Үкіметі жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесі жаңа жұмыс форматына көшті

Үкіметі жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесі жаңа жұмыс форматына көшті
фото: atameken.kz

Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Отандық кәсіпкерлер кеңесінің (ОКК) қызметі жаңа форматта ұйымдастырылатын болды. Өзгерістер мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, нақты практикалық шешімдерді жедел әзірлеуге және елдегі іскерлік ахуалды жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Енді Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырыстары тақырыптық форматта өткізіліп, кәсіпкерліктің әртүрлі салаларындағы өзекті мәселелерді шешуге басымдық беріледі.

Жаңа тәсіл Кеңеске қатысушылар құрамын икемді қалыптастыру қағидатын енгізуді көздейді. Бұдан былай бизнес өкілдері мен салалық қауымдастықтар нақты қаралатын мәселелерге қарай нысаналы түрде шақырылады. Кеңестің жұмыс органы күн тәртібі мен отырыстың тақырыбын ескере отырып, Кеңес мүшелерімен қатар кәсіпкерлік субъектілерінің өкілдерін де қатысуға шақырады. Бұл қабылданатын шешімдердің сапасы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңартылған форматтың маңызды ерекшеліктерінің бірі – мемлекеттік органдардың барлығы дерлік жұмысқа кеңінен тартылуы. Олардың тікелей әрі кешенді қатысуы бизнес көтеретін мәселелер бойынша ведомствоаралық келісуді жеделдетуге және шешімдерді барынша қысқа мерзімде қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Кеңес отырыстарының өткізілу жиілігі де арттырылды. Нарықтың сұраныстарына жедел ден қою мақсатында енді Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.

Жаңартылған форматтың тиімділігі жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Кеңес отырысында іс жүзінде дәлелденді. Отырыс Мемлекет басшысының отандық фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселесіне толықтай арналды.

Ашық диалог барысында мемлекеттік органдардың басшылары, «Атамекен» ҰКП өкілдері және фармацевтика саласының жетекші кәсіпорындары:

·        отандық өндірісті ынталандыру және қолдау;

·        мемлекеттік сатып алу тетіктерін жетілдіру;

·        халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қолжетімділігін арттыру бағыттары бойынша бірқатар нақты шараларды әзірледі

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр салалық министрліктер мен ведомстволарға саланы одан әрі дамытуға бағытталған нақты хаттамалық тапсырмалар берді.

Отандық кәсіпкерлер кеңесі мемлекет, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және қазақстандық бизнес арасындағы тікелей әрі жүйелі өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін елдегі негізгі консультативтік-кеңесші алаң мәртебесін сақтап келеді.