Дәстүр мен жаһандық үрдіс астасқан дәуірде ғұрыптың озығы мен тозығына, жаңғыру жолына куә болып жүрміз. Осы ретте қазақ қандай мақсатта той жасап, қыз жасауын не үшін берген, басқа да салттардың мәні неде? Тақырыпты тың көзқараспен зерттеп жүрген антрополог, Цюрих университетінде антропология саласында PhD дәрежесін алған, InVision U университетінде әлеуметтану бағдарламасының директоры Динара ӘБДІЛДАМЕН тілдесіп, шетелде білім алып келген жас зерттеушінің ойына құлақ түрдік.
– Динара, құдалық, ұзату, үйлену тойы, беташар, алып қашу сияқты салт-дәстүрді терең зерттеп, бұл тақырыпты арнайы еңбегіңізге арқау еттіңіз. Бүгінде елімізде үйлену және басқа да тойларды өткізудің антропология тұрғысынан мәні неде, жалпы тойға шашылу қажет пе? Сол жайында айтып берсеңіз.
– Егер біздің қазіргі қоғамдағы мәселелерді, атап айтқанда, гендерлік теңсіздік, еңбектің теңдей бөлінбеуі, мысалы, үй шаруасына қатысты жұмыстарды әйел, еркектікі деп қарау, ата-ене мен келін арасында туындайтын түсініспеушілік, келінге міндеттелетін артық жүктеме, отбасындағы зорлық-зомбылық, жаңа түскен келінді дұрыс қабылдамау, алып қашу сынды фактілерді ескерсек, қазіргі дәстүрлердің, ұзату, беташар болсын, түрлі жоралғылардың жасалғаны дұрыс деп санаймын. Себебі бұл дәстүрлер арқылы, мәселен, үлкен той жасаумен қыз ұзататын ата-аналар қызды алып жатқан отбасыға өздерінің материалдық және моральдық деңгейі, қоғамдағы, туыстар арасындағы мәртебесі туралы символды түрде белгі береді. Ол ашық айтылмаса да, толық отбасынан шығып, артында тұрған үлкен әулет, іздеушісі, сұраушысы бар екенін, сыйлы жерден шыққанын білдіріп, қызды алып жатқан тарапқа өзінің беделін көрсету арқылы барған жерінде оған дұрыс қарауына алғышарт жасайды.
– Антропологияда далалық зерттеу жасау үшін 2014-2018 жылдар аралығында Алматы облысына барып, үйлену тойы туралы зерттепсіз. Бізде өңірлердегі той өткізу мен жалпы салт бойынша айырмашылық алшақ па?
– Антропологияның ең негізгі талаптарының бірі саланы соған қатысы бар адамдармен бірге өмір сүру арқылы зерттеу, олар қандай тілде сөйлейді, қандай мәдениеті бар, соның бәрін олармен бірге тұра отырып зерттеу жүргізеді. Докторантураның өзінде кем дегенде 1 жылдық далалық зерттеу болуы керек. Бұл жерде біз белгілі бір ауылды, аймақты ғана таңдап алуымыз керек. Негізі, өңірлерде той өткізу бір-біріне ұқсас келеді. Бірақ салт әртүрлі болады, әсіресе құдалық жасауда ерекшелік байқалады және үлкен тойға дейінгі жасалатын рәсімдерде айырмашылық бар. Қазір ұзату, сырға салу көбіне ырым түрінде жасалады. Мысалы, сырға салу ұзатудың ішіне кіріп кеткен. Ал бұрын, яғни Қазан төңкерісіне дейінгі сырға салуда қалың малдың көп бөлігі төленгенде, қызға «құда түсіп қойған» деген белгі ретінде құлағына арнайы сырға таққан. Бұл қазір ырым ретінде қалың малды алып келген кезде бірігіп кетті. Десе де атауы кәдесый ретінде сақталып қалды. Ұзатуда бұрын қызды атқа, түйеге отырғызып ауылынан алып кететін. Қыз анасымен, жеңгесімен бірге сәукеле тігетін. Ал қазіргі ұзату бизнес-индустрия ұсынатын шоуларға қарай бейімделді.
– Қалың мал, кит беру сияқты салттың да мәнін ашып айтқан едіңіз.
– Қалың мал, кит беру де біраз өзгеріске ұшыраған. Қазан төңкерісіне дейін қалың мал малмен төленетін. Аты айтып тұрғандай, көп мал берілген. Оны туыстар әулет болып бөліп төлейтін. Қалың мал, көбі ойлайтындай, қызды сатып алу дегенді білдірмейді. Қыздың жасауын, қайтарылатын сыйлықтардың құнын ескерсек, кейде жасау құны қалың мал көлемінен көп шығады. Қазір қалың мал көбіне ақшалай түріне ауысқан, десе де кейбір өңірлерде оның құнын белгілеу үшін «бір жылқының құны» дейді. Кей жерде доллармен есептейді. Бұл – дәстүрдің заманға бейімделіп отыратынының дәлелі. Дәстүр үнемі өзгеріске ұшырайды, кит құрамы да жаңа трендтерге қарай өзгереді.
– «Егер бізде ресми институттар, мемлекеттің заңдары дұрыс жұмыс істесе, экономика дұрыстала берсе, адамдар туысына емес, көбірек ресми органдарға сенуге талпыныс жасайды. Үлкен той жасаудың қажеттілігі де біртіндеп азая беретін еді» депсіз. Неге?
– Той жасау – туыстарыңызбен қарым-қатынасты ұстап тұрудың бір жолы. Әсіресе, қазір адамдар жұмысбасты, бір-бірімен көп араласа бермейді, бұрынғыдай айтшылау, ескертпей қонаққа бара салу деген жоқ. Сондықтан той сияқты үлкен жиындарға сіз міндетті түрде барасыз, сыйлық жасағанда көбіне ақша түрінде бересіз, сіз берсеңіз – келесі жолы сіздің туысыңыз да тойыңызға тура солай қайтаруға тырысады. Сондықтан сыйлық жасау, тойға шақыру арқылы адамдардың формалды емес байланысы сақталып тұрады.
– «Кейбір дәстүрді адамдар ақшасы бар болғандықтан құрастырған. Ақшасы бар екенін тікелей айтпағанымен, кеткен шығынды басқа бір дәстүрді құрастыру арқылы қоғам алдында ақтап алады. Дәл сол дәстүрді ойлап тапқан адамның түсіндірмесі бір болуы мүмкін, бірақ басқалар оны өзінше пайымдап, жаңа түсініктеме беруі мүмкін». Бұл қалай?
– «Дәстүрді ақшасы бар адамдар жасайды» дегеніме менің зерттеуімде жауап бар. Елімізде ұзатудың бөлек той ретінде жасала бастауы экономикалық реформалар жүзеге асып, Қазақстанда экономикалық «бум» болған кезге сәйкес келеді. Мысалы, 2000 жылдар, сол жылдары елдің бүкіл өңірінде ұзатуды тойлау мейрамханаларға ауысты. Оны ауыстыратын адамдардың ақшасы көп болды. Мұны басқа адамдар көріп, бірден іліп әкетті. Екінші талпыныс 2015 жылдары жасалды. Экономика тұрақты болып тұрған кезде мен зерттеу жүргізген өңірде бір үш отбасы беташарды бөлек той ретінде жасамақшы болды. Бай отбасылардың шақыратын адамы да, танысы да көп болады. Бәрін бір шақыру үшін сол өңірде мейрамхана шағын еді. Сондықтан адамдары сыймай, екі той жасаймын деп шешті. Алайда халық «ненің шашылуы» деп сынайды. Сол сөзден қашу үшін олар беташарды мейрамханада жасап жатырмыз деп ақталды. Алайда бір жылдан соң девальвация басталып, экономика төмендеп кетті. Сөйтіп халық әлгі үшеудің соңынан еріп кете алмады. Болмағанда беташар бөлек той ретінде бөлініп шығуы мүмкін еді деп ойлаймын.
– Зерттеулеріңізге қарасақ, тойдың, жалпы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың рухани жағынан гөрі экономикалық мәні көбірек болғаны байқалады.
– Тойларды бұған дейін рухани, тәрбиелік, танымдық жағынан зерттеулер көп. Ал мен зерттеулерімде тойды экономикалық және әлеуметтік антропология тұрғысынан қарастырдым. Сол себепті фокусым адамдардың әрекетін, оларға қандай факторлар әсер ететінін түсіндіру болды. Бұл зерттеуім қазір диссертация түрінде университеттің цифрлық кітапханасында блокта тұр, себебі оны кітапқа айналдырып басып шығу жоспарда бар. Central Asian Survey журналында алып қашу туралы кішігірім мақалам шықты. Қорыта келе айтарым, той – қоғамның айнасы. Қоғам, қоғамның өзекті мәселелері түзелсе, тойдың форматы да түзеледі.