Нұрғиса

Астана қаласы әкімдігінің «Наз» мемлекеттік би театры – тек концерттік бағдарламалар ғана емес, сонымен қатар, «театр» мәртебесіне сәйкес Қазақстанда үлкен хореографиялық қойылымдарды сахна төріне шығарған ең алғашқы би театры. Театр қоржынында 130-ға тарта би қойылымдары, 15-ке жуық хореографиялық спектакльдер бар.
Театр XXVI маусымында өткенге шегініс жасап, көрерменнің сүйікті қойылымы «Нұрғиса» хореографиялық спектаклін 1 қарашада қайтадан ұсынбақшы. Оның үлкен бір себебі – биыл Қазақстанның Халық әртісі, күйші-композитор, дирижер, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толып отыр. Сан жылдар халқын ән мен күйге бөлеген қаһарман ұлын туған елі ешқашан ұмытпақ емес. Екіншіден, хореографиялық театр болған соң бишілер құрамы жыл сайын жаңарып, жас мамандармен толығып отыратыны заңдылық. Жас бишілер театр репертуарындағы би қойылымдары мен спектакльдерді жаттап, біліп жүрулері қажет. Осы ретте театр директоры, ҚР Мәдениет қайраткері, спектакльдің қоюшы режиссер-хореографы Еркебұлан Ағымбаевтан қойылым тарихы жайлы сұраған едік.
Еркебұлан Мүлікұлы:
«Иә, театр репертуарындағы айрықша бөліп айтарым – Нұрғиса Тілендиев бабамызға арналған «Нұрғиса» деген қойылым. Бұл біздің театр репертуарындағы інжу-маржанымыз. Аңыз адам Нұрғиса Атабайұлына қойылған хореографиялық ескерткішіміз. Бұл — портреттік қойылым. Либретто идея авторы — Нәсіпті Байымбетова. Өңдеуші — Мұхаметқали Тналин. Музыкалық редакторы — Нұрфат Вахитов. Балетмейстерлері — Қ.Ағымбаева, М.Айтмағамбетова Д.Сүлейменова Н.Леонтьева. Костюм дизайнері – Қ.Кагенова Хормейстер – Ж.Жұлқаш. Бейне көріністермен әрлеуші – Қ.Мұртазина. Сценограф – Ж.Қалтаев. Ғылыми кеңесші – Қ.Сайжанов.
Бұл 2011 жылы Нұрғиса Тілендиевтің музыкалық шығармаларын негізге ала отырып хореография тілімен бейнелеген қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосқан өнердің ерекше дарын иесі Нұрғиса Тілендиевтің өмірін алғаш бимен өрнектеген қойылым. Өскелең ұрпақты Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығымен таныстыру, жастар арасында халық музыкасын насихаттау, тыңдармандарды ұлттың рухын көтеруге, би өнерін дәріптеуге үндеу мақсатында қойылған спектакльдің тағылымдық тәрбиесі өте зор. Спектакль барысында «Тұлпар», «Айша бибі» балалар би ансамблдерімен (жетекшісі Сымбат Қойсоймасов) бірге Нұрғиса Тілендиевтің күйлері мен әндері арқылы композитордың бүкіл шығармашылық өмірбаянын бимен сахналады. Нағыз талант, «Отырар сазындай» керемет оркестрді дүниеге әкелген, дара тұлға Тілендиевтің өмір жолы арқау болған осынау би түріндегі қойылым бес бөлімнен тұрады. Спектакльдің музыкасы Қарағанды облыстық Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен жазылған. Хореографиялық қойылымда композитордың 30-дан астам шығармасы орындалды. Нұрғиса ағамыздың «Кел, еркем, Алатауыма», «Боорлаштарым», «Көш-керуен», «Алтын дән», «Куә бол», «Жан сәулем», «Ата толғауы», «Алатау» және тағы басқа да шығармалары желісінде бишілердің әдемі билерімен өрнектеліп, көрермен көз алдында кинолентадай жылжи береді».
«Театрдың іргетасын қалаушылар ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері –Еркебұлан және Қадиша Ағымбаевтардың тынымсыз еңбегі мен табандылығының, намысшылдығы мен жігерінің арқасында дүниеге келген бұл театр Қазақстан хореографиясы тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз. «Наз» мемлекеттік би театрының ұлттық хореография өнеріне бергенінен берері көп. Қойылымдар мен концерттік бағдарламалары тарих пен этнография, ұлттық музыкаларды арқау етіп, біртұтас қазақ өнерінің галереясын жасап келеді»,- дейді мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай.
(Т.Сұлтан. «Наз» мемлекеттік би театры. 25 жылдық белес. Астана, Asyl Tumar –2024, 5 б.)
Иә, қанша жерден ұлы болса да, тума талант дарындылар іздеушісі болмаса тарих беттері күңгірт тарта бастайды. Ал оны жарқыратып, ұрпақ жадынан өшірмей ұстайтын ол — әдебиетшілер, тарихшылар, өнер ұжымдары.



