Руханият

Өмірі өнермен өрілген

Астаналық Ерсін Жүсіпов – бар ғұмырын би өнеріне арнаған еңбек майталманы. Жасы 76-да болса да, ол әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп, сахнадан алыстамай келеді. Жарты ғасырға жуық уақытын хореография саласына арнаған ұстаз үшін би – жай қимыл-қозғалыс емес, жан дүниенің тілі, тәрбие мен тәртіптің үйлесімі.

Өнерге деген қызығушылығы студенттік шақта басталған. Қостанай педагогикалық институтының биология-химия мамандығына оқуға түсіп, мектепте ұстаздық қызмет атқара, би үйірмесін қатар жүргізеді. Сонымен қатар қалалық мәдениет сарайында да жұмыс істеген. Оның айтуынша, мамандығы басқа болғанымен, би – жүрек қалауы.

– Мамандығым бойынша жұмыс істесем де, бос уақытымды үнемі биге арнадым. Өнерге деген сүйіспеншілігім мені осы салада алып қалды. Оған үлкендердің берген қолдауы да себеп болды, – дейді ол.

Ерсін Жүсіпов би саласындағы алғашқы ірі шығармашылық қадамын 25 жасында жасап, 1971 жылы Өзбекәлі Жәнібековтен ұлттық қойылым дайындауға ұсыныс алған. Сол кезден бастап оның жолы мәдениет пен тәрбиені тоғыстырған би әлемінде жалғасып келеді.

Қазіргі таңда Астана қаласының маңындағы Қоянды ауылында Ерсін Жүсіпов жетекшілік ететін «Мирас» би ансамблінде жұмыс істейді. Құрылғанына бір жыл толған, ансамбль құрамында 60-қа жуық бала бар. Олар әртүрлі бағыттағы би түрлерін меңгеруде. Ансамбль би сайыстарында үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарды еншілеуде. Жетекші үшін әр баланың ынтасы мен көзқарасы маңызды.

Өнер жолында жүріп, талай шәкірт тәрбиелеген ұстаздың жолын жалғап жүргендер бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. Оның 30-дан астам шәкірті би саласында қыз­мет істейді. Төрт ұлы мен бір қызы бар Ерсін ағаның ең кенжесі әкесінің жолын қуып, биші мамандығын таңдаған. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің ансамблінде еңбек етеді.

– Жастардың көзінен биге деген шынайы ұмтылысты көргенде, өзімнің қартайғанымды да ұмытып, соған мәз боламын. Әрине, физикалық тұрғыдан шаршайсың, бірақ балалардың биге деген ынтасы маған күш береді, – дейді еңбек ардагері.

Оның еңбегі бірнеше республикалық және қалалық мерекелерде жоғары бағаланып, 2009 жылы «Мәдениет қайраткері» атағына ие болды. Бұл – көп жылдық еңбегінің еленгенінің бір көрінісі.

– Қандай мамандықты таңдасаң да, өз ісіңе деген махаббат болуы керек. Жан-тәніңмен берілсең, жемісін көресің. Мен үшін сахна – өмір, ал би – соған апаратын жол, – дейді Ерсін Жүсіпов.

Айнамкөз БҮРКІТХАН,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button