындар, кеңестер құрсауы босаң тартқан сәтінен бастап, қапаста өткен күндерді мәңгі ұмытқысы келгендей, халық үйінің кілтін маңдайшасына іліп, лек-легімен асығыс көшіп жатты. Тар жерде табысқан, кең жерде келіседі дегендей, немістер қазақ халқының қамқор көңілін ұмытқан жоқ. Балаларының болашағы үшін баз кешіп, тілінен, салт-дәстүрінен қол үзіп қалған кеңестік немістердің араға бірнеше ғасыр салып, ескі жұртына барғанда алдарында не күтіп тұрғанын бірі білсе, бірі білген жоқ. Жаңа жердің өзіндік қиындықтары болды. Дегенмен, уақытша болса да, жолға қойылған поезд неміс ағайындардың бейнетін біршама жеңілдетті деп ойлаймыз.
Сол жылдардың тағы бір тарихын газет фототілшілері таңбалапты. Бұл суреттің сыры бар. Балалар темір жолын салу жоспарлары соғыстан бұрын да жобаланғанымен, Есіл өзенінің сол жағалауындағы Теміржолшылар саябағында Ақмола балалар темір жолының құрылысы басталып, 1950 жылдары бұрынғы Тың игерушілер сарайының маңында салынды. Ашылған күннен бастап жолға паровоз және төрт жолаушылар вагонынан тұратын пойыз қызмет көрсетті. 1958 жылы жол реконструкцияланды, оның барысында рельстер жаңа, ауырларына ауыстырылды, ал жол өлшегіші 750 миллиметрге дейін ұлғайтылды. Жолы сәтсіз басталған темір жол 1962 жылы 7 тамызда найзағайдан «Победа» стансасындағы вокзал ғимараты толығымен жанып кетті, ал 90-жылдардың екінші жартысында «Абай» стансасындағы вокзал ғимараты өртеніп кетті. 2002 жылдың басында Балалар темір жолы қала балансына өтіп, сол жылы толығымен жойылды.
Ақша жоқ
1994 жыл, 25 қаңтар
Қазіргі орта жастан асқандар болмаса, жастар жағы «ақша жоқтың» шын мәнін түсінбейтін шығар. Бұл қаржыдан қысылып қиналған жағдайдың бірі емес. Айлыққа қарап отырған адамның ақшасының келесі жалақыға жетпей қалғаны да емес. Елдегі қаржы жүйесі қирап, банктің түгесіліп, түбі көрініп ақшаның мүлдем бітіп қалуы. Сол жылдары қаражат жетпей, жұмыс орындары тоқтап, жаппай қысқартулар орын алды, халық теңселіп қарабазар аралап кетті. Иә, айлап жалақысын ала алмай қиналған халық, зейнетақысына қолы жетпеген зейнеткерлердің сеңдей соғылысқан күндері артта қалды. Ал дәл сол күндердің бір хабарын «Ақмола ақиқаты» былайша жеткізеді.
«Қаламыздың құрылысшылары ұжымдарының арасында уақытында ақының төленбеуінен ауыр моралдық психологиялық жағдай қалыптасты. Мысалы «Целиноградтяжстрой» тресінің жұмысы тоқтап қалды десек болады. Шығыс шағын ауданындағы салынған мектептің ақшасын тапсырыс бергендер өтей алмай отыр. Кейбір обьектілердің құрылысы тоқтап қалды. Соның ішінде жалғызбастылар, мүгедектер және қарт адамдар үйі бар. Ал бұл болса қаламыздың ардагерлерінің ренішін туғызуда. Трест жұмысшылары 1993 жылдың қазан айынан бастап жалақы алған жоқ. Тапсырыс берушілердің төлеу қабілеттігінің болмауынан салынып біткен үйлерде адамдардың қоныстануы да мүмкін болмай отыр.
Осындай жағдай «Целинтрансстрой» ұжымында да қалыптасты. Барлығында да қаржы жетіспейді. Қаламыздың көптеген кәсіпорындары мен ұйымдарына қазір осындай жағдай тән».
«Тыңның тәлімі мен тәлкегі» – жаңа көзқарас
1994 жыл, 25 ақпан
«…СОКП ОК Пленумында тың жерлерді игерген соң әр гектарынан 14-15 центрден өнім алынды» деп есептелінген. Ал шынында, 1954-1958 жылдары бидай өнімі гектарына 7,3 центрден, 1961-1965 жылдары небәрі 6,1 центнер көлемінде болып қалды. Тың игеруге кеткен қаражатты орталық Ресейдегі гектарынан 20-25 центнер беретін егін алқаптарына жұмсаса, онда мемлекетіміз баяғыда-ақ өзін-өзі нанмен қамтамасыз етер еді. Тың игеру жылдары Қазақстанға бір жарым миллион адам келді. Тың игерушілерге көмек беріліп, барлық жағдаймен қамтамасыз етті. Нәтижесінде Ресейдің орталық аудандарында 7 мың деревня жұмыс қолынсыз қалды. 300 мың үй иелері туған жерін тастап кетті, үйлерін қараусыз қалдырды.
Алғашқы жылдары бір гектар егін-жайдың еңбек шығыны 80 сом болса, бірте-бірте 130 сомға жетті, яғни бұл егістік жерлер өз шығындарын әрең өтеп отырған.
…Қазақстан тыңына соңғы 38 жылда 1 триллион 300 миллиард сом жұмсалып, 700 миллион тонна астық өндірілді. Бұл астықтың әр тоннасы 100-150 сомға тең. Осыны есепке шағып көрер болсақ, онда ұтқанымыздан ұтылғанымыздың көп екендігіне көз жеткізуге болады.
Жоғарыдағылар басқаша есептеді. Тың және тыңайған жерлерді игеріп, елімізде аса ірі жаңа астық базасын құрғаны үшін, астық өндіруді мықтап арттырғаны үшін Қазақ Советтік Социалдық Республикасы Ленин орденімен наградталды, 139 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Ал бұл жеңіс қазаққа не берді дегенде, Табыл Құлиястың ойы көңілге қонады.
«Міне, алпысыншы, жетпісінші жылдарда жоғарғы оқу орындарында жаппай орыс тілділік берік орнады. Содан ауылдағы қазақтар балаларын орыс кластарына өткізді. Оның үстінен тыңгерлердің салған мектептері тек қана орысша еді де, қазақ мектептері ескі-құсқы, тәлім-тәрбие беруге жұпыны, оқу құралдары жетіспей жатты. Орыс тілін оқып шыққаннан біреулер ұтты, екі тілділікті, үш тілділікті меңгерді. Біреулері адамшылығынан, ата-тегінен айырылып, жын-жыпыр болып кетті».
Ақмола Астана болды
1994 жыл, 8 шілде
Еліміздің төрткүлінен көш шығып, Есілдің сол жағалауын толтырар жаңа астананың алғашқы хабарын, газет оқырмандарымен былайша бөлісіпті.
«Бұдан былай қасиетті Ақмола топырағы Алтай мен Атыраудың Сарыарқа мен Алатаудың арасын жалғап жатқан кең байтақ, көпұлтты Қазақстанның саяси-экономикалық, мәдени-тұрмыстық гүлденуі үшін әлемдік тарих алдында жауапты боламыз» деп тағдырлы жауапкершілікті міндетіне алады.
Тарих бетінде алтын әріптермен мәңгіге жазылатын осынау айтулы күн қуанышын сіздермен бірге бөлісе отырып, халқымыздың шексіз сезім мен үмітіне ие болып отырған Ақмола болашақта халықтың сүйікті арман қаласы боларына сеніміміз мол!» деп «Ақмола ақиқаты» сүйіншілейді!
Жолдас жоғалған жыл
1994 жыл, 31 желтоқсан
Газет оқырманы елімізде болып жатқан өзгерістерге, сан алуан оқиғаларға толы жылды ой елегінен өткізіп, жылжып жеткен келер жылдан ерекше жылылық күткен сыңайлы. Қайта құрулардың заңды жалғасы болған, нарықты экономиканың құбылмалы күйін қабылдаса да, айқын бағдарымыз бар ма білмейміз, әйтеуір жүріп келеміз дейді. Бір қызығы, сол заманның адамының құлағына түрпідей тиетін, бұрын-соңды айтылмаған соң тосын естілетін «мырза», «ханым» деп кісіге қарап айтудың сөйлеу мәнерімізге кіріп келе жатқанын аңғарыпты. «Қадірменді ағайындар-ау, біз бір-бірімізді «жолдас» демейтін бе едік?! «Жолдас» сөзі коммунистік партияның бізге беріп кеткен мұрасы емес, халық сөзі емес пе?! Тіпті болмаса «жамағат», «құрметті бауырлар», «қадірменді қауым», «ағайын» деп қарапайым түрде айта бермейміз бе?! Экономикасы тұралап, қымбашылық белең алған елде қандай «мырзалық» болушы еді. Көрпемізге қарай көсілейік. Жұрттың бәрі мырза бола алмайтынын ұмытпайықшы» дейді. Бүгінгі күннің бедерінде жолдас сөзі ұмыт болғаны анық. Бұл жолдар «жолдастың» жақтастарын соңғы рет газет бетінде жариялап, сөз мәнеріне «ханым» мен «мырзаларды» енгізген сияқты.