Жалғанда немізді жоғалттық?

Жалғанда немізді жоғалттық?
фото: Роман Вайдов

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында «Жоғалған адамдар бюросы» спектаклінің премьерасы өтті. Туынды авторлары мен қоюшы режиссерлері – аталмыш театр әртістері Дмитрий Маштаков пен Светлана Фортуна.

Қойылым «Премьера – бізбен бірге» жобасының 3-маусымы аясында көрерменге жол тартты. Әлеуметтік-философиялық бағыттағы спектакль біз өмір сүріп отырған қазіргі қоғамдағы адамның жандүниесіне үңіле білу мәселесін көтереді.

Шындығында, сырт қараған адамға бәрі жақсы болып көрінуі мүмкін. Бірақ төрт құбыласы түгел ешкім жоқ. Түрлі қиындыққа тап болып, әртүрлі жағдайлар әсерінен адамның ішінде бірдеңе сынып кетуі мүмкін. Соның салдарынан бойындағы қасиеттерінен айырылып, өмірде өзін-өзі жоғалтуы ықтимал. Сахналық туынды адамды ішкі мұңымен, ішкі арпалысымен жалғыз қалдырмауға шақырады. Спектакльдің негізгі идеясы да жан дертін жазуға үндейді. Оқиға бюро атауы бар мекеменің ішінде өрбиді. Ал шынтуайтына келгенде, бұл – аурухана. Алайда мұнда тән дертін емес, жан жарасын емдейді, яғни адам жанының дәрігерлері қызмет істейді.

Тым асқан жауапкершілікті сезініп, балалық шағын жоғалт­қан адамды көрдіңіздер ме? Қойылым кейіпкерінің бірі соны іздеп келеді. Желі бойынша бұл бойжеткен 6 жасынан бастап үлкен өмірге қадам басты. Бұған себеп – әкесінің отбасын тастап кетуі. Содан анасына қолқанат, бауырларына тірек боламын деп балалығымен қоштасуға мәжбүр болады.

Осылайша, кейіпкерлердің арасында ар-ұятын, дауысын, махаббатын, өмірдің мәнін жоғалтқан адамдар кездеседі. Олардың бәрі де көмек сұрап келеді. Бюро қызметкерлері ең алдымен жан дерттерінің себебін анықтайды, яғни кәнігі дәрігерлер сияқты диагноз қояды. Содан кейін емдеуге кіріседі. 

«Біз әлеуметтік маңызды тақырыпты пәлсапа соғу, жалаң ақыл айту арқылы емес, театр өнері арқылы ашуды мақсат етіп алдық. Спектакль жанрын абсурдты трагикомедия деп белгілеуге болады. Бірінші бөлімде көрермен иронияны, өзіне таныс көріністерді, күлкі келтіретін бюрократияны көреді. Соңынан оның артында адам тағдырындағы терең драма жатқанына көз жеткізеді» дейді идея авторларының бірі Светлана Фортуна.         

Спектакльдің ерекшелігі – мұнда алдын ала іріктеуден өткен, мамандығы әртүрлі қарапайым адамдар театрдың жетекші әр¬тістерімен бірге бір сахнада ойнайды. Атап айтқанда, Дарья Евдокимова – фотограф, регрессолог, Сиа Ан – кәсіпкер және мобилограф, Жанна Сыз­дықова – экономист, Ольга Поддубецкая –  HR менеджер, кәсіпкер, психолог, Феридэ Вагапова­­ – балабақшалар желісінің директоры, Даниал Әбіл­қасым – студент, Камила Дулат – сатулар бойынша сарапшы, Күләш Хасенова – заңгер, Айнұр Құлақ­ова – менеджер және Динара Мусина – кәсіпкер. Осы театр өнеріне еш қатысы жоқ 10 адам өздеріне бекітілген кейіпкерлерді өз деңгейінде алып шықты.

Ең бастысы, қойылым бұл жалғанда жоғалтқаныңды қайта табуға, өмірден түңілген адамдарға оған құштарлықты оятуға мүмкіндік барына көз жеткізеді. Біреудің мұңын, қайғысын бөлісудің, қажет кезде адамға көмекке келудің маңызын ұқтырады.