Басты ақпаратҚоғам

Өткел кезекшісі

Аса қауіпті аймақ саналатын теміржол бойындағы өте жауапты қызметтердің бірі – өткел кезекшісі. Пойыздар мен автокөліктердің түйісетін тұсындағы өткелде ауысыммен күні-түні кезекшілік атқара отырып, олар тек жүк және жолаушылар құрамдарының ғана емес, ерсілі-қарсылы өтетін жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осындай маңызды жұмысты 10 жылдан бері атқаратын, жалпы теміржолда жиырма жылдан бері еңбек ететін елордалық теміржолшы Жамбыл Бейбітұлын Астана станциясындағы теміржол өткелінде кезекшілікте тұрған жерінен кездестірдік.

Елорданың Байқоңыр ауданында Ю.Малахов көшесі бойында теміржол мен автокөлік жолы түйісетін үш өткел бар. Соның үшінші күзетпелі өткелінде 4 кезекші ауысыммен жұмыс істейді. Солардың бірі Жамбыл Құрманов 20 жыл бұрын елордаға көшіп келіп, теміржолға жолшы болып жұмысқа тұрды. Оған дейін әр түрлі жұмыстарды атқарғанымен тұрақтылық болмаған еді. Қысы-жазы күннің астында, жолдың бойында жұмыс істесе де тұрақты табыс пен еңбек жағдайы жасалған Астана жол дистанциясына адал еңбегімен сіңісіп кетті. Рельстер мен шпалдар төсеп, балғамен соғатын ауыр жұмыс істейтіндіктен әдетте жолшылар қара күш иелері болып келеді. Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Жаңажол ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген теміржолшы қара жұмысқа жастайынан үйреніп өскен. Сондықтан жол монтері болу оған қиын болмады. Дегенмен саланың өзінің ішкі тәртібіне бейімделіп, қауіпсіздік ережелері мен нұсқаулықтарын жаттап алды. Одан бөлек айына бір рет техникалық сабақ тұрақты өткізіледі. 2015 жылдан бастап өткел кезекшісі қызметіне ауысты.

-Сырттай қарағанда жол бойындағы будканың ішінде отырып, пойыз келсе шлагбаум жауып, жалауын ұстап тұратын жеңіл жұмыс сияқты көрінгенімен, моральдық және қауіпсіздік тұрғысынан жауапкершілігі өте жоғары қызмет. Себебі автокөлік жүргізушілерінің де, жаяу жүргіншілердің де тәртіпке бағынбай, жол көлік ережесін бұзатындары көп. Пойыздың жақындап қалғанына, шлагбаумның жабық тұрғанына қарамай зулап өтіп кететін көліктер бар. Алайда сондай асығыстықтың соңы не болатынын өзге жақтарда болып жатқан апаттардан көріп отырмыз. Бұл жерде камера орнатылмаған, оларды аяқ асты телефон камерасына түсіріп те үлгермейсің, тек көлік нөмірін жазып алып, желілік полицияға хабарлап отырамыз. Ар жағындағы жауапқа тарту мәселесімен солар айналысады. Одан бөлік құлаққап киіп алып, келе жатқан пойыз даусын естімей, көрмей жолдан өтетін жастар көп. Болмаса ішіп алып өтетін мас адамдар, әлде қарттықпен есін білмей жол бойына тұрып алатын қариялар кездеседі. Әуелі ысқырықпен ысқырып, назарын аудартуға тырысамыз, болмаған соң өзіміз жүгіріп барамыз. Қаншама рет өз өмірімді қауіпке тігіп, келе жатқан пойыздың алдынан оларды жолдың арғы бетіне алып өткен кездерім болды. Кейбір көліктер пойыз жоқта тура жол ортасына келгенде бұзылып тұрып қалады, оған тросс апарып, басқа көліктермен сүйреп әкетуге көмектесеміз. Станция диспетчеріне хабар беріп, бері қарай әзірге пойыздарды жібермеуін ескертіп қоямыз. Жалпы өзім тұрған жерден теміржолдың екі жағына 50 метр жерге дейін аумақта бөгде заттар мен адамдардың болмауын кезекшілігімде қырағылықпен қадағалап, қайта-қайта тексеріп отырамын. Себебі сан мыңдаған тонна ауыр жүк құрамдары жүретін рельс бойында жатқан кез келген бөгде дүние оған үлкен қауіп төндіреді, — дейді өткел кезекшісі.

Қырағылық демекші, өткел кезекшісіне үлкен жауапкершілік, тиянақтылықпен қоса көзінің алыстан, жақыннан жақсы көруі өте маңызды. Осы ретте Жамбыл Құрманов елуді алқымдап қалса да көру қабілеті жоғары екенін айтады. Өзі 3 ұл, 1 қыздың әкесі теміржолдағы осындай қиын да жауапты жұмысымен әулетін асырап отыр. Жан-жары кәсіпкерлікпен айналысады. Алайда теміржолда үй кезегінде тұрғанымен сол баспана мәселесі әлі шешілмей жатыр. Адал еңбегі бағаланып, «Теміржолдағы 10 жылдық қызметі үшін» медалімен марапатталған. Енді салалық медальді 20 жылдық еңбегі үшін де алады. Бұл медальді алу арқылы жалақысына да үстемақы қосылады.

-Өткелдегі осы шағын будкаға күндізгі ауысым бойынша таңертең 8.00-де келіп, кешкі 20.00-ге дейін, ал түнгі ауысымда әрі қарай таңға дейін отырамыз. Күніне орта есеппен 30 шақты пойыз өтеді. Сол кезде шлагбаумды жауып, будка сыртына шығып, сары жалауымызды көрсетіп, жол таза деп пойыздарға белгі беріп тұрамыз. Ал жолда бір қиындық болса қызыл жалау көрсетеміз. Будка ішінде пеш, қысқа толқынды пеш, тоңазытқыш, киім ауыстыратын шкаф және орталықпен байланысып отыратын екі байланыс телефоны бар. Сол арқылы керек кезінде диспетчерлерге хабар береміз. Дистанция жыл сайын жұмыс киімімен қамтамасыз етіп отырады. Жылына 4 рет сыйақы беріледі. Жалпы маңдай терін төгіп, жауапкершілікпен еңбек еткен адамға табыстың көзі қай жерде де бар, соның ішінде теміржолда жұмысшылар жағдайы жасалған, — дейді Ж. Құрманов.

Теміржол қозғалысы бір сәтке де тоқтамайды, жолаушылар мен жүктер тиеген пойыз вагондары ерсілі-қарсылы зулайды. Болат жол бойындағы жұмысына берілген Жамбыл сияқты сала мамандарының арқасында қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, ел экономикасының күре тамыры саналатын теміржол қызметі дамуда.

 Райхан Рахметова

Фото: Александр Жабчук 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button