«Өмірді сүйем жаныммен!»

ҚР Ұлттық архивінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ тілінде тұңғыш жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, ақын, сазгер Әкім Ысқақтың 65 жылдығына орай «Өмірді сүйем жаныммен!» атты әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шарада мерейтой иесінің ел дамуына қосқан үлесі, рухани-мәдени мұрасы насихатталып, жастарға үлгі етілді. Ақынның шығармашалық жолы, әдеби және музыкалық еңбектері жұртшылыққа кеңінен таныстырылды.
Мәдени жиынға Парламент депутаттары, зиялы қауым өкілдері, өнер жұлдыздары және қоғам белсенділері қатысты. Көрермен қауымға ақынның әдеби, музыкалық еңбектері, басылым беттерінде жарияланған сұхбаттары мен өмір жолынан сыр шертетін фотоқұжаттар қойылған көрме ұйымдастырылды.
— Әкімді жақсы танып, араласып жүргенімізге 30 жылдан астам уақыт болды. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы білім бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген кезден бері танимын. Сол кездің өзінде айналасына сый-құрметі жоғары, сөзі өтімді, беделді азамат болды. Сол қасиеттерінің арқасында тұңғыш рет тікелей сайлау арқылы Парламентте депутат болған азаматтардың бірі, — деді Парламент Сенатының депутаты, аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев.
Ол Әкім Ысқақтың мерейтойына орай ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жолдаған құттықтау хатты оқып берді. Хатта оның еңбек жолын білім беру саласынан бастап, журналистік қызметте де кәсібиліктің биік деңгейін көрсеткені, қазақ баспасөзінің дамуына үлкен үлес қосқаны, ҚР Парламентінің алғашқы шақырылымында мәжіліс депутаты болып, Ұлттық Парламентаризмді қалыптастыруға зор еңбек сіңіргені жазылған. Президент әкімшілігінде, Мәжіліс және Сенат аппаратында жауапты қызметтер атқарып, парасат-пайымымен танылғаны да атап өтілген. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, елімізде әкелер институтын нығайту бағытындағы қажырлы және табанды қызметі де ескерілді. Қоғамда болып жатқан мәселелерге бей-жай қарамай, ел өміріндегі оқиғаларға белсенді араласып, үнемі өз пікірін білдіріп отыратын қоғам қайраткері Республикалық Әкелер одағы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар, Қазақстан Журналистер, Қазақстан Композиторлар, Халықаралық Журналистер одақтарының мүшесі болды. Осындай құттықтаулар Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті , Президенттің Парламенттегі өкілдігі, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқыққорғау органдары академиясы, ҚР Жазушылар одағы Астана қалалық филиалы атынан да берілді. Құттықтау хаттарда туындылары бірнеше елдердің тілдеріне аударылған ақынды елдің «Сөз маржанының шырақшысы» деп қадірлейтіні туралы жазылған. «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін» наградалары — ақынның абыройлы қызметі мен қаламгерлік шеберлігі және қоғам игілігіне сіңірген еңбегінің айқын айғағы.
— Әкім ағамыз тұңғыш рет қазақ тілінде жазған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының арқасында қаншама қандасымыз атамекеніне оралып, көшке көш қосылды, іргеміз кеңіді. Елге құт болып келген осы заңмен қоса, «Архив және архив қорлары туралы» заңды да мемлекеттік тілде жазуға атсалысты. Бойында бірнеше өнер тоғысқан Әкім Ысқақтың қаншама әсем әндерін эстрада әншілері орындап жүр. Ақындығы мен сазгерлігі астасқан, әрі қоғамдағы қайраткерлігі де бір төбе осындай тұлғаның кешін өз төрімізде ұйымдастыру – біз үшін зор мәртебе, — деді ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова.
Мерейтой иесін ҚР Президент Орталығы, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті, «Отандастар» қоры, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы және басқа да ұйымдар өкілдері құттықтады. Кеш қонақтары мерейтой иесінің ақындық, сазгерлік, қайраткерлік қырына кеңінен тоқталып, бүкіл болмысын ашатын қасиеттеріне тоқталды.
Іс-шара аясында жас орындаушылар мен ақындар оның өлеңдері мен әндерін орындады. Солардың бірі әнші Арайлым Мамырбекова ақынның «Өмірді сүйем жаныммен» әнін орындап берді. Сонымен қатар басқа ақындардың өлеңіне Ә.Ысқақ ән жазған шығармалар да орындалды. Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық драма театр әртісі Гаухар Жүсіпова Ә.Ысқақтың қарасөздерін оқыды. Адам жанына терең үңіліп, барша жанды мейірім мен жақсылық жасауға шақыратын өлең жолдары, «Алтыным» деп басталатын жазбалары жүрекке жететіні оның үлкен жүректің иесі екенін көрсетеді. Ақыны құрмет пен қошеметке бөленген жиында зиялы қауым өкілдері мерейтой иесінің осындай сегіз қырлы, бір сырлы азамат екенін және әр қырынан жоғары деңгейге, тың дүниелерімен танылған, өзіндік орны биік тарихи тұлға екенін атап өтті.
Райхан Рахметова
Фото: Оңалхан Өнерхан