Өрт қауіпсіздігі шаралары күшейтілді

Астана қаласы Сарыарқа ауданында кәсіпкерлік нысандарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш іс-шаралар Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен Төтенше жағдайлар басқармасының бірлесуімен жүзеге асып жатыр.
Жауапты мамандар аудан аумағындағы сауда, қызмет көрсету және басқа да кәсіпкерлік объектілерін аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеруде. Сонымен қатар нысан басшылары мен қызметкерлеріне төтенше жағдайлардың алдын алу, өрт шыққан жағдайда жедел әрі дұрыс әрекет ету тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
«Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы және Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, Астана қаласы Сарыарқа ауданында өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу шараларын жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі таңда 600-ге жуық объектіні шолып шықтық. Объект басшыларына өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіріп, төтенше жағдайда қандай іс-әрекет жасау керектігін айтып өттік. Бүгінде 15-20 объектіні аралау жоспарланып отыр» дейді Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы сауда және қызмет көрсетуді дамыту бөлімінің басшысы Әділ Дүйсенбайұлы.
Мамандардың сөзінше, мұндай профилактикалық жұмыстар кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, адам өмірі мен мүлікті қорғауда маңызды рөл атқарады. Алдағы уақытта да өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру және бақылау шаралары жүйелі түрде жалғасады.



