Елордадағы «Аспан» спорт кешенінде 2009-2010 жылдары туған жастар арасында бокстан қала чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Турнир елордалық жас боксшылар үшін күзгі спорт маусымын ресми түрде ашты. Біріншілік 8-11 қыркүйек аралығында өтеді. Оған елорданың 80-ге жуық үздік жас спортшысы қатысып жатыр. Олардың әрқайсысы өз салмақ дәрежесіндегі мықтыны анықтау үшін тартысты жекпе-жектер сериясын өткізеді.
Жарыстың басты мақсаты – қала чемпиондарын анықтап қана қоймай, елорданың құрама командасын жасақтау. Төрт күндік бәсекенің қорытындысы бойынша жаттықтырушылар құрамы болашағынан үміт күттіретін боксшыларды іріктеп, оларға алдағы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы ірі өңірлік жарыстарда Астананың намысын қорғауға мүмкіндік береді.