Жас сарбаздар ант берді

Жас сарбаздар ант берді
фото: Астана қаласының әкімдігі

ІІМ Ұлттық ұланының елордалық 5573 әскери бөлімінің алаңында көктемгі шақырылымның 750 сарбазы Отанға адал болуға ант берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жас жауынгер курсын аяқтап, құқықтық тәртіп әскерінің қатарына қосылған Жас жауынгерлер Ұлттық ұлан сапына Қазақстанның барлық өңірлерінен келген. Алғашқы дайындық кезінде олар әскери істің негіздерін игеріп, жарғыларды зерттеді және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметінің негізі дағдыларын меңгерді.

Биылғы салтанатты рәсімнің ерекшелігі – мерзімді қызметке шақырылған сарбаздармен қатар Әскери антты келісімшарт негізінде қызметке кіріскен төрт әскери қызметші де қабылдады. Олар: санитариялық-эпидемиологиялық қыз­меттің маманы Дилдора Салметова, Ұлттық ұланның Ән-би ансамблінің аға музыканты Айгерім Жанатлекова, психолог Сания Қарабиден және Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрінің музыканты Марал Смахамбетова. Нәзік жанды жауынгерлер іс-шараға ерекше әсемдік беріп, бүгінде арулардың құқықтық тәртіп әскері қатарында ерлермен қатар лайықты қызмет атқарып жүргенін көрсетті.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабеков жеке құрамға арнап сөйлеген сөзінде антқа адал болудың маңызына тоқталды: «Әскери ант қабылдау – ер-азаматтың өміріндегі ең жауапты және есте қаларлық сәттердің бірі. Осы күннен бастап Сіз Ұлттық ұланның құрамына кіресіз және азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіп үшін жоғары жауапкершілікті арқалайсыз. Қызмет барысында сіз тәртіп пен төзімді және әскери борышқа деген адалдықты көрсетіп, мінезіңізді шыңдап, тәжірибе жинақтап, нағыз жауынгерлік жолдастар табатыныңызға сенімдімін. Сіздердің әрқайсыларыңызға осы жолдан лайықты өтуге, ата-аналарыңыздың, командирлеріңіздің және Қазақстан халқының сенімін ақтауға тілектеспін» деді Бас қолбасшы.