Өсімдіктер әлемін қорғау – ұлттық борышымыз

Өсімдіктер – тіршілігіміздің тынысы. Көкке бойлаған бір талдың, гүл ашқан бір бәйшешектің өзінде тіршіліктің жұмбақ тылсымы мен құпия сыры жатыр. Дегенмен елімізде өсетін әрбір түйір тұқым мен жапырақты зерттеп, олардың аурулары мен бейімделу механизмін бақылап, жоғалып бара жатқан түрлерді сақтап қалу жолында еңбектеніп жүрген мамандар жоқ емес. Солардың бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті биология және геномика кафедрасының профессоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Сардарбек Әбиев. Ғылыми жолын өсімдік дүниесінің күрделі құбылысын тануға арнаған ғалыммен біз өсімдіктер әлемінің бүгіні мен ертеңі жайында әңгімелескен едік.
– Әңгіменің әлқиссасын ғылым жолына келу тарихыңыздан бастасаңыз, аға. Өсімдік әлемін зерттеуге не түрткі болды? Білім жолындағы шешімдеріңізге әсер еткен ұстаздарыңыз жайында айтсаңыз.
– Әр істің өз себебі болады ғой. Мен Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы қазіргі «Қожакент» кеңшарында 1946 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келіппін. Аудан орталығында мектепті бітіріп, Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының (қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық ғылыми-зерттеу университеті) агрономия факультетіне оқуға түстім. Екінші курста бізге фитопатология пәнінен дәрісті биология ғылымдарының докторы, профессор Бердіқұл Қалымбетов атты ағайымыз оқыды. Орта бойлы, мығым денелі, өте ширақ, көзінен от ұшқындап тұратындай көрінуші еді бізге. Дипломдық жұмысымды осы ағайымыздың жетекшілігімен қорғадым. Бұл кез – оңтүстіктегі суармалы аймақтарда қант қызылшасының егіс көлемі артып, дақылға айтарлықтай көңіл бөліне бастаған уақыт. Жетекшімнің кеңесімен дипломдық жұмысыма осы дақылдың ауруларын зерттеп, олардың ең зияндыларымен күресу шараларын өндіріске ұсыну мақсаты қойылды. Не керек, дипломдық жұмыс қорғалды, келесі аспирантурадағы тақырыбым бидай өсімдігінің сабақ таты ауруы болды. Бұл тақырыпты таңдауыма ұсыныс жасаған да, ғылыми жетекшілік еткен де – Бекең. Сонымен, ғылымға келуіме, оның ғылыми салаларын өмір бойғы ізденіс нысаным етіп таңдауыма алғаш себепші болған – осы ағам. Өмірдегі барлық құбылысқа, болмысқа баға салыстырмалы түрде ғана беріледі ғой. Менің пайымымда Бекең ғылымда да, күнделікті тіршілігінде де «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген нақыл сөзді өзіне берік ту етіп ұстаған ғұлама ғалым еді. Аспирантурадан кейін Қазақ Ғылым академиясының Ботаника институтына ұстазым Бердіқұл Қалымбетұлы ұйымдастырған «Споралы өсімдіктер биологиясы» деп аталатын лабораторияға жұмысқа орналастым. Жалпы өсімдіктер әлемі тұқым түзу түріне қарай екі топқа бөлінеді: споралы және дәнді өсімдіктер. Біздің лаборатория атына сай споралы өсімдіктермен, олардың ішінде балдырларды, саңырауқұлақтарды, қыналарды зерттеумен айналысты. Менің зерттеу нысандарым саңырауқұлақтар тобына жататындықтан, бізді микологтар деп атайды. Қоректену тәсіліне қарай барлық тірі организм екі топқа бөлінеді: өлі органикалық заттармен қоректенетін сапротрофтар және тірі организмдер ағзасымен қоректенетін паразиттер. Тат саңырауқұлақтары – менің зерттеу нысаным. Ол тірі өсімдік ағзаларымен қоректенетіндіктен, нағыз паразиттерге жатады. Ал бұларды зерттеушіні миколог-фитопатолог деп атайды. Сонымен, менің мамандығым биология ғылымының үш саласына: ботаникаға – ауру қоздырғыштардың иелік өсімдіктерін зерттеуге, микологияға – ауру қоздырғыш саңырауқұлақтарға және фитопатологияға – аурудың пайда болу себептерін анықтап, олармен күресу шараларын жасап, өндіріске ұсынуға арналды. Осы салаларға қатысты зерттеулерімнің нәтижелері 9 монографиямда, еліміздің және алыс-жақын шетелдік ғылыми басылымдарда жарық көрген 250-ге тарта мақалаларымда жарияланды. Ғылыми жұмыстарыммен қатар, ҚазМУ-да, аграрлық және педагогикалық университеттерде, қазіргі кезде Еуразия ұлттық университетінде студенттерге, магистранттарға жарты ғасырдан астам уақыт бойы дәріс оқып келемін. Жоғары оқу орындарының биология мамандықтарына арналған «Заманауи микология» (2015 ж.) және «Фитопатология» (2017 ж.) деп аталатын екі оқулығым жарияланды. Жалпы саны 23 ғылым докторын, ғылым кандидаттарын, PhD докторларын дайындап, қорғаттым. Тағы да 5 докторант ғылыми жұмысын қорғауға дайындау үстінде. 1995 жылы Қазақ Ғылым академиясының Алматыдағы байырғы Ботаника институты мен ғылыми институт құқығындағы бас ботаника бағы және оның облыс орталықтарында орналасқан 5 филиалы – ботаникалық бақтары бірігіп, «Ботаника және фитоинтродукция институты» деген атаумен жаңа ғылыми-зерттеу институты құрылды. Осы институтқа мені директоры етіп тағайындады. Бұл қызметті мен 2005 жылға дейін, яғни Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ауысқанға дейін атқардым. Алғашқыда «Биология және экология» кафедрасына, содан соң кафедраның бөлінуіне байланысты «Биология және биотехнология» кафедрасына меңгеруші болып, қазіргі кезде «Жалпы биология және геномика» кафедрасында профессор лауазымында қызметімді жалғастырудамын.
– Сіз ұзақ жыл бидай ауруларын зерттедіңіз. Бүгінгі Қазақстан бидайының сапасы туралы ғылыми тұрғыдан не айта аласыз?
– Бидай – бүкіл адам баласының басты қорегі. Брежнев ақсақалдың «Хлеб – всему голова» деген қанатты сөзі болатын. Осы үндеудің екпінімен еліміз астықты мемлекетке айналды емес пе?! Егетін дақылымыздың, бағатын малымыздың сапасын үнемі арттырып отырмасақ, ауыл шаруашылығы өндірісінен мол әрі сапалы өнім күту мүмкін емес. Үнемі есте тұруға тиісті жайт, жер бетіндегі барлық тірі организм қоршаған ортада үнемі азды-көпті динамикалық өзгеріс жағдайында болады. Яғни табиғи ортадағы өзгерістерге сай бейімделу, өзгеру үдерісінде болады. Мысалы, соңғы кездері жиі айтылып жүрген климат өзгерісін өзіміз де тікелей сезіп, байқап жүрміз ғой. Астанада тұрғаныма небәрі 20 жыл ғана болды, соның өзінде байқағаным, 20 шақты жыл бұрын қазан айының басында-ақ жерде қар жататын. Ал биыл бірінші қар қарашаның 6-сында ғана жауды. Жылдық ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері де біршама өзгерді. Бұдан басқа да бірден сезіле бермейтін қаншама табиғи, климаттық өзгерістер жүріп жатыр. Осының бәрі осы ортада тіршілік етуші тірі организмдерге тікелей де, жанама да әсер етіп, соңғылардың бейімделу реакциясын іске қосып отырады. Бұл өз кезегінде ортаның өзгерістеріне неғұрлым жылдам әрі жақсы бейімделген түрлердің жақсы дамып, көбеюіне басымдық беріп, табиғатта кең таралуына, көп ұрпақ беруіне жол ашады. Керісінше, табиғаттың өзгерістеріне бейімделе алмаған түрлер бірте-бірте азайып, жойылып кету қаупіне ұшырайды. Ал мәдени өсімдіктердің сұрыпталуына адам тікелей әсер етеді. Ол сол елдің ішкі-сыртқы сұранысына, экономикалық мүмкіндігіне, шаруашылық деңгейіне, т. б. байланысты.
– Сонда қазіргі бидай сорттарының ауруларға төзімділігіне баға бергенде тек сорттың өзіне ғана емес, оны өсіру жағдайы мен уақыт өте өзгеріп отыратын ауру қоздырғыштардың ерекшелігін қатар ескеру керек дейсіз ғой?
– Біздің органикалық дүниеде өзгермейтін ешнәрсе жоқ. Өсімдіктің ауру қоздырғыштарының сыртқы морфологиясы тез өзгере қоймағанмен, физиологиясы, сапасы, яғни расалық құрамы тез өзгеріп отырады. Осыған орай, ауру қоздырғыштардың сол аймақтағы өсімдік түрлері, зақымдау қабілеті үнемі өзгерісте. Сондықтан өндіріске ендірмес бұрын шаруашылық-құндылық тұрғысынан бағалы деп танылған сорттар, сол аймақта кең таралған ауру түрлеріне беріктік тұрғысынан арнайы сынақтан өтуі міндетті. Бұрынғы сорттармен салыстырғанда бүгінгі бидайдың сапасы әлдеқайда жоғары деп айту қиын. Себебі алдымен сұрақтың қандай сапалық көрсеткіш жөнінде екенін анықтап алуымыз керек. Егер сұрақ ауруға беріктік тұрғысында болса, онда ол кездегі ауру қоздырғыштардың расалық құрамы бүгінгіден басқаша екенін ескеруіміз керек. Дегенмен ғылым мен техника үнемі даму үдерісінде, онсыз қоғамда прогресс мүмкін емес. Оның үстіне қазіргі кезде халықаралық тәжірибе алмасу, бидай сұрыптарымен алмасу қарқынды жүруде. Жаңа сорттар шығарумен айналысатын, оларды және шеттен әкелінген сорттарды әртүрлі сынақтан өткізетін ғылыми-тәжірибелік мекеме көбейді. Сондықтан қазіргі бидай сорттарының сапасына күмән келтіруге негіз шамалы.
– Дегенмен табиғатқа түсетін жүктеме жыл сайын артып келеді. Елдегі сирек және жойылу қаупі бар өсімдіктерді сақтау ісі қалай жүріп жатыр?
– Дұрыс айтасыз, халық саны көбейген сайын табиғатқа түсетін қысым арта түседі. Мал басы өссе – жайылымды ұлғайту керек, егін алқабын арттырсақ – табиғи өсімдіктердің таралу аймағы тарыла түседі. Ал жер көлемі ұлғаймайды ғой. Оның үстіне климаттың өзгерісі, қоршаған ортаның ластануы, мал басының көбеюі сиреп бара жатқан өсімдіктердің жойылу қаупін күшейте түседі.
– Осы жағдайда қалалар маңында жасалып жатқан жасыл белдеулер экологиялық тепе-теңдікті сақтауда қаншалықты маңызды?
– Жасыл белдеулердің маңызы зор. Олар табиғи экожүйелерге түсетін қысымды біршама бәсеңдетіп, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі үшін қосымша қорғаныш аймақ қызметін атқара алады. Жалпы сирек кездесетін, жойылу қаупі төнген өсімдіктерді қорғаудың жолы әрқалай. Ең алғашқысы олардың қазіргі жағдайын, сиректелу себептерін анықтау қажет. Жойылу қаупі төнген түрлерді Қызыл кітапқа енгізу керек. Қызыл кітапқа енген түрлер арнайы заңмен мемлекет тарапынан қорғауға алынады. Қазақстанда өсімдіктерге арналған Қызыл кітаптың екі басылымы жарық көрді. Біріншісі 1982 жылы, екіншісі тәуелсіздік жылдары, нақтырақ айтсақ, 2014 жылы жарияланды. Алғашқы басылымға жойылу қаупі төнген түрлердің 303 түрі кірсе, екіншісінде 387 түр енгізілді. Яғни арадағы бар болғаны 30 жылға тарта уақыт ішінде жойылу қаупі төнген өсімдік түрлерінің саны 87-ге артқан. Бұл табиғатқа антрапогендік қысымның соншалықты қарқынды жүріп жатқанын көрсетеді. Сирек кездесетін, жойылу қаупі бар түрлерді қорғаудың нақты жолы – мұндай түрлердің көп шоғырланған аумақтарын айрықша қорғалатын аймақтарға (қорықтар, қорықшалар, табиғи ескерткіштер) айналдыру. Тіпті жойылады-ау деген түрлерді ботаникалық бақтарда өсіріп, көбейтіп, содан соң әдепкі табиғи өсу ортасына қайтару – реинтродукциялау.
– Қызыл кітапты оқымаған халық дала төсіндегі сирек өсімдікті жұлып жатқанын қайдан білсін?! Жұлған күннің өзінде далада камера жоқ қой.
– Жалпы табиғатты қорғау, аялау ұлттық деңгейде, яғни жалпыхалықтық деңгейде жолға қойылу керек. Ол үшін бұқараға экологиялық тәрбие беруді балабақшадан, бастауыш сыныптан міндетті пән ретінде жүргізген абзал. Екіншіден, бұған баспасөз, радио-теле, құқық қорғау қызметкерлері барынша әрі тұрақты түрде өз үлесін қосуы қажет. Бір түрдің сол түр болып қалыптасуы үшін табиғат миллиондаған жылдар бойы жұмыс жасайды, ал оны табиғаттан жойып жіберу үшін адамның бар болғаны ондаған жылдар ғана ойсыз әрекеті жетіп жатыр.
– Бұл бағытта ботаникалық бақтар нақты не істеп жатыр? Жалпы Астанадағы ботаникалық бақтың жұмысы өз жемісін бере алды ма?
– Табиғатты қорғауда, аймақтың гендік қорын байытуда, халыққа экологиялық білім және тәрбие беру, т. б. мақсатта ботаникалық бақтардың маңызы өте зор. Қазіргі таңда Қазақстанда 5 ботаникалық бақ бар. Еліміздің оңтүстігінде бас ботаникалық бақ (Алматы қ.) пен Іле ботаникалық бағы (Бақанас қ.), орталығында Жезқазған ботаникалық бағы (Жезқазған қ.), шығысында Алтай ботаникалық бағы (Риддер қ.), батысында Маңғыстау ботаникалық бағы (Шевченко қ.), солтүстігінде Астана ботаникалық бағы өз міндетін атқаруда. Бұлардың ішіндегі «ең жасамысы» Алматыдағы бас ботаникалық бақ, іргетасы өткен ғасырда – 1932 жылы қаланған. «Ең жасы» – Астана ботаникалық бағы, ол 2018 жылы ашылды. Бұл бақтың ашылуына өзімнің де біршама қатысым бар. Бұл тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Еліміздің астанасы бұрынғы Ақмола қаласына, қазіргі Астанаға көшкен. Мен ол кездері Ботаника және фитоинтродукция институтының директоры қызметінде едім. Еліміздегі барлық ботаникалық бақ осы институттың филиалдары құзырында болатын. Қазақстанның солтүстігінен басқа барлық аймағында ботаникалық бақ бар да, тек солтүстігінде жоқ еді. Оның үстіне Ақмоламыз мемлекетіміздің астанасы болып жатыр. Жалпы қай мемлекетке барсаңыз да бас қаласында міндетті түрде ботаникалық бақ болады. Екіншіден, ғылыми тұрғыда, солтүстік аймақтарымызды қамтитын, осы жерлеріміздің табиғат-климат, топырақ ерекшелігіне сәйкес келетін әлемдік флора өкілдерін таңдап, саралап, осы аймаққа жерсіндіру, яғни интродукциялау мақсатын жүзеге асыру ауадай қажет еді. Мінекей, осы айтылғандарды негізге алып, институтымыздың атынан тиісті мекемелерге, министрлікке Астана қаласына ботаникалық бақ салу идеясын ұсындық. Сол кездегі Ақмола облысының әкімі Владимир Карлович Гартман бізді жақсы қабылдап, қаланың аумағын аралатып, жер таңдауға мүмкіндік берді. Біз Астана-Қарағанды тасжолына жақын, аумағы шамамен 70 гектар болатын, қасында өзені бар суармалы алқапты таңдадық. Алайда түрлі себеппен ол жер сол күйі баққа айналмады. Тек 2018 жылы институтымыздың қазіргі директоры, менің шәкіртім десем де болады, академик Гүлнәр Тоқбергенқызының бастамасымен Астана ботаникалық бағы ашылып, идеямыз сәтімен жүзеге асты.
Сұхбаттасқан
Шапағат ӘБДІР



