Әлсіз пенденің басына түскен «маниялардан» қалай сақтануға болады? Әлде адамның жаратылысы тәуелділікке бейім келе ме? Жас ғұмырдың ішімдікке салынғаны да бір бейнет, нашақорлық, құмар ойындар, интернет-ойындарға тәуелділік тағы бар. Енді тауардың бетіне қарамай, сапырыстырып сатып ала беретіндерді де тәуелділікке жатқызып отыр.
«Шопомания» – ол да жаман. Оны ғылымда бәрін барынша сатып алуға деген құлшынысы мен құмарлығын тежей алмайтындарды айтады. Ақылмандар осы «манияны» әйелдердің әдетіне айналдырып жіберді. «Көңілің құлазыса, күйеуіңе ренжісең, дүкен арала» деген соң көбі базаршылап кетіп, тәуелділіктен құтыла алмай жүр.
Жан-жақтан құйылып жатқан ақпараттардың жартысы – жарнама. Адамның әлсіз тұсын дөп басқан тауар өндірушілер «жарнама тәуелділігінен» ақша сауып жүр. Ел де қызық, жалт-жұлт еткен жарнама көрсе, соған қол жеткізбейінше көңілі тыншымайды.
Соңғы 20 жылдың ішінде пайда болған бұл «маниялардың» салдары ауыр, зардабы шаш етектен. Ең жаманы, халықтың қаржы сауатының жоғын оң жамбасына келтіргендер адамның қалыпты тұтыну, қолдану, пайдалану тұрғысындағы талғамын ажырата алмайтындай етіп бағдарын ауыстырды.
Басымызға біткен сордың сорақысы – «несиеге деген тәуелділік». Бұл «диагноз» қит етсе банкке жүгіріп, бас-көзге қарамай, азық-түлігіне дейін несиеге алатындарға қойылады.
Жасырмаймыз, көбімізге «кредитке тәуелділік» тән. Оның рахатын да, азабын да бір кісідей татып қалдық. Жалпы несие тым жаман нәрсе емес. Егер барлық тәуекелді дұрыс есептеп, қарызды жабатын қаражатты салмақтап, бүгінін бүтіндеп, кейін алған затыңыздың төлемінен құтылып жатсаңыз жақсы. Тек «алғанда біреудің ақшасы, бергенде өзіңнің ақшаң» деген қағиданы ұстаған жан, банк те пайда көреді. Ал егер шамаңызға қарамай, ақшаның қызуына құнығып кетіп, қарпып алып, оны қайтаратын жағдайыңыз болмаса, бұл – «тәуелділік». Несиеге тәуелділіктің тағы бір белгісі – алған нәрсесінің құнын «бөліп төлеуге» деген құмарлық. Осылайша үстіндегі алым-салымын ескермей, едәуір қосып беріп жүргені де жақсылықтың нышаны емес. Әдетте, мұндай несиелер алғашқы әсермен, ет қызумен алынады, қарыз алушы артына қарайламай, қарызды қалай өтейтінін ойламайды. Бұл індетті қоздырушылар барынша тауарын сатып, мол пайда үшін арзандатылған немесе пайызсыз деп түрлі қулықпен тұтынушыларын арбайды.
Кейде қарызға кірмей, қажетті қымбат затты сатып алуға келгенде кез келген адамның қалтасы көтере бермейтіні рас. Сонда да қарапайым ғана шыдамдылық сол сәтте жетіспейді. Көзі бұлдырап, жаңа нәрсені көрген бетте бірден оған қол жеткізгісі келеді. Бұл – несиеге тәуелділіктің құрбанына тән қасиет. Негізінен, табысы төмен адамдар несиеден дәмелі, алайда бұл ақыр соңында оларды тақыр кедей етеді. Зардап шеккендердің арасында жастар да бар. Бұл індетке кезінде аға буын өкілдері жиі шалдығатын. Өйткені кеңес өкіметі тұсында өмір сүрген халық айлап кезекке тұрып, қажетті тауарды күтуді әдетке айналдырған. Бүгінде тауарлар мен қызметтер қолжетімді, бірақ психология тұрғысынан таршылық көргендер керек болар деген оймен көзге түскенін жинай беруге дайын.
Сонымен, өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай орта жолды қалай табуға болады? Мамандар несие алмас бұрын мына сұрақтарға жауап беру керек дейді. Біріншіден, бұл зат маған не үшін қажет, кейінге қалдырсам немесе мүлдем сатып алмасам не болады? Ол мақсатыңыз бен қажетіңізге сәйкес келе ме, сатып алғандай болсаңыз, өміріңізді жақсарта ма, әлде қарыздың қамытына ұрынасыз ба? Несиені қалай өтейтініңізді қарастырыңыз. Табысыңыз тұрақты ма, шығындардың көбеюінен тұрмысыңыз ауырлап кетпей ме?
Несие өте қажет болса, несие тарихыңызға зиян келтірмеу үшін және банктермен, борышкерлермен және т. б. проблемаларды болдырмау үшін оны уақытында және кешіктірмей қайтару жолын табуға тырысу керегін бәріңіз білесіздер. Алайда іс жүзінде барлығы дерлік несиесін өтей алмайтыны бар. Мерзімі өткен берешек те күн сайын өсіп, қарыздың иіріміне тарта береді. Тәуелділіктің соңы соған апарады. Сақ болайық!