Өмір жолы өнеге

Ұлағатты ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері, білікті ұйымдастырушы Күлзира Ысқақова мерейлі 75 жасқа толды.
Күлзира Ысқақова 1950 жылы 31 шілдеде Ақмола қаласында дүниеге келген екен. Әкесі Ыдрыс Ысқақұлы – ҰОС ардагері, жауынгерлік жолы Сталинград шайқасынан басталып, Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Соғыстан кейін әкесі Ақмолада есепші, ревизор қызметін атқарса, анасы Сарқыт мұғалімдік жұмысты Абай атындағы №8 мектепте бастап, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Ал Күлзира болса анасының жолын қуып, Алматыдағы С.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы мемлекеттік университеттің тарих факультетіне оқуға түседі.
1973 жылы оқуды үздік тәмамдап, тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы мамандығын алып, Күлзира Талдықорған қаласында жаңадан ашылған педагогика институтының тарих факультетінің оқытушылық қызметіне жолдама алады. Бірақ, тарих факультеті сол жылы ашылмай қалғандықтан Талдықорған облысы Киров ауданындағы орта мектепке жұмысқа жіберіледі де, сол жерде тарих пәнінің ұстазы болып, еңбек жолын бастады.
1976 жылы жанұялық жағдайға байланысты сол кездегі Целиноград қаласына қоныс аударды. Тағдырын ұстаздықпен байланыстырған Күлзира Ыдрысқызы мұнда инженерлік-құрылыс институтында тарих және саясаттану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі болады. 1985-1988 жылдары С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия-экономика факультетінің күндізгі бөлімінің аспирантурасында оқиды. Ғылыми жұмысын сәтті аяқтап, қорғап, 1989 жылы философия ғылымдарының кандидаты атағын иеленді. 1992 жылы саясаттану пәнінің доценті ғылыми атағы берілді.
1996 жылы 23 мамыр айында Целиноград педагогика институты мен Целиноград инженерлік-құрылыс институттары біріктіріліп, Л.Гумилев атындағы ұлттық университеті құрылды. Әрі қарай Күлзира Ыдрысқызы аталған университетте оқытушылық, ғылыми, қоғамдық жұмысын жалғастырып, кафедра доценті, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2004 жылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ «Тарих» мамандығы бойынша академиялық профессор атағы беріліп, Күлзира Ыдрысқызы Біліктілікті жетілдіру институтының директоры, Біліктілікті жетілдіру және сырттай білім беру факультетінің деканы лауазымды, ал 2009-2022 жылдары Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры қызметтерін атқарды. Күлзира Ыдрысқызы Прага, Астана, Алматы, Мәскеу, Ленинград, Дондағы Ростов, Якутск, Одесса және Красноярск қалаларында бірнеше мәрте халықаралық, республикалық және қалааралық конференцияларда ғылыми баяндамалар жасады. Ғылымға қосқан үлесі үшін 2012 жылы Білім және ғылым министрлігінің тарих және қоғамдық пәндер академиясының академигі атағы берілді.
Университетте қызмет істеген барлық жылы Күлзира Ысқақова университеттің, жалпы Астана қаласының қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Қазақстан мен Венгрия арасындағы достық және мәдениет қауымдастығының вице президенті, «Қазақстан тарихшыларының Ұлттық Конгресі» қоғамының, «Қазақстан ғалым әйелдері» қоғамының, «Тұран-Астана» университетінің профессор Орақ Әлиев атындағы эпистемология зерттеу орталығының мүшесі болды.
1991 жылдан бүгінгі күнге дейін үзбей атқарып келе жатқан қоғамдық жұмысының бірі – ҚР Күзет қызметінің (ол жылдары Президенттің күзет қызметі деп аталды) офицерлік құрамына Қазақстан тарихы мәселелері бойынша дәріс оқып, кейін университеттің атақты ғалымдарының дәрістерін ұйымдастырып жүруі.
Күлзира Ыдрысқызы 2008 жылы зейнеткерліке шықса да, (кафедраның профессоры қызметін 2022 жылға дейін атқарды) жастарға үлгі болып, ұрпақ тәрбиесіне атсалысып жүрген ардагер ана. Осы жерде айта кетсек, зейнеткерлікке шықпастан көп бұрын Еуразия ұлтық университеті басшыларының тапсырмасы бойынша, Астана қаласы ардагерлер кеңесінің мәдени-тәрбиелік іс-шараларын өткізуге белсене қатысып, көмек көрсетіп жүрді.
2011 жылы қыркүйек айында ЕҰУ ардагерлер кеңесінің жалпы жиналысында Күлзира Ыдрысқызы университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осыдан кейін, артынша, қалалық ардагерлер кеңесінің президиум мүшесі болды. Бүгінгі күндері Астана қаласы мен Алматы ауданы ардагерлер кеңесі президиумдарының мүшесі. Ол – әрдайым ардагерлер ұйымының жұмыстарына белсенділік танытып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, жастардың патриоттық негізде тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып жүрген жан.
Мақала кейіпкеріне өзі 50 жылдан астам еңбек еткен университетің ректоры Ерлан Сыдықовтың, Астана қаласы ардагерлер кеңесі төрағасы Сансызбай Есіловтың, Алматы аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафиннің атынан Күлзира Ыдрысқызына түрлі салтанатты іс-шараларға арналған оннан аса мерейтойлық медальдар мен елуден астам алғыс хаттар берілген.
Күлзира Ыдрысқызының сан алуан қызметі мен жетістіктеріне темірқазық болып отырған әрине, оның отбасы мен шаңырағы екені түсінікті. Отбасының отағасы Шалбаев Елубай Жұмабекұлы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлтық университетінің түлегі, заңгер. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ заң факультетінде 20 жылдан астам оқытушылық қызмет атқарды.
Олардың сыйластығы жарасқан жанұясында туған балалар да талапты болып өсті. Үлкен ұлдары Ердос – заңгер, магистр, Қазақстан Республикасының арнайы органында полковник шенінде, департамент басшысы болып қызмет атқарады. Екінші ұлдары Айдос та – әкесі мен ағасы сияқты заңгер. Еңбек жолын Қазақстан темір жолындағы заң департаментінің басшысы болып бастап, қазір «Сарыарка компани» ЖШС бас директорының орынбасары.
Күлзираның төрт немересі бар.
Ұлағатты ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс, білікті білімге қоса қажырлы еңбек қажет. Мұны біз Күлзира Ыдрысқызының өмірінен, атқарған істерінен, жазған, шығарған ғылыми жұмыстарынан айқын байқаймыз.
Құрметті Күлзира Ыдрысқызы, торқалы тойыңыз құтты болып, мерейлі жасыңыз қуаныш пен шаттық сыйласын!
Астана қаласының
Ардагерлер кеңесі