
Астана қаласындағы Индустриалды №1 парк аумағында орналасқан «Stadler Kazakhstan» ЖШС ұжымымен «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық штабы көшпелі кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Іс-шара Конституцияның жаңа жобасын талқылау және еңбек ұжымдары арасында конституциялық реформалардың мәні мен маңызын кеңінен түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды. Кездесуге зауыт қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және сарапшылар қатысты.
– Жаңа Конституция – әділетті қоғам құрудың берік құқықтық негізі. Оның басты өзегі – адам құқығы мен заң үстемдігі. Бүгін өндіріс ұжымымен кездесу – реформаларды түсіндірудің және қоғамның барлық саласын осы маңызды үдеріске тартудың нақты көрінісі. Зауыт бар жерде – өнеркәсіп бар, өнеркәсіп бар жерде – қуатты мемлекет бар. Жаңа Конституцияның мәні де осында: еңбекке, өндіріс мәдениетіне және нақты өнім өндіретін адамдарға құрмет. Конституция жобасында Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екені, онда ең жоғары құндылық – адам және оның еңбегі екені нақты көрсетілген. Бұл болашақ экономиканың нақты өндіріс, технология және өнеркәсіптік тәуелсіздікке негізделетінін білдіреді, – деді Жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық штабының басшысы Ерлан Каналимов.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев конституциялық өзгерістердің ауыл шаруашылығы, өндіріс және өңірлік даму салаларына ықпалына тоқталды. Ал Астана қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы Зұлфухар Ғайыпов азаматтық қоғам институттарының конституциялық реформаларды қолдаудағы және түсіндірудегі жауапкершілігін атап өтті.
Кездесу барысында конституциялық реформаның негізгі бағыттары – әділеттілік қағидатын нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, сондай-ақ адам капиталын дамыту мәселелері кеңінен түсіндірілді. Өндірістегі ойталқыға қатысушылар жаңартылған Конституция нормаларының білім беру жүйесіне, өндірістік кадрларды даярлауға және жас мамандарды қолдауға ықпалы жөнінде пікір алмасты. Зауыт қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерге нақты жауап алды.
Астана қалалық штаб өкілдерінің айтуынша, мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.
Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ



