Астанада жаз бойы полиция қызметкерлері әкімдік, білім беру органдары және прокуратура өкілдерімен бірлесіп, «Түнгі қаладағы балалар» атты профилактикалық рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың алдын алу.
Кешкі және түнгі уақытта полицейлер саябақтар мен скверлерді, жастар көп жиналатын демалыс орындарын, компьютерлік клубтарды, сондай-ақ ойын-сауық және көңіл көтеру орындарын тексереді.
Өткен демалыс күндері жүргізілген рейдтер барысында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жерде болуының 100-ге жуық фактісі анықталды. Мұндай заң бұзушылықтарға жол берген ата-аналар мен заңды өкілдерге қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.
Мәселен, түнгі сағат 01:31 шамасында полиция қызметкерлері 16 жастағы жасөспірімнің заңды өкілдерінің қарауынсыз тұрғын үйден тыс жерде жүргенін анықтады. Оның 36 жастағы заңды өкілі белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етпеген.
Осы факті бойынша әйелге қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 442-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Кәмелетке толмаған жасөспіріммен және оның заңды өкілімен заң талаптарын сақтау және алдағы уақытта осындай жағдайларға жол бермеу қажеттігі жөнінде профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Полиция түнгі уақыт – кәмелетке толмағандар үшін қауіп деңгейі жоғары кезең екенін ескертеді. Балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілік, ең алдымен, олардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне жүктеледі.