Басты ақпаратМәдениет

Өнер тіліндегі өмір тәжірибесі

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры жаңа жылда алғашқы премьераны ұсынды. «Мұрагерлер» деп аталатын трагикомедия жанрындағы қойылымды аталмыш өнер ошағының әртістері Дмитрий Маштаков пен Светлана Фортуна сахналады.

Спектакль «Премьера бізбен бірге» жобасы аясында көрер­мендерге жол тартты. Оның ерекшелігі – мұнда алдын ала іріктеуден өткен қарапайым адамдар театрдың жетекші әр­тістерімен бірге сахнада ойнайды. Қойылымның басты айтары – сахна кез келген адамға өмір тәжірибесін іске асыруға кеңістік бола алатынын көрсету, соны өнер тілінде жеткізуге болатынын паш ету.

Трагикомедияның желісіне тоқталсақ, үш отбасы туысқандарынан қалған мұраны бөлісу үшін оның қала сыртындағы үйіне жиналады. Бірақ өсиетхат бойынша осы үй бір-біріне адал, тату-тәтті өмір сүріп жатқан берекелі отбасыға берілуі керек. Текетірес осы жерде басталып, сол отбасылардың шынайы бет-бейнесі ашылады. Атап айтсақ, бір отбасы ажырасудың алдында тұр екен. Екінші отбасындағы ері мен әйелі заңды түрде некеге тұрмаған болып шықты. Ал үшінші отбасындағы махаббаттың орнын баяғыда бақылау, қорқыту мен үркіту басыпты.

Дүние үшін талас-тартыс кезінде аталған отбасылардың ортасына сырт көзге есі ауысқан әйел болып көрінетін, алайда шын мәнінде жақсы жағына өзгерістерге бастайтын кейіпкер кіреді. Бұл кейіпкер нағыз байлық ақша мен үй емес, адамдардың жылы қарым-қатынасы екенін, махаббатты бәрінен биік қою керектігін, ерлі-зайыптылар қай жағдайда да, қиындық туғанда да бірін-бірі тастамай, бірге болу керектігін ұқтырады. Қорыта айтқанда, қойылым адами және отбасылық құндылықтарды дәріптеп, насихаттайды.

– «Мұрагерлер» мен үшін жай спектакль емес, бұл арқылы өзіме үйреншікті актриса бейнесінен продюсерлік және режиссура әлеміне қадам бастым. Кәсіби команда мен шынайы оқиға болса, кез келген адам сахнаға шыға алады. Осы спектакль арқылы соны айтқымыз келді. Бұл қойылым әр отбасы тіршілігінде жүректі ауыртатын да, күлкі шақыратын да оқиғалар кездесетінін, кез келген уақытта өмірді жаңаша бастап, өзгертуге болатынын көрсетеді, – дейді спектакльдің қоюшы режиссері әрі продюсері Светлана Фортуна.

Тағы бір режиссер Дмитрий Маштаков бұл қойылым аталмыш театр үшін де, режиссерлер үшін де эксперимент болғанын айтады.

«Бір спектакльде кәсіби актерлер мен қарапайым адамдардың кездесуі, әрине, қиындықтар тудырады. Алайда осындай қойылымдар арқылы бүкпесіз, шынайы өмірді көрсетуге болады» дейді ол.

«Премьера бізбен бірге» жобасы әлі де жалғасады. «Мұрагерлер» спектаклі – соның басы ғана. Яғни алда өнерге қатысы жоқ елорда тұрғындарына іріктеулерге қатысып, сәтті өткен жағдайда түрлі тақырыптағы спектакльдерде ойнауға болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button