Жыр арқауы – Астана

Жыр арқауы – Астана

(Көрнекті ақын Серік Тұрғынбекұлының «Жүрегім – мұңның ұясы» атты кітабы жайлы)

Ақын Серікпен бір ауданда туған жерлес әрі замандас болсақ та, өмір жолымыз өзгеше болған екен. Ол бая­ғыда, балаң шағымда Кеңшілік Мырзабеков екеуі қол ұстасып әсем Алматыға кетіп, шығармашылық өмірдің ортасында өсті. Біз елде болғаннан кейін оның баспасөзде жарияланған өлеңдерін бірде оқып, бірде оқымай, қарабайыр тіршілік қамымен өмір сүрдік.

Бүгінде ойлап отырсам, өз басым Серіктің Махамбет пен Кейкі батырға арналған дастандарын ғана зер сала оқыппын. Онда да кітаптарындағы абыз жазушы, заңғар суреткер Әбіш Кекілбайұлының алғы сөзін оқығаннан кейін. Сөйтсем Серік поэзиясы өзі туған Торғайындағы Қызбел тауды жарып ағатын «Құттыбай бұлағындай» мөлдір, таза, алқын-жұлқын емес, сабырлы, салиқалы, нәрлі екен. Одан дала желінің гуілі, дала шөбінің жұпар иісі сезілгендей, жаныңды жай таптырар жақсы әсер тұла бойыңа шымырлап еніп, сиқырлап алады. Еліктіреді, ойландырады, ойыңа ой қосады, санада сарғайып қалған сан алуан қиял бұлақтарының көзін ашады. Жаңа туғандай, қайта туғандай әсер береді.

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынған кітабының тақырыбының өзі мені қатты ойландырып қойды. «Жүрегім – мұңның ұясы» дейді. Жаныңды жеп, сай-сүйегіңді сырқырататын, толғандыратын, ойландыратын, бұрынғы Серікті, қазіргі Серікті күнделікті көріп-біліп жүрген адамның жүрегін қан жылататын ауыр сөз. Амал қанша?! Поэзия теңізінде қалықтай жүзіп жүрген Серікке аяқ астынан дерт байланды. Инсульт алып қалды. Қолдан қалам түсті. Енді «Арылмай ардан, иманнан. Таусылмай қалам сиясы. Сан жылдар шер боп жиналған жүрегім – мұңның ұясы» демегенде не дейді?!

Ақыры қайыр, дерттің бұлты се­йіле бастады. Ақын Серік құлан-таза жазылып кетпесе де, жан жары Жаннаның, халқының, ел азаматтарының демеуімен туған елдің төрінде 80 жасын тойлап жүр.

Осыдан 30 жыл бұрын әсем де ару Алматысын қимай-қимай қош­тасып, Арқа төріндегі Ақмолаға алғашқы барғандардың бірі – осы Серік Тұр­ғынбекұлы. Содан да оның бүкіл тыныс-тіршілігі Тәуелсіздікпен, жаңа астанамен астасып жатыр. Мынау кітабындағы өлеңдерге қарағанда Серік ақын Астананы жырлауындай-ақ жырлап берген екен. «Есімің сенің – елорда» деген бөлімі тұтас қала тіршілігіне арналған. Оқып көрелік:

«Жаңаға ескі күнді ауыстырып,

Тағатын туған елдің тауыстырып.

Қала тұр – Есіл – өзен жағасында,

Елдікті ерлікпенен қауыштырып».

Бұл – Серіктің ерке Есілмен бүгінде гүл жайнаған, ел жұмысының қара қазаны бұрқ-сарқ қайнаған, тәуліктің қай сағатында да тыным таппайтын, сырт ел – ішкі ел – шаруасының жібі есіліп, жігі тарқатылатын Астанаға арнаған алғашқы өлеңі. Одан әрі жыр бұлағы ағытыла береді, аға береді.

«Астана қысы». Бұл – ел Үкіметі Ақмолаға көшкен алғашқы қыстағы дала табиғатының тұмса тіршілігін суреттеген жыр жолдары.

«Ақ түтек алай-дүлей – қарлы боран.

Қосылып әмірліктің жарлығы оған.

Айнала апыр-топыр, алас-күлес.

Түскендей әбігерге барлық адам.

Жалындап бір қуаныш жүрегінде,

Ешкімнің реніші жоқ реңінде.

Іздегені, аңсағаны табылғандай,

Келгенін бақыт көріп бұл өңірге».

Кеңшілік екеуі бір жылы Торғайдың Түйемойнақ немесе Киров колхозы деген ауылында дүниеге келіп, ақ түтек боранды да, аптап ыстықты да көріп өскен Серікке Ақмоланың бораны таңсық емес еді. Жылы жақта туып өскен жастар мына көрініске жатырқай қарап, үрейленіп жүргенде, Серік сарғыш жүзі бал-бұл жанып, аяз сүйген беті алаулап, кеудесін кере демалатын.

Кітаптағы «Астана көктемі», «Астанадағы «Наурыз», «Астана жазы», «Астана күзі», «Астананың көшелері», «Астана күні арайлы», «Астанада – ұлы Абай», «Сәкен ескерткіші», «Күлтегін келгенде» деген сияқты тағы басқа өлеңдер – елордадағы әрбір жасалып жатқан жақсы іске қуанғаннан, сүйінгеннен, қазақ елінің жаңа астанасын мақтан тұтқанынан туған шынайы өлең жолдары. Ол терең сезімге, ақынға тән поэтикалық әсерге, сегіз өрім қамшы таспасындай бір-бірімен кіріккен сөз сиқырына толы. Кітапта мұнан басқа да «Тәуелсіздік – тұмарым», «Жыр-тұлға», «Туған жерім – тал бесік» деген өлеңдер топтамасы, Сібір ақындарының жырларынан аудармалары да бар. Жыр-тұлға дарынды композитор Нұрғиса Тілендиевке арналса, туған жер топтамасында өзінің кіндік қаны тамған Торғайының киелі даласын суреттейді. Бұлардың қай-қайсысында болмасын Серік ақын поэзиясының қуаты мен серпіні, таза тіл байлығының молдығы сезіліп тұрады.

Ақындық қуаты толысып, ой-өрісі кемелденген Серік ақынның бұл жинағы – әдебиетімізге қосылған бағалы үлес, елордамыздың дамуын жыр бесігіне бөлеген ерең еңбек. Сондықтан ол Мемлекеттік сыйлық алуға әбден лайық деп білеміз.

Серік ШАЙМАН,

Қазақстанның құрметті журналисі