Мәдениет

Өнер ордасы өрісін кеңейтті

Елордада күн сайын елеулі мәдени іс-шаралар, маңызды оқиғалар өтеді. Соның бірі – «Астана опера»  шығармашылық ұжымы сенбі күні астаналықтар мен қала қонақтарын театрдың сахна шеберлері өнер көрсететін жаңа орынға жинады.

Опера және балет – өнердің шыңы десек, балет – өнердегі күрделі жанр деуге болады. Мазмұны музыкалық-хореографиялық образдар арқылы ашылатын спектакльдер – көрерменнің көзайымына айналған шедевр дүниелер, айрықша өнер туындылары. Сондай керемет классикалық кеш 14 наурызда – «Бейбітшілік және Келісім Сарайының» сахнасы М.Фокиннің «Шопениана» және Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» балеттерімен ресми түрде ашылды. Дирижері – Руслан Баймурзин.

«Астана опера» сахнасынан өзге тағы бір өнер көрсететін орынның іске қосылуы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің және театрдың «Бейбітшілік және Келісім Сарайымен» серіктестік қарым-қатынасы нәтижесінде іске асты. Бұл жөнінде қойылым алдында өткізілген баспасөз шарасы кезінде мәлім болды.

— Бұл арқылы біздің шығармашылық ұжым классикалық музыканы сүйетін талғампаз көрерменге бұрынғыдан да жақындай түседі, әлемдік музыка өнерінің, оның ішінде ұлттық классикалық биік өнерді кеңірек насихаттауға мүмкіндік береді, — дейді «Астана Опера» театрының директоры Александр Совостьянов.

– «Бейбітшілік және Келісім Сарайы» елорда тұрғындары мен қонақтарының талғамына сай келетін қойылымдарды ұсынуға мүдделі. Таңғажайып өнер ордасы – «Астана Опера» театрымен ынтымақтастығымыз елордадағы классикалық өнерді дамытуға елеулі үлес қосарына сенімдіміз, — деді «Бейбітшілік және Келісім Сарайының» директоры Нарима Мұхамбеталина.

Сенбі күні Сарай сахнасында М.Фокиннің «Шопениана» және Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» бір актілі балеттері шымылдығын түрді, көрерменнің жүрегін жаулап, әдеттегідей аншлагпен өткізілді. Еуропаны бағындырып, таңдайын қаққызған  «Шопениана» — Фридерик Шопеннің музыкасына жазылған балет сюитасы. Қойылым Астанада зор қолдау тауып, зал толы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

— Балет өнері – жалпы көрерменге жақын өнердің бірі. Оның үстіне осындай ғажайып Сарай сахнасында қойылуы – классикалық шығармаларды жақсы көретін жандардың қалауын орындап, халыққа неғұрлым жақындай түсуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Репертуары жыл сайын кеңейіп, қойылым саны мен сапасы жоғарылаған сайын «Астана опера» сахнасында қойылған спектакльдер енді «Бейбітшілік және Келісім Сарайының» сахнасында да көрсетіліп, көрермен қауымын қуантатын болады. Бұл – орын мен уақытты тиімді пайдалануға жол ашады, -дейді  «Астана Опера» дирижері Руслан Баймурзин.

Классикалық хореографияның інжу-маржандарының бірі саналатын М.Фокиннің аты аңызға айналған хореографиясына Балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова басшылық етіп, өнер шеберлерімен бірге киелі сахнаға ұсынғанын атап өту қажет.

Қазақ өнері сахнасында бекзат өнер, талғампаз өнер – опера мен балеттің ұлттық және әлемдік ең шедевр саналған үздік шығармаларын насихаттап келе жатқан «Астана опера» ұжымы енді өрісін кеңейтіп, Бейбітшілік және Келісім Сарайы» сахнасында елорда тұрғындары мен қонақтарына классикалық тамаша дүниелерді қоя алады. Бұл – театрдың талайдың таңдайын қаққызған репертуары мен мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Мұнда қызықты түрлі іс-шаралар, әрқилы форматтағы бағдарламалар саны артып, көрермен аудиториясының көбейе түсетін болады. Болашақта да мұнда опера және балет қойылымдары, гала-концерттер өтеді, сондай-ақ талғамы биік өнерге жаңа көрермендерді баулуға бағытталған арнайы жобалар мен классикалық өнер тақырыбындағы білім беру, ағартушылық, танымдық дәрістер ұйымдастырылатын болады.

 Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button