Жарты жылда елордада 93 кәсіпкердің құқығы қорғалды

Жарты жылда елордада 93 кәсіпкердің құқығы қорғалды
фото: atameken.kz

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік субъектілерінен 192 өтініш келіп түсті. Нәтижесінде 93 кәсіпкердің құқықтары қорғалып, олардың 6,5 млрд теңгеден астам сомаға заңды мүдделері сақталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Әрбір өтініштің артында нақты кәсіпкердің мәселесі тұр. Біздің міндетіміз – өтінішті қараумен ғана шектелмей, бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге қол жеткізу. Бұл үшін мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдан бастап сотта қорғауға дейін заңда көзделген барлық тетіктерді қолданамыз. Осындай жүйелі жұмыс кәсіпкерлердің жекелеген мәселелерін шешумен қатар, бизнестегі жүйелі түйткілдерді жоюға мүмкіндік береді», – деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин.

Өтініштерді талдау нәтижесінде кәсіпкерлердің басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, салық заңнамасы, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы мәселелер бойынша жүгінгені анықталды. Әрбір өтініштің мән-жайы жеке қаралып, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың ең тиімді тетігі айқындалады.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес құқықтарды қорғаудың тиімді алаңы болып қала береді. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Кеңестің алты отырысы өткізіліп, алты мәселе қаралды. Оның үшеуі бойынша оң шешім қабылданса, қалған үш мәселе бақылауда.

Қажет болған жағдайда Палата кәсіпкерлердің мүдделерін сотта да қорғайды. Есепті кезеңде Палата мамандары жеті сот ісіне қатысып, оның үшеуі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Нәтижесінде кәсіпкерлердің шамамен 500 млн теңге сомасындағы құқықтары қорғалды.

Сонымен қатар Палата мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Бірінші жартыжылдықта прокуратура, құқық қорғау және бақылаушы органдардың қатысуымен ондаған жұмыс кездесуі ұйымдастырылып, бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл кәсіпкерлердің өтініштерін жедел қарауға және өзекті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Палата алдағы уақытта да кәсіпкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және елордадағы қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастырады.