Елімізде «Есірткісіз Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы бар. Соның арқасында әр өңірде есірткі тарату және оны пайдалану мәселелерінің кешенді түрде алдын алу шаралары өтіп жатыр. Оған жастардың өздері де қатысады. Бұл жоба 2027 жылға дейін қарастырылған. Жастар оны мемлекеттің көмегінсіз-ақ жалғастыруға дайын. «Есірткісіз болашақ» қоғамдық қорының төрағасы Жандос Ақтаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Осы жоба аясында инновациялық технологиялар қолданылуда. 5 мыңнан астам есірткі сататын онлайн дүкен анықталып, бұғатталды. Әр онлайн дүкеннің артында жастарымызды улап жатқан есірткі таратушылар тұр. Соларды табу – «Есірткісіз Қазақстан» жобасының мақсаты. Тек қана есірткі емес, лудомания мәселесін де шешуге айрықша атсалысып жатырмыз. Оның ішінде Қазақстанда ғылыми негізделген лудоманияны зерттейтін кешенді зерттеу жүргіздік», – деді спикер.