Жоғалған сөмкені туристік полиция тауып берді

Жоғалған сөмкені туристік полиция тауып берді
фото: polisia.kz

Елорда қонағының жоғалған сөмкесін туристік полиция тауып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Ақтаудан Астанаға келген туристің қалаға сапары күтпеген жағдайға ұласа жаздады. Елордаға ұшып келген әйел қаланы аралап жүріп, сағат 10:00 шамасында "Бәйтерек" монументінің маңында құжаттары, ақшасы мен бағалы заттары салынған сөмкесін жоғалтып алған. Алайда ол сөмкесінің жоғалғанын Астанадан шығып, басқа қалаға барғаннан кейін бір-ақ байқаған. Жоғалған заттарды өз бетінше табу қиын екенін түсінген турист "102" арнасына хабарласып, көмек сұрады.

Астана қаласының туристік полиция қызметкерлері бірден іздеу жұмыстарына кірісті. Жедел жүргізілген шаралардың нәтижесінде жоғалған сөмкенің орналасқан жері анықталып, ол иесіне қайтарылды. Күтпеген жағдайдан кейін турист полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. Әйел бейнеүндеу жазып, тәртіп сақшыларына жеделдігі, мұқияттылығы және көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты. Бұл жағдай туристік полиция қызметінің қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектелмейтінін көрсетті. Елордаға келген қонақтар да кез келген күтпеген жағдайда полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіне алады.