«Таза Қазақстан» – тұрғындар таңдауы

«Таза Қазақстан» – тұрғындар таңдауы
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана күзі. Жел ұшырған жапырақтар қалқып барып қалаған жеріне қонақтап жатыр. Қызық. Көшеде жүрген астаналық ағайын күзді асыға күткен іспетті. Неге десеңіз, жүзінен салқындық байқалмайды. Өздері тұратын қаланың күн санап абаттануына атсалысып жүр. Әр сенбі сайын кетпенін қолына алып, қаланың әр бұрышында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысқан көпшіліктің қайсысы болмасын қаланың тазалығы маңызды дейді. Рас. Астананың таңы атып, күні батқан аралықта елорда тұрғындары қаланың еңсесі биік болғанын қалайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экология акциясы аясындағы іс-шарада сөйлеген сөзінде: «Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйің­нен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады. Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар – азаматтық міндет. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша. Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек» деген еді.

Мемлекет басшысының сөзі жастарға қамшы болды. Әр сенбі сайын елорда жастары тынбай еңбек етуге кірісті. Соның нәтижесі жаман емес. Күн қолайсыздық танытқанымен, қала тұрғындары қарап жатқан жоқ. Қаланы қоқыстан тазартуға күш салып, тал-терек егіп, көшенің жасылдануы үшін жаппай іске кіріскен.

– «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы – жақсы жобалардың бірі. Неге десеңіз, «Тазалық – денсаулық кепілі» екенін бұрынғылар айтып кеткен. Бұл жоба бойынша Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жобасының мақсаты елімізді көркейту, жұртымызды ортақ іске жұмылдыру арқылы ынтымақ-бірлігімізді күшейту деген болатын. Сол үрдіс жалғасын тауып жатыр. Біз әріптестерімізбен бірлесе отырып, сенбілікке қатысып жүреміз. Дене шынығады. Бұл бір жағынан денсаулыққа пайдалы; екіншіден, қаланың тазалығы біз үшін аса маңызды екенін айтқым келеді. Жаппай қала тұрғындарының қатысып жатқаны да қуантады. Себебі қала ортақ, Астана – өзіміздің бас қаламыз. Ал сол бас қаламыздың айнадай таза болуына біз жауапты болсақ, бірлігімізді көрсете алсақ жаман болмағанымыз, – деп ағынан жарылды «Ауыл» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Ұлан Әбдіханов.

«Таза Қазақстан» – жалпыұлттық сипатқа ие болған бастама, бұл – халқымыздың саналы түрдегі таң­дауы. Мұны Мемлекет басшысы үне­мі айтып келеді.

– «Таза Қазақстан» жобасы тұрғындардың өз таңдауы деп айтар едім. Себебі біз күнделікті отбасымызбен тазалыққа аса ден қойып қараймыз. Балаларым да үйренген. Аула ішінен бастап көшеге дейін тазартып қояды. Сенбі сайын тыным таппаймыз. Бұл өзіміз үшін, денсаулығымыз үшін аса маңызды. Келген қонақтар да Астананың тазалығына тамсана қарайды. Сол бізге күш береді, – деді Астана қаласының тұрғыны Баубек Қажығалиев.

Қаланың тазалығына атсалысқан колледж ұстаздары да күн сайын оқу орнының маңын тазартып, ауланың ажарлануына барын салып жатыр. Бұған Техникалық колледж директорының сөзі дәлел.

– Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдау мақсатында колледжімізде әр бейсенбі сайын қызметкерлер мен студенттер оқу орнының аумағын абаттандыру мен тазалық жұмысын ұйымдастырады. Бұл тазалықты сақтаумен қатар, жастардың бойына еңбекқорлықты, жауапкершілікті және туған жерге деген жанашырлықты қалыптастырады. Біз жастарды осы құндылықтарды берік ұстануға тәрбиелеп келеміз, – дейді Астана қаласы әкімдігінің Техникалық колледжінің директоры Абай Құрманқұлов.