Бүгін жаңа Конституцияның күшіне енуімен еліміздің өміріндегі жаңа тарихи кезең басталады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Бұл – егемен Қазақстан тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы. Біз тұрақты ілгерілеу, саяси және экономикалық реформалар, ауқымды жаңғыру жолына қадам басып отырмыз.
Бұл күн саяси жүйенің түбегейлі жаңғыруын, мемлекет пен азаматтық қоғамның негізгі институттарының терең трансформациясын білдіреді», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азаматтарға арнаған үндеуінде атап өтті.
Жаңа Конституцияда сақтандырылу мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға базалық медициналық көмектің кең көлеміне кепілдік берілген. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігі мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы болып қала беретінін білдіреді.
Негізгі заң денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру тетіктерін тек бюджет қаражаты мен медициналық сақтандыру активтерімен шектемей кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл денсаулық сақтау жүйесін қаржыландырудың орнықтылығын қамтамасыз етеді.
Жаңа Конституция денсаулық сақтау саласындағы бірқатар маңызды бағыттарды күшейтеді:
– профилактика мен қоғамдық денсаулықты сақтау басымдығын нығайтады;
– азаматтарды денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін жалған ақпараттан қорғауға бағытталған маңызды нормаларды енгізеді;
– ана мен баланы, сондай-ақ отбасы институтын қолдауды күшейтеді;
– медициналық ғылым мен технологияларды дамытуға қолайлы жағдай жасайды.
Жаңа Конституция қағидаттарын басшылыққа ала отырып, біз алдағы уақытта да адамды, оның өмірі мен денсаулығын, әл-ауқатын басты құндылық ретінде айқындайтын мемлекетті құруды жалғастырамыз. Сонымен қатар Заң мен Тәртіп, кәсіби біліктілік, жасампаз еңбек және прогресс құндылықтарын нығайта береміз деп сенемін.