Ел тынысы

Өңірлік кадрлық резерв – жаңа мүмкіндік

Бүгінгі Қазақстан – заманауи, әділетті, тиімді басқару жүйесіне бет алған ел. Бұл жолда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кадрлық саясат жаңа сапаға ие болуда. Оның айқын көрінісі – Президенттік жастар кадр резерві мен өңірлік кадр резерві сияқты жобалардың жүзеге асуы.

Жаңашыл жобалар жасампаз жас буынға арналады. 2024 жылы мен Астана қаласының өңірлік кадр резервіне өтіп, бұл бастаманың маңызын жеке тәжірибемде сезіндім. Бұл резерв – өз саласында кәсіби жетістіктерге жеткен, білімі мен біліктілігін мемлекеттік қызметке арнағысы келетін азаматтар үшін әділетті алаң. Резервке іріктеуі ашық және бәсекелестік форматта өтті, үміткерлердің кәсіби деңгейі, құндылықтары мен басқарушылық әлеуеті ескерілді.

Президент мемлекеттік қызметке жаңаша көзқараспен қарайтын, білікті, білімді жастардың келуі қажет екенін үнемі айтады. Өз сөзінде Мемлекет басшысы: «Бүгінгі жас – ертеңгі көшбасшы. Жастар ел тағдырына бейжай қарамауы тиіс. Қоғамдық қызметке белсенді араласу – нағыз патриотизмнің белгісі» деген болатын. Бұл сөздер – жастарға артылған зор сенім мен үміттің айғағы. Мемлекет дәл қазір білімді, жігерлі, жаңашыл буынға арқа сүйеуде.

Жастарға үлкен мүмкіндік беретін Президенттік жастар кадр резервіне биылғы жаздың алғашқы күнінен кезекті төртінші іріктеу басталды. Бұл – талантты, бастамашыл, креативті жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартудың тікелей тетігі.

Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында ерекше атап өтілген маңызды бағыттардың бірі – жастармен жұмыс істеу, дарынды түлектерді ерте кезеңнен бастап анықтап, оларды мемлекеттік қызметке тарту. Тұжырымдамада көрсетілгендей, мемлекеттік қызмет – бұл тек жұмыс орны емес, бұл – Адал азамат бейнесін қалыптастыратын миссия. Мемлекет жастарға сеніп отыр. Ендігі кезек сол сенімді ақтауда. Ел игілігіне еңбек ету әрбір саналы азаматтың борышы деп білемін. Мен де жастарға берілген мүмкіндік арқылы жаңа кәсіби белестерге жол аштым.

Бекзат ТАМШЫБАЙ,

Астана қаласы өңірлік кадр резервінің мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button