«Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстел өтті

«Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстел өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы ұйымдастырған «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстелде мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамаларын жүзеге асыру тетіктері, ұлттық әдебиетті қолдау және қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет президенттің кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі Жарлығы аясында ауқымды жұмыстар қолға алынғанын айтты. Оның сөзінше, министрлік кітапханалардағы кітап қорын көбейтуден гөрі, қолда бар кітаптардың оқырманға жетуіне басымдық бермек. Осы бағытта тоғыз бағыттан тұратын кешенді жоспар әзірленіп, онда елуге жуық іс-шара қамтылған.

«Бүгінде президент тапсырмасына сәйкес жалпыұлттық кітап оқу жобасының ережесі дайындалып, Үкіметтің қарауына енгізілді. Жоба мектеп оқушылары, жастар және ересектерді қамтиды. Қатысушылар жиырма күн сайын бір кітап оқып, арнайы платформада тест тапсырады. Әр ай сайын үздік жүз оқырман марапатталса, барлық кезеңнен үздік өткен қатысушыларға қомақты ақшалай сыйақы беру де қарастырылып жатыр», – деді Алмаз Мырзахмет.

Сонымен қатар ол зиялы қауым өкілдерінен үш жас санатына арналған жақсы оқылатын 15 кітаптың тізімін ұсынуды сұрады. Оның айтуынша, бұл тізімді қалыптастыруда қателесуге болмайды, сондықтан қазақ және әлем әдебиетіндегі ең үздік шығармалар іріктелуі қажет. Алмаз Мырзахмет президент тапсырмасымен кітап оқу мәдениетін насихаттап жүрген азаматтарға арналған ұлттық сыйлықтың да әзірленіп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, марапат әдебиетті дәріптеп жүрген медиа жобаларға, блогерлерге, кітап клубтарына және өзге де бастамашыл азаматтарға беріледі. Жиында цифрлық кітап платформасын құру мәселесіне де ерекше тоқталды. Жоба іске асқанда еліміздегі барлық кітапхана бірыңғай жүйеге біріктіріліп, оқырман Қазақстанның кез келген кітапханасындағы кітапты бір оқырман билеті арқылы пайдалана алады.

«Авторлар үшін де жаңа мүмкіндік жасалады. Электронды платформа арқылы кітаптарын заңды түрде ұсынуға, оқырман ақылы түрде оқыған жағдайда қаражаттың тікелей автордың өзіне түсуіне жағдай қарастырылып жатыр. Бұл қаламгерлердің еңбегін қолдаудың жаңа тетігі болады», – деді ол.

Нұртөре Жүсіп оқу мәдениетін қалыптастыру балабақшадан басталуы тиіс екенін айтып, балалар басылымдарының таралымын көбейту, аналардың кітап оқу мәдениетін дамыту, қазақ әйелдері арасында кітап оқу жобаларын ұйымдастыру қажеттігін көтерді.

«Ғалымдардың зерттеуі бойынша кітап оқитын баланың миының даму деңгейі әлдеқайда жоғары болады. Сондықтан «Зерделі ұлт» қалыптастырудың негізі – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру», – деді Нұртөре Жүсіп.

Қоғам қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбай бұл бастаманың жай ғана кітап оқу науқаны емес, тұтас ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақмерзімді жоба екенін айтты. Оның пікірінше, кітапқа деген құрметті бала кезден қалыптастыру үшін балалар әдебиетін күшейтіп, қаламгерлердің мектептермен, ауыл-аймақтармен кездесуін қайта жандандыру қажет.

«Біз кітаптың қасиетін қайтара білуіміз керек. Бұрын ауылдарға жазушылар келетін, олардың әр кездесуі балалар үшін үлкен рухани оқиға болатын. Қазір сондай байланысты қайта жаңғырту қажет. Сонымен бірге кітапты насихаттайтын жүйелі ұйымдық жұмыстар күшейтілуі тиіс», – деді Ғалым Жайлыбай.

Жиын барысында қатысушылар «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы аясында кітап оқуды ынталандырудың жаңа тәсілдері, әдебиетті цифрландыру, ұлттық әдеби мұраны сақтау және жастар арасында оқу мәдениетін кеңінен дәріптеу бағытында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.