Қазақстанның ұлттық парктеріне келетін туристер қатары соңғы жылдары күрт артты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2020 жылы оларды бір миллионға да жетпейтін адам аралаған болса, 2024 жылы келушілер саны 2,8 миллионға жетті, ал 2025 жылы келушілер саны шамамен 3,7–4 миллион адамға дейін өсті. Qazaq Expert Club сарапшылары – өңірлік даму жөніндегі маман Фатима Герфанова мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, туризм саласының сарапшысы Жанна Әсіпованың пікірінше, ұлттық парктер бүгінде тек табиғатты қорғау аумақтары ғана емес, өңірлік экономиканың маңызды өсу нүктелеріне айналып келеді. Алайда туристер санының мұндай қарқынды өсуі оларды басқаруда жаңа тәсілдерді талап етеді.
«Ауылдық аумақтар үшін ұлттық парктер – табиғи мұра ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашудың мүмкіндігі. Туристік ағын қонақ үйлерге, дәмханаларға, көлік қызметіне, гидтердің қызметіне, жергілікті өнімдер мен отбасылық кәсіпке сұраныс қалыптастырады. Көптеген өңірлер үшін бұл табысты арттырумен қатар, халықтың көшіп кетуін азайтуға мүмкіндік береді», – дейді Фатима Герфанова.
Сонымен қатар, оның айтуынша, туристер санының артуы өздігінен тұрақты дамуды білдірмейді.
«Егер туристік белсенділік тек бірнеше шамадан тыс жүктелген нүктеде ғана шоғырланса, негізгі экологиялық салмақ ұлттық паркке түседі, ал маңайдағы елді мекендер шектеулі ғана экономикалық пайда көреді. Маршруттар, сервис, орналастыру, тамақтандыру, жергілікті өндірушілер мен жұмыспен қамту біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс», – дейді Герфанова.
Туризм саласының сарапшысы Жанна Әсіпованың айтуынша, ұлттық парктер бүгінде мүлде жаңа жағдайда жұмыс істеп жатыр.
«Бұрын ұлттық парк ең алдымен табиғатты қорғау аумағы болса, бүгінде олардың көпшілігі күн сайын мыңдаған келушіні қабылдайтын ірі туристік дестинацияларға айналды», – дейді сарапшы.
Мұны статистика да растайды. Іле-Алатауы ұлттық паркінің келушілер саны 2020 жылғы 212 мың адамнан 2024 жылы 824 мыңнан астам адамға дейін өсті. Көлсай көлдері ұлттық паркіне шамамен 400 мың турист келген, бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен бес есеге жуық көп. Сондай-ақ Бурабай, Баянауыл, Сайрам-Өгем және Көкшетау ұлттық парктерінде де айтарлықтай өсім байқалады. Әсіпованың пікірінше, қазіргі басқару моделі ұлттық парктердің негізгі міндеті табиғатты қорғау болған кезеңде қалыптасқан.
«Бүгінде ұлттық парк басшылары бір мезгілде туристік ағындарды басқаруға, көлік қозғалысын ұйымдастыруға, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, туроператорлармен өзара іс-қимыл жасауға, цифрлық сервистерді дамытуға және сонымен қатар табиғи кешендерді сақтауға мәжбүр. Бұл – мүлде басқа міндеттер жиынтығы», – дейді ол.
Сондықтан, сарапшының пікірінше, ұлттық парктерге пәнаралық командалар қажет.
«Әңгіме қазіргі мамандарды ауыстыру туралы емес. Құрамында туризм, рекреациялық жоспарлау, көлік модельдеу, геоақпараттық жүйелер, деректерді талдау және цифрлық технологиялар саласының мамандары жұмыс істейтін командалар қажет», – дейді Әсіпова.
Оның айтуынша, тағы бір маңызды міндет – туристік жүктемені бағалау тәсілін өзгерту. Келушілердің жалпы санын ғана емес, адамдардың нақты қай жерде шоғырланатынын, қай уақытта келетінін, қандай көлік түрін пайдаланатынын және қай аумақтардың ең жоғары жүктемеге ұшырайтынын түсіну әлдеқайда маңызды.
«Бір мезгілде бір ғана бақылау алаңында тұрған жүз адамның табиғатқа әсері бірнеше бағытқа бөлінген дәл сол жүз адамның әсерінен мүлде өзгеше болады», – деп түсіндіреді сарапшы.
Сондықтан көптеген елдер туристік ағындарды бейімделген басқару моделіне көшуде.
«Бұл тәсіл келушілер санын автоматты есептегіштер, интеллектуалды камералар, дрондар, геоақпараттық жүйелер және кеңістіктік деректерді талдау арқылы тұрақты бақылауға негізделген. Бұл ұлттық парктерге келуді жай ғана шектеуге емес, туристік ағындарды икемді басқаруға мүмкіндік береді», – дейді Әсіпова.
Фатима Герфанова әлемдік тәжірибенің дәл осы бағытта дамып келе жатқанын атап өтті.
«Еуропада Тұрақты туризм жөніндегі Еуропалық хартия қолданылады, АҚШ-та келушілер саны ғана емес, маршруттардың жағдайы, қауіпсіздік, маусымдық ерекшеліктер және инфрақұрылымға түсетін жүктеме де бағаланады. Жаңа Зеландияда ең танымал маршруттар алдын ала брондау жүйесі және келушілер санын шектеу арқылы жұмыс істейді. Қазақстанға бұл модельдерді толық көшірудің қажеті жоқ. Алайда олардың негізгі қағидаты әмбебап: тұрақты туризм табиғи аумақтың жүктеме шегін түсінуден басталады», – дейді сарапшы.
Жанна Әсіпованың пікірінше, ұлттық парктерді басқарудың заманауи жүйесі үш қағидаға негізделуі тиіс: пәнаралық командаларды дамыту, рекреациялық жүктемені бағалаудың заманауи әдістерін енгізу және туристік ағындарды нақты уақыт режимінде бақылайтын цифрлық мониторинг жүйелерін пайдалану. Өз кезегінде Фатима Герфанова мұндай жүйе барынша ашық болуы тиіс деп есептейді.
«Маршруттарға түсетін жүктеме, соқпақтардың жағдайы, қолданыстағы шектеулер, табиғи аумақтарды қалпына келтіру шаралары және қабылданған басқарушылық шешімдердің себептері туралы деректер ашық түрде жариялануы тиіс. Бұл туризмнің дамуын анағұрлым ашық әрі тұрақты етеді», – дейді ол.
Сонымен қатар, сарапшы жиі кездесетін бір қателіктен сақтандырады – жаңа инфрақұрылым салынғаннан кейін табиғи аумаққа түсетін рұқсат етілген жүктемені автоматты түрде арттыру.
«Жаңа жол, визит-орталық немесе глэмпинг табиғаттың осал аумағы бұрынғыдан төзімді бола түсті дегенді білдірмейді. Кейде ең тиімді инвестиция – туристі нәзік табиғи аймаққа жақындату емес, балама маршрут жасау, көршілес ауылды қолдау, брондау жүйесін енгізу, адамдар ағынын қайта бөлу немесе бүлінген соқпақты қалпына келтіру болуы мүмкін», – дейді Герфанова.
Сарапшылардың пікірінше, ұлттық парктерге келушілер санының артуы – оң үрдіс. Алайда Қазақстанның басты туристік байлығы – келушілер саны немесе жаңа маршруттардың ұзындығы емес, табиғаттың өзі. Бүгін өсіп келе жатқан туристік ағындарды қаншалықты тиімді басқара алатынымызға ұлттық парктердің сақталуы мен өңірлердің болашақтағы тұрақты дамуы тікелей байланысты.