Мәселе

Өнім контрабандасы тыйылмай тұр

Агроэкспортқа кері әсер етіп отырған тағы бір фактор – контрабанда мен реэкспорт. Соңғы 5 жылда тыйым салынған өнімдерді шекарадан заңсыз өткізуге қа­тысты жүздеген оқиға тір­келген. Мысалы, кейбір кәсіпкерлер көрші елдерден (мысалы, Өзбекстаннан) арзан қызанақ, бұрыш, қауын сияқты өнімдерді Қазақстанға жеткізіп, оларды «отандық өнім» ретінде рәсімдеп, ­экспортқа шығарған.

Атап айтқанда, көрші елдерден (әсіресе Өзбекстан мен Қытайдан) келген арзан көкөністер отандық өнім ретінде рәсімделіп, Ресейге экспортталған. Мұндай жасанды «қазақстандық өнім» фактілері ел беделіне нұқсан келтіріп қана қоймай, ресейлік фитосанитарлық қызметтердің шектеу шараларын қолдануына себеп болған. 2024 жылы Россельхознадзор қазақстандық көкөніс, жеміс, тіпті бидай импортына уақытша тыйым салды. Мұндай жағдайлар аграрлық бизнестің ұзақмерзімді жоспар құруына кедергі келтіреді. 2023 жылғы пияз экспортына тыйым салу нәтижесінде шаруа­лар шығынға ұшырап, өнімнің бір бөлігі көрші елдерге заңсыз жөнелтілді. Бұл ахуал экспорт саясатының болжамсыздығын айғақтайды.

Тағы бір өткір мәселе – импорттық демпинг. Қазақстан көкөніс бойынша Орталық Азияда ірі импорттаушы болып отыр. Мәселен, қыста және көктемде ел нарығын арзан, маусымнан тыс көкөністер басып кетеді. Түрікменстан, Қытай, Өзбекстаннан әкелінген өнім жергілікті шаруаның бағасын түсіріп, оның бизнесін тиімсіз етуде. Мұндайда антидемпингтік шаралар қолданылмайды, ал ішкі нарық қорғалмаған күйде қалады. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) толыққанды мүшесі ретінде ұлттық деңгейде жедел демпингке қарсы шара қабылдауда дербес әрекет ете алмайды. ЕАЭО шеңберіндегі демпингке қарсы механизмдер бар, бірақ оларды пайдалану үшін ірі өндірушілер тобының бастамасы, дәлелдемелері, ұзақ процедуралар қажет. Бұл шағын және орта фермерлер үшін қолжетімсіз. Мысалы, Ресейде мұндай тетіктер фермерлердің одақтасуы арқылы нақты іске қосылады. Ал бізде ұйымдасу деңгейі төмен, кооперация әлсіз, саяси ерік жеткіліксіз. Бұл жағдай әсіресе ерте өнім беретін оңтүстік өңірлердегі фермерлер үшін күрделі әлеуметтік-экономикалық салдарға әкеліп отыр.

Айгүл Қапбарова,

Сенат депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button