Басты ақпаратРуханият

Өмір жолы – өшпес өнеге

Сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі, ғұлама ғалым, көрнекті жазушы Евней Арыс­танұлы Бөкетовтің соңында қалдырған ғылыми еңбектері, көркем аудармалары, публицистикалық мақалалары кезінде де, қазірде де тиісті бағасын алып, маңызын жоғалтқан жоқ. Ол туралы мерзімді баспасөз беттерінде де көп жазылып жүр.

Евней Арыстанұлы 1925 жылы 23 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы, Октябрь, қазіргі Шал ақын ауданының Бағанаты ауылында туды. Әкесінің денсаулығына байланысты 9-сыныпты бітірген соң оқуын тоқтатып, жұмысқа шығуға мәжбүр болды. Тек 1945 жылы 20 жасында ол кәмелеттік аттестат алу үшін экстернат түрінде емтихан тапсыруға мүмкіндік алып, Қазақ тау-кен металлургия институтының (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті) металлургия факультетіне түсіп, 1950 жылы аталған оқу орнын бітіріп шықты. Болашақ академиктің қызметтік және ғылыми мансабына қатысты қысқаша деректер: 1951-1953 жылдары – аспирантура, 1954 жылы кандидаттық диссертациясының қорғалуы, 1956 жылы доцент лауазымы, 1958 жылы институт ректорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, ал 1960 жылы Қарағанды қаласындағы Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының директоры қызметіне тағайындалу. Осы уақыттан Евней Бөкетовтің жеке ғылыми және ұйымдастырушылық қызметі басталады деп айтуға болады.

Евней Арыстанұлы Бөкетов – көрнекті ғалым, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор; белгілі жазушы, аудармашы, прозашы, әдебиет сыншысы, публицист; Қазақстандағы ғылым және жоғары білім беру ісінің дарынды ұйымдастырушысы. Сарыарқаның төсінде Евней Бөкетов ғалым, жазушы болып қалыптасты. Мен де Евней Арыстанұлының көзі тірісінде дайындаған ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарының қатарындағы көп шәкірттерінің бірімін. Сондықтан бұл естелік мақаламда аяулы ұстазымның ұмытылмас өнегесі, ол кісімен әр кезеңде бірге болған сәттерде көріп-білгенім, көкейге түйгенім жайлы сөз қозғамақпын.

…Әлі есімде, 1966 жыл, тамыз айының 15 жұлдызы болатын. Бұл – Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін физика-химия мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтап, жолдамамен Қазақ КСР Ғылым академиясы Химия-металлургия институтының (ХМИ) директоры Евней Арыстанұлы Бөкетовтің қабылдауына келген күнім. Бұрын сырттан білсем де тілдеспеген едім. Кабинет­ке кіргенімде нар тұлғалы, келісті жігіт ағасы жылы шыраймен қарсы алды. Мән-жайды білді, майда қоңыр дауысы, құлаққа жағымды үнімен бірден баурап әкетті. Алға қойған мақсатымды, ғылымның қай саласымен айналысқым келетінін білген соң, қасыма бір ғылыми қызметкерін қосып беріп, институт зертханаларына экскурсия жасатқызып, таңдауды өзіме қалдырды. Мен Евней ағаның алдына қайта оралып, сирек және бытыраңқы элементтер зертханасында жұмыс істеуді қалайтынымды айттым. Сөйтсем, ол зертхананың меңгерушісі де Евней Арыстанұлының өзі екен. Сол күннен бастап Евней ағаның шәкірті болу бақыты бұйырды. Ғұлама ғалым алғашқы жүздесуде-ақ мына мәселелерге назар аударуды тапсырды: біріншіден, химия мен металлургия саласындағы ғылымды тереңірек меңгеру үшін әрбір зерттеуші кен жыныстары мен өнеркәсіп өнімдеріне химиялық анализді өзі жасай білетін дәрежеде болу керектігін ескертті; екіншіден, ғылыми зерттеулерді өндіріспен ұштастыра жүргізу талабын қойды; ең соңында, тар ғылым шеңберінде шектеліп қалмай, көркем әдебиет, мәдениеттен хабардар, жан-жақты білім иесі болуыма тілек білдірді. Кейін араласа келе, осы қасиеттер Евней ағаның бойынан табылатынына көзім жеткендей болды. Сол жылы күзде мені Балқаш кен-металлургия комбинатына іссапарға жіберіп, мыс өндірісінің технологиялық процес­терімен толық танысуыма мүмкіндік жасады. Таза мыс алғаннан кейін мыс электролиттік шламның (қалдықтың) құрамында алтын, күміс, селен мен теллур сияқты сирек металдар, қорғасын, мырыш, басқа да бағалы металдар болады. Кейініректе мен Өзбекстандағы Алмалық, Ресейдегі Пышма мыс зауыттарында мыс электролиттік шламнан селен алудың жаңа электрохимиялық технологиясын өндірістік сынақтардан өткізуге тікелей қатыстым.

Евней Арыстанұлының шәкірттері бола жүріп, біз өзімізді химия және металлургия саласында әртүрлі мәселелердің жиынтығымен айналысып жүрміз деп ойласақ керек. Әсіресе күкірт, селен, теллур, мышьякты зерттеу қарқынды дамыды. Біз өзімізді «селеншілер» және «мышьякшылар», «гидридтер» және «пириктер», химиктер және металлургтер, теоретиктер және практиктер, технологтар және аналитиктер деп бөліп жүрдік. Ал Евней Арыстанұлының бір өзінде осылардың барлығы да бар еді. Ол осы жеке бағыттарды бір қуатты ғылыми бағытқа біріктіріп, оған Менделеевше терең мағыналы «Халькогендер мен халькогенидтердің химиясы және технологиясы» деген атау берді. Сөйтіп ғылыми жұртшылыққа белгілі «Халькогендер мен халькогенидтер химиясы және технологиясы» саласындағы зерттеулердің қазақстандық мектебінің және осы аттас проблемалық зертхананың негізін қалады. Бұл проблематика бойынша төрт бүкілодақтық, бірнеше халықаралық, республикалық кеңес 1978 жылдан бастап Қарағанды химия-металлургия институты мен ҚарМУ-дың базасында өткізілді. Алғашқы екі ғылыми кеңестің ұйымдастырушысы және төрағасы Евней Арыстанұлының өзі болды. Аталған тақырыптағы тұңғыш Бүкілодақтық ғылыми кеңеске Кеңес Одағының әр республикасынан осы саладағы атақты ғалымдар мен өндіріс басшылары қатысты. Бұл жиынға қатысушылардың біразы, атап айтқанда, КСРО ҒА Физикалық химия институтының директоры, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің бейорганикалық химия кафедрасының меңгерушісі, академик, Социалистік Еңбек Ері В.И.Спицын, ММУ профессоры, академик, Социалистік Еңбек Ері А.В.Новоселова, Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшелері Б.А.Жұбанов, О.А.Сонгина, Е.И.Пономарева, тағы басқалары біздің факультетке келіп, зертханалармен танысып, өздерінің ақыл-кеңестерін айтты. Академик В.И.Спицын өзінен анағұрлым жас әріптесі Евней ағаның үлкен досы, ғылыми бағыттарының қолдаушысы болды.

1960-1972 жылдары ХМИ-дың директоры болған Евней Арыстанұлының жетекшілігімен Орталық Қазақстанда академиялық ғылым зор қарқынмен дами бастады. ХМИ-дағы түсті металлургияның түйіршіктелген материалдарын шахталық күйдіруден өткізу және күкірт, селен, теллур (халькогендер), мышьяктың қатысуымен автоклавтық гидрохимиялық процестер атты екі негізгі тақырыптама бойынша зерттеу нәтижелері зор ғылыми және практикалық маңызға ие болды. Алғашқы КСРО-ның автор­лық куәлігі алынып, монография жарыққа шықты. Осы зерттеулердің негізінде Евней Бөкетов 1966 жылы докторлық диссертациясын қорғады. Институтта электрохимиялық зерттеу­лер басталды. Шахталық күйдіргіш пештері Ресейде, Жезқазғанда, Жамбыл зауыттарында өндіріске енгізілді. 1967 жылы Монреаль қаласында (Канада) Дүние­жүзілік көрмеге қатысты. 1969 жылы Балқаш кен-металлургия комбинатында мыс кендерін кешенді өңдеу технологиясын зерттеп, дамытып, өндіріске енгізуге қатысқаны үшін Евней Арыстанұлы Бөкетов ғылым мен техника саласы бойынша КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1970 жылы Қазақ КСР ҒА корреспондент мүшесі, ал 1975 жылы толық мүшесі – академик болып сайланды. 1972 жылы республикадағы екінші – Қарағанды мемлекеттік университетінің тұңғыш ректоры болып тағайындалды. 1972-1980 жылдары ҚарМУ-да ректорлық қызмет атқарған кезеңінде Евней Арыстанұлының ғылыми-педагогикалық дарыны айқын көрінді.

…1969 жылы тамыз айының бас кезінде Евней Арыстанұлының отбасымен бірге Баянауылдағы Жасыбай көлінің жағасында демалдым. Ерке Есілдің суына шомылып өскен оған бұл жердің суы да, қалың тоғайлы нуы да, тау-тасы да, адамдары да қатты ұнады. Тек Сұлтанмахмұт Торайғыровтың зиратына тәуап етіп барғанда, ақын басындағы жұпыны ескерткішті көріп, ренжігені бар. Оның осында екенін естіген төңіректегі елдің азаматтары ертелі-кеш сәлем бере келіп, әңгімелесіп, ағадан ақыл-кеңес сұрайтын.

Қайтар жолда ұстазым менің туыс­тарыммен танысып, білісу үшін Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) ауданы Қ.Бабаев атындағы кеңшарға әдейілеп ат басын бұрды. Сол уақыттан Евней ағаның біздің елмен қарым-қатынасы үзілмеді. Мұны айтып отырғаным, бірге жүрген сапарларымыздан аңғарғаным, Евней аға қызметтес емес, кісілігіне, ықылас-пейіліне қарап, қарапайым жандардың дастарқанынан дәм татқанды ұнататын. Және де сол көңіліне жаққан адамды қатты сыйлап, қадір тұтатын. Сондай адамдардың бірі – Бұқар бабамыздың ұрпағы, Қарағандыда ұзақ жылдар тұрған Қабылбек Исабаев ақсақал еді. Ол көненің көзіндей, көкірегі шежіре, қолы ашық қария болатын. Онымен әңгімелесіп, мәжіліс құрудың өзі бір ғанибет. Кезінде ол кісі халқымыздың мақтанышы, қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевпен де сыйлас болған екен. Тіпті Қаныш Имантайұлы Мәскеуде науқастанып жатқанда Қабекең үйінің бал қымызын алдыртып, тамсанып ішкенін газет оқырмандары бұрыннан біледі. 1974 жылы Қабылбек ақсақал дүниеден өтті. Евней Арыстанұлы қарияны Ульянов ауданындағы Алабас ауылына апарып жерлегенде топырақ салды.

Біз сәл ғана жетістігімізді Ұстазымыз­бен бөлісуге асығатынбыз. Ондайда Евней аға бізді көтермелеп, мадақтай келе: «Әй, батыр, біз білгенді басқалар да білуі мүмкін. Бұған тоқмейілсуге болмайды» дейтін де, бізге мәселені тереңірек, кеңірек зерттеп, технологияны жақсартуға немесе жаңа іргелі ғылыми мәліметтер алуға жеткізетін проблемалар ұсынатын. Евней аға ғұлама ғалым, қаламы жүйрік жазушы ғана емес, ілім-білімді белсенді насихаттаушы публицист те еді. Мерзімді басылымдарда жастарға арналған мақалаларын жариялап тұрды. Олардың қатарына «Ағадан ақыл, ініден шарапат», «Қараша үйден Қарағанды университетіне дейін», «Арманшыл болғанға не жетсін», «Студент, саған мәңгілік құштарлық», «Жиырма деген жасында», «Университеттік ілім», «Жастардың болашағын ойласақ», «Маманға бүгінгі талап жоғары» және басқа да мақалалары жатады. «Лениншіл жас» газетінің тілші­сімен болған сұхбатта журналистің «Жастардың бойынан қандай қасиетті көргіңіз келеді?» деген сұрағына академик-ректор «Жалынды құштарлықты. Принциптілікті. Отызда орда бұзбаған, қырықта қамал алмайды. Жастар табанды болуы керек» деп жауап беріпті.

…Өкінішке қарай, «Ленинская смена» газетінде жарияланған жазықсыз жаладан соң 1979 жылдың желтоқсан айынан Евней аға өз өтінішімен ректорлық қызметінен босап, Химия-металлургия институтында ғылыми жұмыстарын жалғас­тырды. ХМИ-дағы қызметін істеп жүріп, біздегі бейорганикалық химия кафедрасының профессоры қызметін де қоса атқарды.

Бөкетов университетіне «ұлттық» мәртебе берілді

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «Ұлттық» мәртебесі берілді.

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы бұл оқиға – алғашқы ректор академик Евней Арыстанұлы Бөкетовтің 100 жылдығына орай көрсетілген символикалық сый-құрмет. Оқу ордасы 2015 жылдан бастап QS World Universities Rankings әлемдік рейтингісіне, Webometrics және QS Asia халықаралық рейтингтеріне кірді. Ал халықаралық Webometrics рейтингінде Қазақстандағы 127 жоғары оқу орнының ішінде үздік ондыққа кіреді. Бүгінгі таңда академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті еліміздегі 18-ұлттық университет атанды. Ұлттық мәртебе ғылымды қаржыландыруды арттырып, инженерлік орталықтар мен технопарк­тердің дамуына жол ашады. Ал профессор-оқытушылар құрамы үшін – еңбекақының өсуі, ғылыми беделдің артуы және жас зерттеу­шілерді тарту мүмкіндігі артады.

Кенжебек РҮСТЕМБЕКОВ,

химия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық
жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,
ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, академик Е.А.Бөкетов атындағы сыйлықтың лауреаты

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button